Кеңес өкіметінің керітартпа саясаты кімді тәлкектемеді дейсің. Миллиондаған жазықсыз адамдардың тау-тау боп үйілген бассүйектерінің үстіне тұрғызылған социализм идеясы кімді рухани мүгедек етпеді. Біз, жалпы, Кеңес өкіметінің келмеске кеткен елесімен күресіп не ұтамыз деген ойдан алшақ болуымыз керек. Жалпы, тамырланған жүйені бір күнде түбірімен қопарып тастау мүмкін емес. Біз сияқты көп теперіш көрген ұлттар оның салдарымен әлі де күресе береді.
«Эх, Афоня!» деп аяқтадық кинокартинаны... Әйгілі режиссер Георгий Данелияның атақты «Афонясы». Кеңес адамы жанының жасырын қатпарларын, ол батқан терең иірімдерді, жалпы, қоғам кешкен шарасыз халдерді жекелеген кейіпкерлердің тағдырлары арқылы нәзік парақтаған «Афоня». Жалқау Афоня, қырсық Афоня, айналасындағыларға қарсы Афоня.
Жүйеге бағынғысы жоқ, басын бұғауға салып көп жұмысшының бірі болғысы келмейтін, әйелге басын екібастан иіп көрмеген Афоняға әуелде көрермен ретінде сүйсіне қою қиын. Бірақ режиссердің шеберлігі де сонда, жемқор болса да, ішкілікке салынып жұмысын жүрдім-бардым істейтін маскүнем десең де, ұжымдық талқыға күнде түсетін Борщов А.Н. – ға бірте-бірте өзіңді біртүрлі жақын тұта бастайсың. Оның себебі белгілі де сияқты. Өзіміз жоғарыда айтып кеткендей, біз Кеңес өкіметінің елесімен күресуші ұрпақпыз. Бізде сол озбыр жүйенің кез келген салқынын сезген бойда оған қарсы агрессия оянады. Афоня бізге сол жағынан жақын персонаж.
Ең қызығы, аталған фильм сонау 1975 жылы, Кеңес өкіметінің антисоветтік идеяларды қалт жібермейтін қырағы көздерінен қалай өтіп кеткеніне таң қаласың? Бас кейіпкер Афоня, (Леонид Куравлев) қарапайым құбыр жөндеуші, сантехник деп ойлағаныңызбен, қызылдарға қып-қызыл қарсы қаһарман.
Кинокартинаға үстірт қараған адам әуелде бас кейіпкер Афоняны өмірде мақсатының жоқтығынан бейшара күйге түскен, ішкілікке салынып, бейберекет өмір сүретін бұзылған адам деп топшылауы мүмкін. Бірақ мәселе Афоняның «бұзылғандығында» емес еді. Ол сол қоғамның, нақтырақ айтқанда, социализмнің өтірік өсиеттері мен жалаң ұрандарына сүйеніп, сапасыз бой көтерген нысандарының, сұп-сұр ғимараттарының күнде жарылатын, күнде тесілетін, көрінген жерінен су атқылап есті шығаратын ескі құбырларын жөндеуші. Афоня кімге жетеді? Анау үйдің құбырын бітегенше мынау үйдің құбыры құртылады. Мәселе, саяси жүйенің, қоғамдық ой-сананың «бұзылғандығында» сияқты.
Афоня ол құбырларды жөндеуге еш құлығы жоқ, оны өз ішінің шұрық-тесігі көп мазалайды. Бірақ ашып айтуға, күрт шешімдер шығарып жаңа өзгерістер жасауға бірдеме жібермейді. Оның не «бірдеме» екенін Афоняның өзі де білмейді, айналасынан сұрайын десе, оны жақын қабылдап жатқан жан жоқ. Режиссер сол «бірдемені» бас кейіпкермен бірге іздейді. Г.Данелия өз кейіпкері арқылы сол кездегі Кеңес адамының жанына үңілгісі келеді. Ол Афоня арқылы Кеңес өкіметі адамдарының деградациясын көрсетеді. Афоня тіпті өзі өмір сүріп жатқан қоғаммен өзін байланыстырғысы келмейтін қаһарман. Афоняның сондай-ақ соғыстан соң туған соқтықпалы, соқпақсыз ұрпақ екенін де ұмытпауымыз керек. Ата-анасыз өскен, жамағайын апасының қолында ер жеткен эгоист.
