Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков наурыздың 3-і күні Орал қаласында Батыс Қазақстан облысының құтқарушыларына жауынгерлік ту табыс етті, деп жазады Egemen.kz.
Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында өткен салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Марат Күлдіков облыстың бас құтқарушысы Ернұр Өтегеновке кәсіби ерлік, құрмет пен батылдықтың символы – жауынгерлік туды табыс етті.
«Мемлекет басшысы азаматтардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөледі. Бұл үшін біз төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша міндеттерімізге адал болуымыз керек. Өткен жылдың қазан айында Президент Жарлығымен министрліктің және оның аумақтық бөлімшелерінің символы ретінде Ту бекітілді. Тәуелсіздік жылдарында құтқарушылардың өз өмірін қиып жасаған ерлігі жетерлік. Сондықтан бүгінгі күн Департаменттің барлық ұжымы үшін айтулы оқиға», деді Төтенше жағдайлар вице-министрі.
Кездесу барысында министр орынбасары жеке құрамға Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Төтенше жағдайлар министрі Ю. Ильиннің тапсырмаларын жеткізіп, министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыс жөнінде айтып берді. Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер өз сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды. Жиын аяқталған соң Марат Күлдіков бірқатар өрт сөндіру бөлімдерін аралап шықты.
Айта кетейік, 2022 жылғы 3-4 наурыз аралығында республикалық «Көктем – 2022» командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтіп жатыр. Жаттығудың мақсаты – төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою кезінде Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің іс-қимылдарын тексеру.
Биыл республикалық оқу-жаттығу штабы Батыс Қазақстан облысында орналасқан. Қазір орталық мемлекеттік органдар мен Төтенше жағдайлар министрлігінің жауапты мамандары облыс аумағында жүр. Аталған оқу-жаттығуларға Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының 5517 әскери бөлімі, азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдары жұмылдырылған.
Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, шараға 2381 адам, 732 техника, 68 жүзу құралы қатысуда. Оқу-жаттығуларға «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемелері де тартылған.