S&P халықаралық рейтинг агенттігі Ресейдің шетел валютасындағы ұзақ мерзімді тәуелсіз кредиттік рейтингін «ВВ+»-тен «CCC-»-ке дейін және ұлттық валютадағы ұзақ мерзімді рейтингін «ВВВ-»-тен «CCC-»-ке дейін төмендетті, деп хабарлайды Egemen.kz ТАСС-қа сілтеме жасап.
Рейтингтер теріс болжаммен CreditWatch (қайта қарау рейтингі) тізіміне енгізілген. S&P агенттігінің мәліметінше, халықаралық санкциялар Ресейдің қолжетімді валюта резервтерін, соның ішінде АҚШ, ЕО және Жапонияда тіркелген шетел валютасындағы депозиттер мен бағалы қағаздарды қысқартты, бұл шетел валютасына сұраныстың өсуі кезеңінде елдің сыртқы өтімділігін әлсіретті.
«Біз жария ақпараттан және баспасөз хабарламаларынан капиталдың қозғалысын бақылау жөніндегі шаралар трансшекаралық қаржы ағындарына, оның ішінде жеке сектордың да, мемлекеттің де борышына қызмет көрсету жөніндегі төлемдерге тыйым салуға әкеп соғатынын түсінеміз. Бұл ұлттық және шетел валютасындағы облигация ұстаушылардың - резидент еместердің пайыздарды және/немесе қарыздың негізгі сомасын уақытылы алу мүмкіндігін шектейді деп ойлаймыз», делінген хабарламада.