Көктем келіп, күн жылынған сәттен бастап шаруалар қайтадан қарбалас тіршілікке кіріседі. Бұл мезгіл ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қолайлы кезең. Асыраушы саланы ілгерілету арқылы экономикалық өсімге қол жеткізуге болады. Десе де, көктемгі дала жұмыстарын ұйымдастыру, егістік алқаптарды сумен қамтамасыз етудің өзіндік қиындықтары бар. Сол сияқты, өнім сапасын арттыру да – күн тәртібіндегі мәселенің бірі. Егістік алқабын кеңейту де күрделі мәселе. Алайда ауылшаруашылық саласының жұмысына ауа райының да әсері болмай қоймайды. Жамбыл өңірінде де бұл мәселе өзектілігін жойған жоқ. Тиісті шешімдер қабылданып, жұмыстар жүйелі атқарылып жатқанымен, күрделі мәселелер де бар...
Техника тапшылығы шаруаларды тығырыққа тіреді
Қазіргі таңда Жамбыл облысының Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов және Шу аудандарында көктемгі дала жұмыстары басталып кетті. Жоспар бойынша биыл 101,9 мың гектарды игеру керек болса, бүгінде 2,1 мың гектар жерге айдау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Т.Рысқұлов ауданында 545 гектар алқапқа жаздық масақты дақылдар себілген. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұловтың айтуынша, көктемгі дала жұмыстарына қажетті 77,9 мың тонна тұқым толықтай дайын. Сонымен қатар көктемгі дала жұмыстарына 7 317 дана ауыл шаруашылығы техникасы қатысатынын жеткізді. «Биыл шаруашылықтарға ақпан-мамыр айларына жалпы 10 920 тонна кепілдендірілген дизель отыны 194-208 теңге аралығында бөлінуде. Биыл 52,4 мың тонна минералды тыңайтқыш егістік алқаптарға себіліп, 46,6 пайызға тыңайту жоспарлануда. Бүгінге 59 шаруашылық тарапынан түскен өтінімге сәйкес, «Аграрлық несие корпорациясымен» көктемгі дала жұмыстарына берілетін несие көлемі 437,1 млн теңгеге жетті. Басқарма басшысы ағын суды тиімді пайдалану және суармалы судың шығынын азайту мақсатында су үнемдеу технологияларын тиімді пайдаланып жатқанын да жеткізді. Сондай-ақ былтыр су 40,5 мың гектарға жеткізілсе, келесі жылы 50 мың гектарға жеткізілетінін айтып, уәде берді. Бұл ретте су үнемдеу технологияларының көлемін ұлғайту мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, 2022-2030 жылдары 52 мың гектарға Valley компаниясының 1 мың бірлік жаңбырлатып суару қондырғыларын лизингке беру арқылы енгізу көзделуде. Аталған компания тарапынан биыл 50 жаңбырлатып суару қондырғысы 2,6 мың гектар алқапқа орнатылады. Бұл арқылы жылдағыдан да мол өнім алу жоспарланып отыр.
Мәселен, былтыр Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы саласында 426,6 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, биыл бұл көрсеткіш 469,8 млрд теңгеге жеткізілмек. Сонымен қатар Ербол Жиенқұлов өткен жылы асыраушы саланың негізгі капиталына 29,6 млрд теңге инвестиция тартылғанын да айтты. Ал биылғы инвестиция көлемін 46,7 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр.
«Өткен жылы 1 275 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары алынып, 10,5 пайызға жаңарды. Биыл оны 11 пайызға жеткіземіз. Сонымен қатар 19,2 млрд теңгені құрайтын 18 жоба іске асырылып, 595 жаңа жұмыс орны ашылды. Енді жылдың соңына дейін құны 27,7 млрд теңгені құрайтын 16 жобаны жүзеге асырып, 599 жұмыс орнын құрамыз», дейді ол.
Әрине, мұның бәрі жақсы. Алайда жергілікті шаруалар ескі техникамен амалдап жүргендерін айтуда. Мәселен, Байзақ ауданындағы «Ақылжан-2017» ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы Асылбек Мейірхановтың айтуынша, комбайнның тапшылығы егін шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге айтарлықтай қолбайлау болып отыр. Сол сияқты Жуалы ауданындағы «Төлеген» шаруа қожалығының төрағасы Мейірбек Төлегенов те ескі комбайнмен бүгінге дейін жұмыс істеп келе жатқанын жеткізді. Әкімдік шаруаларға егін егуді жылда міндеттегенімен, техника тапшылығы шаруаларды тығырыққа тіреп тұр. Бұл ретте өңірде техника мәселесі әлі де өзекті екенін көруге болады.
Су қоры былтырғыдан төмен
Көктем келсе, өңірде әуелі су мәселесі көтеріледі. Облыс бірнеше жылдан бері су тапшылығын бастан кешуде. Бүгінде «Жамбыл су қоймалары» мекемесінің теңгерімінде 105 су қоймасы бар. Аталған су қоймаларының 35-і егін шаруашылығына пайдаланылса, 27 су қоймасы балық және егін шаруашылығына пайдаланылады. Сондай-ақ бірқатар су қоймасы өзектерді сумен қамтамасыз ету және экологиялық мақсатқа да жарайды. Былтыр өңірдегі су қоймаларына нақты 116 млн текшеметр су жиналып, барлығы 8 278,8 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер сумен қамтылған. Сонда да су мәселесі талай шаруаны сергелдеңге салған еді.
Биыл да бұл мәселенің алдын алу керек болып тұр. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жарылқасын Айтақов қазіргі уақытта су қоймаларына су толтыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын, бүгінгі таңда аудандарда орналасқан су қоймаларына орта есеппен көлемі 51,24 млн текше метр су жиналғанын атап өтті. Алайда, бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 25 пайызға төмен. Басқарма басшысының орынбасары оның себебін ауа райымен байланыстырады.
«Себебі өткен жылға қарағанда жауын-шашын биыл 32 пайызға аз және бұл облыстағы каналдардың жөндеу жұмыстарына әсерін тигізуде. Десе де суармалы маусым кезеңіне судың жиналуын 80 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Жалпы, соңғы жылдары біздің аймақта су тапшылығы қатты сезілуде. Өңірдің су қорының 80 пайызға жуығы көршілес Қырғыз Республикасына тәуелді. Сондықтан облыстағы ішкі резервтегі су көздерін толық пайдалану үшін 2021-2022 жылдарға арналған «Жамбыл облысының су қоймалары мен тоғандарды қалпына келтіру және жаңадан соғу бойынша іс-шара жоспары қабылданған», деді ол.
Қазіргі кезде облыс аумағында қалпына келтірілетін 10 су қоймасы мен бөгеттер анықталған. Сонымен қатар 8 су қоймасы жаңадан салынуға тиіс. Жалпы, аталған су қоймалары қалпына келтірілген және салынған жағдайда облыс көлемінде қосымша 10,65 млн текше метр су жиналып, 2 411 гектар суармалы жер алқабы айналымға қайта қосылады деген болжам бар.
Жамбыл облысы