Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы аясында Қазақ радиосының әуе толқынынан «Абай жолы» роман-эпопеясының аудионұсқасы беріледі.
Аудиокітап форматындағы хабар наурыз айында басталып, қыркүйек айына дейін жалғасады.
«Мұхтар Әуезовтің дүниеге келгеніне биыл 125 жыл. Осыған орай тыңдаушыларға 2 наурыздан бастап «Абай жолы» роман-эпопеясын ұсынамыз. «Көкжиек» хабары аптасына 7 күн, сағат 21.00-де эфирге шығады. Кітапты Қазақ радиосының белгілі дикторы Аманжан Серіков дыбыстаған», дейді радиоарна басшысы Дулат Абибуллаев.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақ радиосының эфирінен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының аудионұсқасы, сондай-ақ Тахауи Ахтановтың «Боран», Хамза Есенжановтың «Ақжайық», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романдары мен Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек», Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», Қалихан Ысқақтың «Қоңыр күз еді», Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері», Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ», Шерхан Мұртазаның «Бесеудің хаты», Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» еңбектері мен Т.Әлімқұловтың әңгімелері де аудиокітап форматында әуе толқынынан берілген еді.