Президент Қ.Тоқаевтың төрағалығымен онлайн форматта өткен Nur Otan партиясының кезектен тыс XXII съезінің күн тәртібінде партияның Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу және Nur Otan партиясын жаңғырту мәселелері қаралды.
Съезде Мемлекет басшысы Nur Otan партиясының атауын Amanat деп өзгертуді қолдады. «Бұл еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең-байтақ жеріміз бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік, дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ел Президенті: «Amanat – ортақ мағынадағы центристік партия. Ол – әділдік партиясы, халық бірлігі партиясы, алға қарай нық қадам басу партиясы, халықтың пікірі мен арманын тыңдайтын және азаматтарымыздың мүддесі үшін әрекет ететін партия», деп, партияны жаңғыртуға арналған бірқатар басымдықты атап көрсетті. Олар: партия аппаратының тиімділігін арттыру, Мәжіліс пен Мәслихаттардағы фракция қызметін жандандыру, азаматтардың мүдделері мен партияның ашықтығын арттыру, партияішілік сайлауды өткізу құралдарының аясын кеңейту және әкімдер сайлауына белсенді қатысу, саяси кадрларды даярлау. Президент бұл айтылғандарды барынша қысқа уақытта жүзеге асырып, «дамудың жаңа кезеңінде партияға жаңа тұғырнама қажет. Бірақ негізгі құндылықтарымыз өзгермеуге тиіс», дей отырып, Орталық аппаратқа жұмыс тобын құрып, партияның жаңа тұғырнамасын әзірлеуді тапсырды.
Съезде партияны жаңғырту бойынша жүргізілетін жұмыстардың 7 бағыты айқындалды. Оның біріншісі – халықпен кері байланыс жасау құралдарының тиімділігін арттыру. Бұл ретте партияның орталық аппараты мен филиалдары жанындағы қоғамдық кеңестердің саны оңтайландырылып, құрамы жаңартылады, қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы проактивті форматқа ауыстырылады. Бүгінгі күні қоғамдық қабылдау бөлмелері халықпен араласып, олардың сұраныстарын орындауға бағытталған тиімді тәсілдердің бірі болып отыр.
Екінші бағыт – партияластар арасында ынтымақтастықты арттыру. Бұл ретте бастауыш партия ұйымдарымен (БПҰ) жұмыс күшейтіледі. БПҰ-ларды ірілендіру, олардың төрағаларын бағалау жүйесі мен рейтинг енгізіледі. Сонымен қатар жергілікті жердегі мәселелерді шешіп, партиялық жобаларды жүзеге асыру үшін партия жарналарының 20%-ы БПҰ-ға қайтарылады. Партияластарға халықпен жұмыс жасау дағдылары үйретіледі. Бұл ретте партия Төрағасы Саяси менеджмент академиясының жұмысын айтарлықтай күшейту туралы тапсырма берді. Бастауыш партия ұйымдары партияластардың ұйымшылдығын арттыру құралына айналады.
Үшіншісі – партияның жұмысында ашықтықты арттыру. Бұл үшін барлық деңгейдегі мәслихаттарда депутаттар қызметінің рейтинг қорытындылары жарияланатын болады. 2021 жылы партия депутаттарының рейтингі қанатқақты жоба ретінде жүргізіле бастаған болатын. Съезде партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов жобаның сынақтан өткенін, енді нәтижесі жарияланатынын айтты. Сонымен қатар ашықтықты арттыру үшін парияның мобильді қосымшасы іске қосылады, TALQYLAU пікірталас алаңқайы, партияның баспасөз орталығы құрылады.
Төртінші бағыт ретінде партиялық бақылауды күшейтуге мән беріледі. Бұл ретте Орталық аппарат Мәжілістегі партия фракциясымен және Үкіметпен бірлесіп, Сайлауалды бағдарламаның орындалуын тексереді және Парламент Мәжілісіндегі фракция отырысында Премьер-Министрдің қатысуымен Үкіметтің есебін тыңдайды. Ал мәслихаттардағы фракция отырыстарында аймақтық филиал төрағаларының – әкімдердің есептері тыңдалады. Бұл партияның электорат алдындағы уәделерін орындау талабын одан әрі күшейтеді.
Бесінші бағыт бойынша партияның бағдарламалық құжаттары қайта қаралатын болады. Бұл ретте партияның Жарғысына өзгерістер енгізіледі, 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» бағдарламасы жаңартылады, 2025 жылға дейінгі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы» қайта қаралады. Осының негізінде партия Төрағасының тапсырмасына орай негізгі құндылықтарымызды өзгертпей, партияның жаңа тұғырнамасы әзірленетін болады.
Алтыншы бағыт халықтың әр түрлі топтарымен жұмыс істеуге арналады. Осы уақытқа дейін «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Ұлттық мұра», «Жастар – Отанға», «Халыққа көмек» сынды 6 партиялық жоба жүзеге асырылып келеді. Алдағы уақытта ТАЗАLIKE, «Әлеумет», «Жаңа Қазақстанға арналған 30 инновациялық идея» атты жаңа жобалар іске қосылатын болады. Аталмыш жобалар қоғамдық көңіл күйді саралау мен әлеуметтік шиеленістің ықтимал ошақтарын анықтауға, сарапшылар мен белсенді азаматтардың ұсыныстарын жинақтауға бағытталады.
Соңғы жұмыс бағыты Jas Otan жастар қанатының жұмысын жетілдіруге арналады. Бұған дейін сайлау кезінде әйелдер мен жастарға арналған квота енгізілгені белгілі, соның нәтижесінде, 2021 жылы сайланған депутаттардың арасында жастардың үлесі артты. Мемлекет басшысының Jas Otan қатарына пайдалы қоғамдық қызметпен айналысуға дайын, жастар арасында сенімге ие көшбасшыларды тарту қажет деген тапсырмасына орай беделді жас көшбасшыларды ұйым қатарына шақыру жұмысы жүргізіледі. Сонымен қатар жас депутаттар корпусының қызметін жандандыру, Biz birgemiz және «Волонтер мектебі» волонтерлік ұйымдарын кеңейту, ауыл жастарының әлеуетін дамытуға бағытталған жаңа «Өрлеу» жобасын іске қосу, жастарды отансүйгіштікке баулитын «Қайсар» әскери-патриоттық жобасын жүзеге асыру жұмыстары мен креативті жас партия мүшелерінің әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беретін «Партияның контент-фабрикасы» жобасы қолға алынады. Партия қызметінде жастардың, соның ішінде NEET санатындағы жастардың проблемалық мәселелерін, оларды әлеуметтендіру әдіс-тәсілдерін анықтау бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Съезде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ел бірлігін нығайтып, Жаңа Қазақстанды құру бәрімізге ортақ міндет екенін айтты. Осынау асқаралы міндетті жүзеге асыру үшін ел болашағы жастардың әлеуетін арттыру – уақыт талабы. Партияның бағыт-бағдары айқындалды, енді жаңғырту жолындағы басымдықтардың орындалуына жауапкершілікпен аянбай еңбек етуіміз керек!
Мира БАЛТЫМОВА,
Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты