Елордада Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиын барысында өткен жылдың қорытындылары, биылға арналған жоспарлар талқыланды. Отырысқа Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, үкіметтік емес және діни ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің және БАҚ өкілдері қатысты.
Отырыста Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров 2021 жылдың негізгі қорытындылары мен ведомствоның 2022 жылға арналған міндеттері туралы айтып берді. «Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2021 жылы ауқымды жұмыс атқарды. Сонымен бірге заман өзгерісіне сай Мемлекет басшысы мен Үкімет министрліктің басым бағыттарын жаңа форматта іске асыруды тапсырды. Министрлік 2021 жылы азаматтық қоғаммен қарым-қатынасқа тың серпін берді. Осы орайда Қазақстанның Азаматтық форумының мерекелік оныншы жиынын ерекше атап өткен жөн. Іс-шара билік пен қоғам диалогінің маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді. Форум барысында үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, бизнес және жалпы азаматтық сектор өкілдерінен мыңнан аса ұсыныс пен ұсыным келіп түсті», деді министр.
Ведомство басшысының айтуынша, 2021 жылы «Қоғамдық кеңестер туралы» заңға түзетулер енгізілді. Заң қоғамдық кеңестердің өкілеттіктерін айтарлықтай күшейтті. «Мәжіліске қоғам өкілдерімен талқылаудың барлық кезеңінен өткен «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы енгізілді. Үкіметтік емес ұйымдарға грант беру ережелеріне өзгеріс енгіздік. Халықтың сұранысын ескеріп, оны алғаш рет жалпы талқыға салдық», деді А.Омаров.
2021 жылы «Үкіметтік емес ұйымдар Академиясы» жобасы жалғасын тауып, соның аясында былтыр 800-ден аса азаматтық сектор өкілі оқытылғаны мәлім болды. Жалпы, министрлік Үкіметтік емес ұйымдармен бірге түрлі жобаларды іске асырып жатыр. Жыл сайын республика бойынша әлеуметтік маңызы бар 2 мыңға жуық жоба қолға алынады екен.
А.Омаров өз баяндамасында 2022 жылы министрліктің барлық бағыты бойынша жұмыс ақпарат саласын дамыту және азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіруге бағытталатынын атап өтті. Осылайша, ол 2021 жылы өткен Қазақстанның X Азаматтық форумының қорытындысы бойынша ҮЕҰ, БАҚ, бизнес және жалпы азаматтық сектор өкілдерінен 1000-нан аса ұсыныс пен ұсынымдар келіп түскенін атап өтті. Министрдің айтуынша, қоғамнан келіп түсетін барлық сындарлы ұсыныс назардан тыс қалмайды және олар министрлік пен басқа да мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан егжей-тегжейлі зерделенеді.
Министрлік биыл азаматтық қоғамды дамыту тетіктерін жетілдіруге басымдық беріп отыр. Ең алдымен, үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру тетіктері жетілдіріледі. Тиісті заң жобасы әзірленген. Құжат үкіметтік емес ұйымдар мен халықтың қалауына сай келетін өзекті жобаларды ғана іріктеуге мүмкіндік береді. Осылайша, өзекті мәселелер нақты шешілмек.
Екіншіден, қоғамдық кеңестер жұмысының сапасын арттыру жоспарланып отыр. Осы мақсатта үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық белсенділер, БАҚ кеңінен тартылмақ. Сөйтіп мемлекеттік органдар мен өңірлер әкімдіктерінің қоғамдық кеңестері құрамы жаңартылмақ. «Үшіншіден, қайырымдылық пен волонтерлікті ынталандыруға және дамытуға екпін береміз. Осыған байланысты тиісті заң жобасын ұсындық. Заң қабылданғаннан кейін көтермелеу квоталары көбейеді. Осылайша, жұмысқа орналасқан волонтерлер саны айтарлықтай артады. Жалпы, биыл түрлі форматтағы 20 мыңнан аса іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Төртіншіден, ауылдық үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық белсенділердің бастамаларына 50 шағын грант беруді жоспарлап отырмыз. Яғни жергілікті қоғамдастықты жұмылдыру, ауыл бастамаларын дамытуда көшбасшыларды анықтау және ауыл тұрғындарының цифрлы және қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған шағын гранттар конкурсы ұйымдастырылады», деді министр.
А.Омаровтың айтуынша, ақпараттық сала – министрлік қызметінің маңызды бағытының бірі. 2021 жылы министрлік құқығы бұзылған журналистердің құқығын қорғау регламентін қабылдады. Құжат қоғам өкілдерімен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және тиісті органдармен бірлесіп мұқият талқыланған. Министрдің айтуынша, журналистерді аккредиттеудің жаңа қағидалары бекітілді. Саламатты өмір салтын насихаттайтын әлеуметтік жарнамаларды отандық телеарналарда көрсету қағидалары нақтыланды. Цифрлы телерадионы енгізу жобасын іске асыру жалғасты. Бүгінде 11 өңір цифрлы телевизияға толық көшкен. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында 73 медиа жоба іске асырылды.
А.Омаров Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2021 жылы отандық телесериалдар, деректі тарихи фильмдер өндірісін ұлғайтуға ден қойылғанын атап өтті. Телеарналардан Ахмет Байтұрсынұлы, Қаныш Сәтбаев секілді ұлт зиялылары туралы сериалдар көрсетіліп, көрермен көзайымына айналды. Әлеуметтік маңызы зор жобалардың арасында «Balapan» телеарнасы жанынан ашылған Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған анимация мектебінің жұмысын айтуға болады. Бұл жобаның іске асырылуы биыл да өз жалғасын табады.
