Облыс орталығымен іргелес жатқан Жамбыл ауданында оң шешімін күткен мәселе көп. Ауданға қарасты Көлқайнар ауылдық округінде ел игілігі үшін бірқатар жұмыс атқарылғанымен, алда атқарылуға тиіс шаруалар бұдан да ауқымды.
Бұл күнде ауылдықтар Тараз қаласынан төгілетін шайынды сулардың төгілетін орны мен қоқыс алаңына алаңдаулы. Талай жылдан бері қаланың қажетсіз суы осы ауыл маңына төгіледі. Аталған мәселе әкімдердің есепті кездесулерінде жиі көтерілгенімен, шешімін таппай келеді. Шайынды су мен қоқыстың қолқаны қапқан күлімсі иісі, әсіресе күн жылынғанда тұрғындарға маза бермейді. Енді санаулы күндерден кейін күн жылынатынын ескерсек, бұл мәселенің өзектілігі тағы да арта түседі. Аудан басшылары шеше алмаған мәселені көпшілік қайта көтеріп, енді облыс әкімінен көмек сұрап отыр. Сонымен қатар ауылдықтар көше мәселесін де көтеруде.
«Ауыл көшелеріне асфальт жабыны төселсе деген тілек бар. Ес білгелі ауылда 95 үй бар еді. Сол көбеймей-ақ қойды. Жастар үй салатын жер болмаған соң қалаға көшіп кетуде. Неге әкімдік ауыл іргесінен тұрғын үй салатын жер бөлмейді?» дейді ауыл тұрғыны Мұрат Жұмабаев.
Мұнда жағдай болмаған соң бұл күнде ауыл жастары қалаға жиі көшетін болған. Осы мәселеге алаңдаған тұрғындар енді аудан басшылығы жас отбасылар үй салатын жер қарастырса дейді. Бүгінгі таңда ауылдықтар үшін ең күрделі мəселе жер болып отыр. Облыс әкімі аудан әкіміне жылда мал басын көбейту туралы тапсырма бергенімен, қазіргі кезде ауыл маңында жайылымдық жер жоқ. Малға қажетті жер табу қиын. Ал пайдаланылмай жатқан егістік жерлер мен басқа да алқаптарды мемлекетке кері қайтарып алу жұмыстары баяу жүруде. Жерді жекешелендіріп алған кәсіпкерлердің көбі жерді не өзіне, не өзгеге жоқ қылып отыр. Сондай-ақ Бектемір Маденбаев, Бақыт Жабынов және өзге де ауыл тұрғындары жаңа салынған үйлерді газға қосу және ауылдан спорт кешенін салу туралы да айтты. Ауылдың бүгінгі ахуалына алаңдаған көпшілік аталған мәселелер алдағы уақытта оң шешімін табады деген үмітте.
Қазіргі кезде күрделі мәселе болып отырған жайылым мəселесі өңірдегі барлық ауылда бар. Ал күні кеше ғана тағайындалған аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлынан халықтың күтетіні көп. Алайда жаңа әкім осы уақытқа дейін сол ауданда әкімнің орынбасары болып талай жыл жұмыс істесе де, ауылшаруашылық саласына басшылық жасаса да бұл мәселені шешпеген. Дегенмен ауылдықтардың әлі де үміті зор. Бірақ талай жылдан бері түйткілді мәселе болып келген шайынды сулардың мәселесін шешу үшін биологиялық тазарту орталығын салуға аудан түгілі, облыстың күші жетпей отыр. Сондықтан да Жамбыл облысының әкімдігі аталған мәселені шешуге республикадан көмек сұрауда.
Ал Көлқайнар ауылдық округінің әкімі Асылбек Қонаровтың айтуынша, округте ауыл шаруашылығы мақсатындағы 5 167 гектар егістік, 1 749 гектар жайылым және 552 гектар шабындық жер бар. Өткен жылы 2 073 гектар алқапқа егін егіліп, одан 17 507 тонна өнім жиналған. Жақсы өнім жинау үшін 62 шаруа қожалығына «Қапал» және «Талас-Аса» каналдары арқылы 6 млн 976 мың текше метр су берілген. Осы жылдың өнімі үшін 100 гектарға күздік бидай себіліп, көктемгі егіске дайындық барысында 1 200 гектар алқапқа сүдігер көтеріліпті. Сондай-ақ ауылдық округте мал басы жыл өткен сайын артуда. Есепті кезеңде мүйізді ірі қараның өзі 400, қой-ешкі 900 және жылқы 76 басқа өскен. Көлқайнар ауылдық округіне қарасты 5 елді мекеннің тұрғындары да негізінен мал асырап күнелтеді. Бірақ төрт түліктің бабын табу үшін тағы да жайылым мәселесі алдан шығады. Ал бұл мәселені жуық арада шешу оңай болмай тұр.
«Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі нормаларына сәйкес қажеттілікті есептеу кезінде ауылдық округ бойынша жайылымдық жер тапшылығы 14 002 гектарды құрады. Оның ішінде Еңбек ауылында 1 986 гектар жайылым жетіспейді. Ауданның жер қорынан елді мекендерден 5-7 шақырымдық радиуста жайылымдық жерлерді конкурс арқылы беруге тыйым салынды. Карта бойынша елді мекендерден 5 шақырым аймақта 1 002 гектар жайылымы бар 17 шаруа қожалығы анықталған. Олардың барлығына да ескерту хабарлама берілген. Округ аумағында «Аса Даму» және «Ел-Даулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Қызыл-Дихан қожалығы» өндірістік кооперативі және 167 шаруа қожалығы мен 8 шағын кәсіпкерлік нысан жұмыс атқаруда», дейді Асылбек Қонаров.
Сонымен қатар Көлқайнар ауылдық округінің әкімі 4 елді мекеннің ауыз сумен қамтылғанын да жеткізді. Енді Көлқайнар ауылындағы 18 ауланы ауыз сумен қамтуды жеңілдетілген жолмен ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ ауылішілік газ құбырларының құрылысы жүргізіліп, аяқталған. Әкім енді ауыл тұрғындарының көтерген мәселелері бойынша да алдағы уақытта тиісті жұмыстар атқарылатынын айтты.
Жамбыл облысы