Иә, Афоня эгоист, бірақ біз ойлағандай тікбақай, жатыпішер, мейірімсіз, сезімсіз делқұлы емес. Фильмде мынадай диалог бар:
«Знаешь, что в тебе самое плохое Борщев? То, что ты – равнодушный» дейді оған. Рас, Афанасий де күле алатын, адами қарым-қатынасы да бай, жауапкершілігі де әжептәуір, жақсы жар сүйсем, көп балам болса деп армандаған азамат. Ақын Жәркен Бөдештің Жайыр деген тауын, кіндік қаны тамған атамекенін сүйе-сүйе, аңсай-аңсай, жырлай-жырлай, зарыға-зарыға ақыры: «Дертіңнен кеттім жауыр боп, Жайырдан басқа жауым жоқ...» дейтіні сияқты, көбіне адам өзінің бойындағы ең ізгі, ең асыл қасиеттерін ақыр соңында өзінің жауына айналдырады. Афоняның әлемді алып құшағына қысып сүйер мейірімі, көпшілдігі, ауылға деген аңсары, кеңестенген орысты емес, дала орысын сағынған жаны, еркіндікті аңсаған ішкі рухы ақыры оның осындай кереғар мінезіне айналды. Афоняның үйінде теледидар да, газет те, радио да жоқ. Ол да кейіпкердің жүйеге деген қарсылығы.
Афоняны бірден ақтап алу қиын. Қашан көрсең бөтелкелес досы Федулдың (Борислав Брондуков) қасында әндетіп келе жатады. Киносыншылардың пікірінше, жүк тасушы Федул да, кейіннен танысып, үйінде бірге жататын штукатур Коля да (Евгений Леонов) Афоняның альтер эголары сияқты. Оны фильм барысында екі досының Афоняға таласатын бірнеше диалогынан анық байқауға болады. Афоняның алдында екі ғана жол бар. Не Федулға айналып маскүнем боп кету, не қарапайым қоңыр төбел тіршілік кешіп Коляға айналу.
Әрине, ол ең соңында Коляның жолын таңдағандай болады. Бірақ. Көп бірақтың бірі – Афоняның алдынан шыға беретін матриархат мәселесі дер едік. Фильмді толық тамашалаған адам кинокартинаның өн бойынан әйел затының үстемдігін сезбей қоймайды. Әлгі Коляны жүнше түтіп үйінен қуып жіберген де үстем әйел. Жұмыстағы бастығы да – көшбасшы әйел. Би алаңындағы әйелдер де өздерінің үстемдігін анық байқатады. Қол жуғышын тегін жөндетіп, өтірік қылымсыған ана бір қыз да Афоняны төмен тап деп бағалайды. Кино басталған бетте кейіпкерімізді ішінен шынтағымен бір қойып тайып тұратын қыз да еркекті ерке деп тұрған жоқ. Не керек, Афоняға бір ғана қарсы келмеген ару – ол дәрігер Катя (Евгения Симонова). Қоңыр көзді, момындығы қойдан жуас, «Маған біреу қоңырау соғыпты, мен оны сіз деп ойладым» деп монтиып тұрған Катя. Афоня – өзінің өмірлік жары деп оны ең соңында табады, түсінеді. Қарап отырсақ, Афоня қарсылықтарының ішінде демек әйел теңдігіне деген де қыжыл бар.
Афоняның қарсылығын тағы бір анық көрсететін деталь – оның даланы басына көтеріп сөйлейтін қатты дауысы. Бірақ қанша қатты сөйлесе де Борщовты естіп жатқан жүйе жоқ, қоғамның құлағы бітеу. Саңырау социализм бесжылдық, онжылдық жоспарларды ғана бекітіп береді, жекелеген қарапайым адамдардың арыз-шағымын, ойын, пікірін тыңдауға еш ниетті емес.
Ең қызығы, кино бойы бұл неге қатты сөйлейді деп отырған адам оның өзі туып-өскен ауылына барып, бала күннен бірге ер жеткен Егоза (Савелий Крамаров) досын тауып алғанда түсінесің. Ол да айғайлап сөйлейді. Ашық. Ең бастысы мұрнының астынан міңгірлемейді. Жалпы, кез келген адамға керек мінез сол ғой. Міңгірлемеу. Афоняның дауысы бізге осындай қарсылық үнін естірткендей.