Министр өз сөзінде қоғамдық сананы жаңғырту саласында алты негізгі бағыт жатқанын атады. «Былтырдан бастап бағдарлама өскелең ұрпақты, әсіресе оқушыларды және мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуге басымдық бердік. «Ұлттық тәрбие», Tiji және Nickelodeon арналарының балалар контентін қазақ тіліне аудару секілді ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Айтпақшы, Tiji және Nickelodeon қазақ тілінде жақында шығады, тұсаукесері өтеді», деді ведомство басшысы.
Оның мәліметі бойынша бұл бағыттағы басты басымдық – «Ұлттық рухани жаңғыру» және Жол картасы жобаларын сапалы іске асыру. «Бұл стратегиялық құжаттар Қазақстандық бірегейлік пен зияткерлік әлеуетті, мемлекеттік тілді дамытуға, ұлттың мәдени кодын сақтауға және ілгерілетуге, жастардың жан-жақты дамуы мен өзін-өзі танытуына бағытталған», деді ол.
Жалпы, биыл да алдымызда мемлекеттің ақпараттық жұмысы сапасын, отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілетін одан әрі дамыту міндеті тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің ақпараттық жұмысы деңгейін айтарлықтай көтеру қажет. Осыған байланысты мемлекеттік мекемелердің жұмысын БАҚ арқылы бағалау көзделіп отыр. «Биыл БАҚ саласын дамытуды БАҚ және ҮЕҰ өкілдерімен кеңінен талқыламақпыз. Бұл жұмыс ақпарат саласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоспары шеңберінде жүргізіледі. 2022-2023 жылдарға арналған оқыту жөніндегі арнайы жоспарды іске асыру жоспарланған. Бұл медиа мамандардың біліктілігін дамытуға, халықтың медиа және ақпараттық сауаттылығын қалыптастыруға бағытталған», деді А.Омаров.
Сонымен қатар мемлекеттік телеарналарды жетілдірудің жаңа тәсілдері әзірленгені мәлім болды. Мәселен, биыл 24 kz мемлекеттік телеарнасы жаңа форматта жұмыс істеуді бастап отыр. Бұл мемлекеттің ақпарат саясатты тиімді әрі сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Министрлік өкілі 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы іске асырылып жатқанын да хабарлады. Қазіргі таңда тұжырымдама аясында қоғамдағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін ынталандыру және ілгерілету жұмыстары жүргізіліп келеді. «Былтыр 24 желтоқсанда гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және әйелдер құқығын қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілгенін атап өткім келеді. Құжат БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2022-2025 жылдарға арналған бірнеше қарарын іске асыруға бағытталған. Өңірлерде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балалардың уақытша тұруына жағдай жасалған отбасын қолдау орталықтары жұмыс істейді. Орталықтар құқықтық, психологиялық, әлеуметтік, тұғын үй сұрақтары бойынша жан-жақты кеңестер береді. Сондай-ақ 2021 жылы «Мерейлі отбасы» конкурсын өткізу ережесіне өзгерістер енгізілді. Еліміздің 17 өңірінен 17 үлгілі отбасы жеңімпаз атанды. Олар туралы роликтер мен сюжеттер БАҚ пен әлеуметтік желілерде кеңінен таралды», деді министр.
Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Александр Данилов мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың жаңа тәсілдері туралы айтып берді. Ол ауыл жастарын және әлеуметтік осал жастарды әлеуметтендіру, кәсіби бағдарлау, жұмысқа орналастыру бойынша ұсынылған шаралар туралы мәлімдеді. «Қазір жастар саясатына қызығушылық та, жастар саны да айтарлықтай өсіп келеді. Бұл бір жағынан демографиялық статистика, оның ішінде Президенттің жастар санатына кіретіндердің жасын 35-ке дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасына да байланысты», деді вице-министр А.Данилов.
Вице-министр жастар саясатының бірқатар жаңа қағидасы әзірленгенін еске салды. «Бірінші кезекте, жастарды объект ретінде қарастыруға болмайды. Жастар – мемлекет үшін ең маңызды субъект, маңызды ресурс. Жастарды объект ретінде қарауды қойып, субъект ретінде санасу тәсіліне көшуге тиіспіз. Жастардың өзі де мемлекет олармен қандай тұрғыда жұмыс істеуі керектігін айтып, сұраныстарын жеткізе білуі керек. Бұл өте маңызды мәселе. Екінші маңызды міндет – атаулы жұмыс. Жастарға біржақты қарап, жалпылама қарым-қатынас орнату аздық етеді. Өйткені әр өңірдегі жастардың ұмтылыстары әр түрлі. Сондықтан жастар саясаты икемді, атаулы болуға тиіс», деді вице-министр.
Сонымен қатар «Қоғамдық келісім» РММ қызметі туралы Ғалымжан Құсманғалидің өз баяндамасында этносаралық қатынастарды дамыту саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтылды.
Сондай-ақ негізгі спикерлер арасында азаматтық қоғам өкілдері Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, Қазақстан Интернет қауымдастығының президенті Шавкат Сабиров сөз сөйледі. Олар Ақпарат және қоғамдық даму саласындағы өзекті мәселелерге тоқталып, өздерінің нақты ұсыныстарын айтты.