Бизнес саласының өкілдері кәсіпкерлікті жаңадан реттеу саясаты туралы заңды тағатсыздана күтіп жүргені анық. Президент бұл құжатқа былтыр жылдың соңында қол қойды. Енді бұл заң толыққанды жұмыс істей бастауы үшін Үкімет құқықтық актілердің тізбесін бекітуді көздейтін өкімнің жобасын дайындады.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша реформаның негізгі үш маңызды актісі бар. Оның біріншісі «Кәсіпкерлік саладағы міндетті талаптар тізіліміне» енгізілуге жататын салаларды айқындау туралы» Үкімет қаулысы болса, екіншісі – кәсіпкерлік саладағы міндетті талаптардың тізілімін жүргізу қағидалары, ал үшіншісі – кәсіпкерлік саладағы міндетті талаптар тізілімі. «Бүгінде актілер әзірленді, енді осы құжаттар негізінде келісу процесі жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты мемлекеттік органдар жобаларды уақтылы әзірлеу және қабылдауға белсенділік танытуы тиіс. Тізілімде реттеушілік актілердің жаңадан қабылданып жатқан саясатқа сәйкестігі тексеріліп, талдау жүргізіледі. Егер реттеуші орган осы талдауды мерзімде жүргізбеген жағдайда мұндай актілердің күші жойылады және тізілімінен шығарылады», дейді министрлік таратқан хабарламада.
Осының алдында ғана газетімізге берген сұхбатта «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров кәсіпкерлік саласын «таза парақтан» реттеу саясатының кәсіпкерлерге пайдалы тұсы көп екенін атап өткен еді. Оның айтуынша, бизнес саласында жүрген азаматтардың құқығы кейде заң аясында қорғалмаған болып шығады. Содан болып кәсіпкерлер біраз қиындықтарға тап болып жүр. Жаңа реттеушілік саясат осы мәселені оңынан шешуге тиіс. «Заң мемлекеттік реттеудің қағидаттары мен негізгі ережелерін белгілейді және бизнеске қойылатын талаптар қандай болу керектігін нақтылайды. Бұл заң болғандықтан реттеудегі қағидаттар міндетті түрде орындалады. Жаңа құжат ең алдымен кәсіпкерлердің мүддесін қорғайды. Оларға қандай да бір талап қоярда олардың жағдайы, ол талаптарды орындай алу мүмкіндігі, салмақ салмауы ескеріледі. Бұған қоса, мемлекет тарапынан бизнесмендерге бір жаңа талап енгізілген жағдайда қолданыстағы екі талап жойылып отырады», деген еді Е.Өстеміров.
Талап демекші, Үкімет бекіткен тізілімде белгілі бір талаптар күшін жойған болса, онда кәсіпкерлер сол талаптарды бұзғаны немесе уақытында орындамағаны үшін ешқандай әкімшілік жауапкершілік арқаламайды.
Министрлік өкілдеріне сенсек, бизнесті «таза парақтан» реттеуді енгізу жұмыстарының 2022-2023 жылдарға арналған жоспар-кестесі дайын тұр. Кәсіпкерлікті реттеудің жаңа тәсілдеріне оқыту үшін сарапшылар құрамы да бекітілген. Оқыту бір ай бойы жүргізіледі. «Биылғы наурыздың соңына дейін мемлекеттік органдар жұмыс топтарымен бірлесіп, тізілімге енетін салалар бойынша реттеу актілерінің тізбесін нақтылайды. Ал 30 наурыздан бастап жаңа реттеушілік саясатқа қолданыстағы қандай талаптар сәйкес келетініне талдау жүргізіледі. Бүгінгі таңда бизнес-омбудсмен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, реттеуші актілерді зерттеу жұмыстары жүргізілді. 2021 жылы алдын ала 424 құқықтық актілер қаралды, онда шамамен 17 558 талап белгіленген, оның 40%-дан астамы жаңа тәсілдерге сәйкес келмейді», дейді ҰЭМ баспасөз қызметі.
Сондай-ақ заңда мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін өзгерту көзделген. Министрлік тексерулер жүргізу кестелерін құру кезінде болуы мүмкін тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыруды заңнамалық тұрғыдан бекітпекші. Бұл норма 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. «Мұндай автоматтандыру бизнестің проблемалық субъектілерін ретке келтіруге және шоғырландыруға, заңға бағынатын кәсіпкерлерге әкімшілік қысымды төмендетуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы кәсіпкерлермен кездесуде мемлекеттік бақылау жүйесін автоматтандыруды аяқтауды тапсырды. Бұл шаралар осы тапсырманы орындауға мүмкіндік береді», дейді министрлік өкілдері.