• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Наурыз, 2022

Тұрақты жұмыс орындары құрылады

350 рет
көрсетілді

Биыл елімізде Индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 1,4 трлн теңгені құрайтын 90 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Өндіріс ошақтарында 10,8 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.

Тарқата айтсақ, тамақ өнеркәсібінде – 20 жоба, құрылыс индустриясында – 13 жоба, химия өнеркәсібінде – 7 жоба, металлургияда – 11 жоба, мұнай өңдеу саласында – 5 жоба, фармацевтикада – 5 жоба, машина жасау саласында – 15 жоба, жеңіл өнеркәсіпте – 7 жоба, ағаш өңдеу саласында – 4 жоба, басқа салаларда 3 жоба жүзеге асырылмақ.

Жобалардың басым бөлігі Ақмола, Қостанай және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларында іске қосылмақ.

Негізгі жобалардың қатарында Атырау облысындағы газ-химия кешені бар. Интеграцияланған газ-химия кешені жылына 629 мың тонна пропан өңдеп, 500 мың тонна полипропилен шығарады.

Ірі жобалардың қатарына Шымкенттегі алюминий банкілерін өндіретін зауытын қосуға болады. Жоба «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – ішкі нарықты жергілікті өндіріс тауарларымен қамтамасыз ету. Жаңа зауыт сусындарды құюға арналған әртүрлі көлемдегі оңай жабылатын қақпақтары бар алюминий құтыларды шығарады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 500 млн құтыны құрамақ.

Саран қаласында орналасқан шина өндіру зауытын да атап өтуге тиіспіз. Зауыт жеңіл, жеңіл жүк және жүк шиналарын шығарады. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 3,5 млн шинаны құрайды. Кәсіпорын заманауи жабдықтармен жабдықталған.

Бұдан бөлек, Түркістан облысында мұнай өңдеу зауыты салынбақ. Зауыттың қуаттылығы жылына 1 млн тонна өнімді құрайды.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында май экстракциялық зауытын салу жоспарланған. Комбинат өңірдегі ауқымды инвестициялық жобалардың бірі. Зауыт жылына 300 мың тонна дайын өнім шығармақ. Жобаның құны – 28 млрд теңге.