Өзгеру – өмір талабы. Ендеше, Nur Otan партиясының өзгеруі де заңдылық. Көпшіліктің күткені де осы.
Бұл – биліктің партиясы. Бірақ осы бір басымдықты партия елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында дұрыс пайдаланған емес. Сондықтан жаңарған партиядан халық көп үміт күтеді.
Партия ендігі жерде жаңа принциптерді ұстануы керек. Бұл жерде партия мүшелерінің саны емес, сапасы үлкен маңызға ие. Партия билік пен бұқараның арасына шын мағынасында алтын көпір болуы керек. Яғни бұрынғыдай мемлекеттік қызметшілерді, мұғалімдерді, бюджеттік сала қызметкерлерін мәжбүрлеп, міндеттеп партияға қабылдаудың қажеті жоқ. Бұл ұшпаққа шығаратын жол емес. Адамдар партияға саяси көзқарасына байланысты өз еркімен келуге тиіс.
Мен бұл партияның мүшесі емеспін. Бұған дейінгі бастамаларын да аса бір қолдаған жоқпын. Ол енді басқа әңгіме. Десе де елдің азаматы ретінде ендігі жерде оң өзгерістер күтемін. Партияға мүше болу әдепкі дүние емес, абыройлы қадамға айналуы керек. Яғни партияға мүше болып қабылданатын әрбір адам «ләббай, тақсырлап» емес, елді, қоғамды өзгерте алатындай нақты мақсат-мүддемен, ұсыныс-тілекпен келуі керек.
Партия халықпен тығыз жұмыс істеп, ел ішіндегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге белсене араласуы керек. Ол үшін Парламенттегі, жергілікті мәслихаттардағы ықпалын тиімді пайдалануы керек. Егер партия бұрынғы қалпынан өзгермей жұмыс істесе, бюрократиялық кедергілермен күреспей, халықтан алыстай берсе, болашағы да бұлыңғыр болмақ.
Дәл қазіргі уақытта Amanatqa шынайы халықтық партияға айналатын тамаша мүмкіндік туып тұр. Соны дұрыс пайдаланады деген ойдамыз.
Талғат ДЕМЕСІНОВ,
экономист