Күн құланиектеніп атып келе жатқанда биік көктен билеп ойнап ақ ұлпа қар жауған. Төңіректің бәрі көзқарықтырардай аппақ-ау, аппақ. Кіршіксіз, аппақ әлемде Ирина Харламова өзі жұмыс істейтін балабақшаға аяғы жерге тимей асығып келеді. Ежелден табиғаттың осындай бір тазалығын ұнататыны бар. Жан тазалығына, ар тазалығына ұқсас көркем көрініс көкіректегі пейіліне тым жақын, тым ыстық.
Ирина Владимировна шуақ атаулыны ет жүрегі елжірей сүйеді, әсіресе, адамдардың бойынан себезгілейтін шуақ нұрын, жан дүниесіне қуат берер сәулені. Өзі де жақсы мен жайсаңның алақан жылуын, жүрек жылуын көп көрген. Сол үшін де шын пейілден ақ алғысын айтудан жалыққан емес.
Тұл жетім Ирина Владимировна үшінші сыныпқа дейін жамағайын тәтесінің қолында болды. Содан соң Ақкөлдегі балалар үйі. Бала көңіл тұл жетімдіктің не екенін жете түсіне қойған жоқ. Өзі тәрізді жеткіншектер көп екен. Бірден бауыр басып кетті. Өйткені кеудесінен кері итеретіндер болған жоқ, қайта бауырларына тартты. Тағдыр еркелетпесе де, қоғам, айналасындағы орта кекілінен сипап, көңілін жұбатты. Тәтесіне ешбір өкпе айта алмаса керек-ті, өзі де жалғызбасты адамның өзгеге қамқор болуға қауқары қайдан жетсін?! Шын жаны ашып, ет жүрегі елжіреп тұрса да тәлімді тәрбие бере алмасын сезінген болар. Жамаулы көйлек кигізіп, жанын жүдеткенше, балалар үйі дұрыс деп шешкен шығар-ау. Тәтесінің болжамы теріс кеткен жоқ. Әншейінде былайғы жұрт атауынан шошитын балалар үйі құбыжық кейіптес емес екен. Туған Отанының, өскен елінің қапысыз қамқорлығы да. Ақкөлдегі балалар үйінде тоғыз отбасы болды. Оқырманға түсінікті болуы үшін отбасының қарапайым тілмен айтқанда, топ екендігін таратып айта кетелік. Тұлымы желбіреген кішкентай қыздар бірыңғай бір топта, ұлдар да солай. Бой жетіп қалған қыздар мен ер жетіп қалған ұлдар өз алдына бір бөлек. Отбасының барлық жағдайы туғызылған, тұрмысқа қажетті дүниенің бәрі бар, ең бастысы, балалардың арасында бір-біріне деген құрметпен қарайтын, ізетпен қарым-қатынас жасайтын әдемі дәстүр қалыптасқан.
Бірде балалар есік алдынан кішкентай күшік тауып алыпты. Түймедей көздері мөлт-мөлт еткен қол басындай жетім күшік. Әлгі күшікке әдемілеп үйшік істеген. Тәмам бала асханадан тамақ тасыған. Сіңіріне ілініп, әзер жүрген күшік жетім балалардың қамқорлығынан кейін доптай домалап қалды. Қара күшікке Черниш деген ат қойды. Қолдары босай қалғанда барлығы Чернишпен ойнап, еркелетіп, қыдыртуды жақсы көретін. Өздері тасбауыр тағдырдың теперішін көріп жүрсе де, жетім күшікті жебеп, анық ажал аузынан аман алып қалғандары ғажап еді.
Жетінші сыныпта болуы керек, хореографияның қатты қызықтырғаны. Оған Ирина Поданева есімді тәрбиешісі себеп болды. Ирина Александровна әдемі өнердің қыр-сырын түсіндіріп, жас қыздың көңілін аулай түсті. Би өнерінің алғашқы әліппесін жан-дүниесімен ұғынған соң Ирина Владимировна болашақта өмірін осы өнермен байланыстырамын деп берік шешімге келген. Солай болды да. Орта мектепті бітірген соң Көкшетау қаласында Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің халықтық көркем өнер мамандығына құжат тапсырған. Мектепте жақсы оқыса да, би өнері бейтаныс болмаса да, тұла бойында шын өнерге деген ынта-ықыласы шүпілдеп тұрса да, балаң көңілде алаң сезім бар еді. Түсе алмаса қайтпек, болашаққа деген үміті үзіле ме? Қолтығынан демейтін ата-анасы да жоқ қой.
– Әйтеуір, мектепте жақсы оқығаным сеп болса керек, емтихандарды еш қиналмай тапсырдым, – дейді Ирина Владимировна, – аңсаған арманыма жеткендегі қуанышымды көрсеңіз ғой, төбем көкке екі-ақ елі жетпей қалды. Болашақта хореография ұжымының жетекшісі боламын. Бір кезде өзім аңсаған, көңілім құлай сүйген ұлы өнерге жас ұрпақты баулығанға не жетсін?! Талай балауса көңілдегі балдырған арманның шоғын үрлеп жандырсам, мынау жарық дүниеге келіп, адам болып өмір сүргенім бекер болмайды ғой.
Колледж қабырғасындағы білім нәрін сіңірген, сол білімді тәжірибемен ұштаған төрт жыл қас пен көздің арасындағыдай өте шықты. Жай өткен жоқ, өзіндік дәстүрі қалыптасқан оқу орнында тәп-тәуір білім алды. Сабаққа ынталы қыз өте жақсы оқыды.