Жә, Афоняның ауылға барған сәтіне келейік. Жалпы, Афоня ешкімді жақсы көрмеген екен. Неге дегенге келетін болсақ, ол басқа әңгіме. Адам кейде қоғамда кеткен өшін өзінің ең жақын жандарынан алып жатады. Афоняның қаттылығы бәлкім сол қаттылық. Оның ешкімді жақсы көрмегенін жалғыз тәтесін жерлеуге келмегенінен-ақ көруге болады. Жоқ, апасын жақсы көрмейді емес, жақсы көреді. Ылғи түсіне де кіретін, сағынатын... Болды. Бірақ әрі қарай әрекетке бармайды. Апасына асығып жетсе, оны айқыш-ұйқыш шегеленген есік-терезелер қарсы алып тұр. Бейшара кейуана қанша жыл күтіп, сарғайған сары терезенің алдында қартайып қайтыс болған. Байғұс апасының оны күте-күте екі жыл бұрын өмірден озғанын естіген Афоня шарасыз халде отыра кетеді. Көршісі келіп қолына бір бума хат ұстатып тұр. Не хат дейсіз ғой, тәтесі Афоняға хат жазып, оған жауапты Афоняның атынан тағы өзі жазып соңғы жылдарын өң мен түстің, алдану мен сағынудың арасында өткізген. Кәрі ананың ол әрекетін ауылдың бәрі біледі, бірақ өтірік білмеген кейіп танытады.
Афоня ше? Сөйткен адамға топырақ салуға да келмеген.
Жазушы К.Паустовскийдің «Телеграмма» деген әңгімесі бар. Жалғыз қызын кәрі шеше қатты күтеді. Қаншама хат жазады. Телеграмма жолдайды. Бірақ мансап қуып кеткен жалғыз қыздан жауап жоқ. Бір күні әлгі кейуананың есігін түнде біреу қаққандай болады. Жүрегі атқақтап сыртқы есікке жүгіреді. Сөйтсе, есікті қаққан ауладағы үйеңкінің бұтағы екен. Осы жалғыз қызы дүниеге келген жылы еккен өзінің биік үйеңкісі. Есікті қағып тұр. Қалада қызмет қуып кәрі шешесін ұмытып кеткен қыз анасы қайтыс болды деген телеграмманы да кеш алады. Өкінгенмен не пайда? Ауылдағы әлгі үйде бір түнейді де, жылап-жылап қалаға қайтады. Сол түні үйеңкі есікті тағы да қағады, бірақ оны қыз естімейді.
Афоняны да Паустовскийдің кәрі шешесі сияқты апасы күте-күте өмірден өткен.Екі жыл бұрын.
Жалпы, фильмде екі деген цифр өте көп ойнатылады. Естеріңізде болса, Афоня түс көргенде де екі бала атпен шауып бара жатады. Ол екі бала бәлкім – Афоня мен Егоза. Бәлкім – фильм басталған бетте Афоняны тастап кететін әлгі қыз айтатын зая болған екі жыл, бәлкім кәрі шешесі қайтқалы өткен екі жыл... Афоняның ішінде айтысып-тартысып жүрген Федул мен Коля, альтер-эголар да – екеу. Айтпақшы, Афоня таласып жүріп өзіне ертіп алған практиканттар да – екеу. Жалпы, Афоня ішінде екі адам.
Не керек, Афоня бізге жаңаша ойла, еркін қимылда, жүйеге бірыңғай бас шұлғи бермей қарсы пікіріңді қаймықпай айт дейтіндей. Жұмысқа енжар, ештеңеге зауқы жоқ Афоня сайып келгенде Обломовтың бір түрі. Данелияның Афонясын осы тұрғыдан да талдауға болады.
Тағы бір айта кететін жайт –Афоняның жас ерекшелігі. Есептеп келгенде оның сол кездегі жас мөлшері әлі қырыққа да жетпеген. Алайда маңайы тым кәрі. Егде еркектер. Афоня тіпті жеке куәлігіндегі жас кезіндегі суретінен әлдеқайда қартайып кеткен. Қасаң жүйе қайсар жігітті мүлдем басқа адамға айналдырып жіберген. Қажыған, қатты сөйлейтін, қатал Афоня жымиса ғана жас күніне келеді.
Қорыта айтқанда, «Афоня» фильмі жанры бойынша комедиядан гөрі трагикомедиялық лента деуге болады. Көруге әбден тұрарлық, тіпті қайталап көре беруден жалықпайтын ғажайып картина.