– Ирина сабаққа өте ынталы, тәртіпті қыз болды, – дейді жоғары мәдениет колледжінің музыкалық пәндер оқытушысы Ирина Зайцева, – үлгерімі де жақсы. Бүгінде Степногор қаласында абыройлы еңбек етіп жүр.
Бұл кезде аталған оқу орнының «Жарқын» халықтық би ансамблінің атағы жер жарып тұрған кезі. 2012 жылы облыстық ұлттық жастардың Дельфий ойындарында бірінші орын алған. Республикалық осы тақылеттес сайыста да күміс жүлдеге ие болды. 2013 жылы Түркияда өткен фольклорлық ансамбльдердің VІ фестиваліне қатысып, мәртебелері өсті. Міне, осындай жетістіктер оқу орнында білім алушы жастарды қанаттандыра түсті.
Кейіпкеріміздің айтуына қарағанда, өміршең өнердің оты маздап тұрған колледждегі өмірі тіршіліктегі ең бір мерейлі сәті екен. Колледж директоры, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі иелері Құралай Ыдырысова оқу орнында білім алып жатқан әлеуметтік жағынан аз қамтылған және жетім балалардан қамқорлығын аямаған.
– Ұстаздарыма алғысым шексіз, – дейді Ирина Владимировна, – менің жүрегімдегі ұлы өнерге деген ұмтылысты ұштап, көзқарасымды қалыптастырды. Колледжде мәдени шаралар жиі өтетін. Сүйікті ұстазымыз А.Погорелый жетекшілік ететін «Самоцветы» би ансамблі облыстық, республикалық байқау- ларға жиі қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрді. Біз де осындай байқауларға қатысып, өнер шыңдадық, тәжірибе қалыптастырдық. Жайлы жатақханада тұрдық. Шәкіртақымыз күн көрісімізге толық жетті, ештеңеге мұқтаж болған жоқпыз. Өнер адамдарының арасында жүріп, бір-бірімізбен шынайы адамгершілік тұрғысында қарым-қатынас жасауды үйрендік. Адамды құрметтей білуге тәрбиеледі. 2016 жылы осы оқу орнын бітірген соң алдымда жаңа жол тұрды. Әрине, мен туған өлкеме бет алдым. Сол жердегі «Рассвет» жазғы балалар лагерінде жұмыс істеген болатынмын.
Кейін Степногор қаласына қоныс аударған. Шағын қаладағы №2 «Балдырған» балалар бақшасына би үйірмесінің жетекшісі болып орналасқан. 2011 жылы білімін жетілдіруге құмар Ирина Владимировна қайта даярлаудан өтіп, педагог-модератор санатына ие болыпты.
– Шағын қалада осындай мамандық иелері өте қат, – дейді «Балдырған» балалар бақшасының директоры Гүлнар Ыдырысова, – оның үстіне кішкентай балаларды үлкен өнерге баулып, тәрбиелеуге жаны құмар дәл Ирина Владимировнадай маман табыла бермейді. Өзі де білімін жетілдіруге ынталы. Тек тұрмыстық жайы қиындау болып жүр. Бұрын ата-анасынан қалған пәтерлері болған екен, апасы тұрмысқа шыққанда әлгі үйді сатса керек. Сол себепті баспанасыз жүр. Қазір жолдасы, екі баласымен бірге пәтер жалдап тұрады. Осы бір жай жанына батып жүр.
Кейіпкеріміздің ендігі арманы Мирон мен Богдан есімді қос ұлын таңғы шықтай мөлдіреген ананың аппақ махаббатына орап, тәрбиелеп өсіру. Өзі ана мейірін, ана пейілін көрмеген соң тал бойына жиналған іңкәр сезімді перзенттерінің бойына құйып, гүл жайнатып өсірмек.
Иринаның шәкірттері қалаішілік байқауларға жиі қатысады. Тіпті, 2021 жылы Павлодар қаласында өткен халықаралық байқауға қатысып, жүлдеге де ие болғаны бар. Шағын қаланың шырайын келтіретін балдырғандар да қаулап өсіп келеді.
Міне, құрқылтайдың ұясындай жып-жылы, жаңа заманның талабына толық жауап беретін балабақша. Асыға басқан Ирина Владимировна да жетіп қалды. Балабақшаның алдында қайың ағаштары өсіп тұр. Солтүстіктің суығына тоңған, енді бірер күннен соң аспаннан нұр төгіліп, қара жердің қыртысы жібіп, тамырына нәр бармақ. Сол сәтте ақ қайыңдар жасыл желегін жайқалтып, қаулап өсетін болады. Адам да осы-ау деп ойлаған Ирина Владимировна, тағдырдың қысы тоңдырса, көктемнің шуағы көңілін құлпыртады. Тек тамырға жетер нәр керек. Ол нәр әр пенденің пешенесіне жазылған өмір сыйы. Мейлі ол өнер болсын, мейлі ол кәдімгі қарапайым тіршілік болсын, қалай болған күнде де жан жылуы. Барша адамзат сол жылумен көктемек. Қара жерге тал ексең, биікке бой салып өскісі келеді емес пе? Бір кезде өзі де балаң күйінде, сәби кезінде жарқын өнердің жасампаз лебімен құлпырғысы келген. Сол сәтте көңілі көктемге айналып, көбелекше ұшып-қонып, қызылды-жасылды әлемді кезіп кететін. Енді міне, өзі де тәмам балдырғанды баулып жүр. Ұстаздарының ұлағатты болғаны қандай жарасымды?!
Ақмола облысы,
Степногор қаласы