Ел қосыла хормен шырқайтын әннің көбі анаға арналған туындылар десек, қателесе қоймаймыз. Қай отырыста болсын, той-думан, қызық-қуаныштардың көбінде, әсіресе үлкендер жағы аналарын айтып мейірленеді.
Ана туралы әннен көңілге медет тауып, дәтке қуат алады. «Есейіп кетсем де, Мен саған сәбимін» деп тебіренеді. Ана да, бала да, аға да, дана да бәрі осылай жырлайды. Жалғыз анаға қатысты емес, байтақ далаға да айтылып тұрғандай сезіледі бұл ән кейде. «Мен саған сәбимін» деп.
Қазақ Жер-Ана дейді ғой. Махаббат атаулының бәрі бастауын анадан алады. Туған жер дейсіз, ол да ана. Туған ел, Отан дейсіз, ол да ана. Алғаш есің ауып ғашық болған махаббаттың себепшісі бойжеткен қыз – ол да болашақ ана, сүйген жар. «Сол даланың қызы еді ғой, Жүрек алғаш сүйгені» (Қуандық Шаңғытбаев). Демек, осынау әнде айтылғандай, «әлемнің жарығын сыйлаған ана».
«Әлемнің жарығын, сыйладың сен маған» сөзінің иесі, қазақтың біртуар ақыны Ғафу Қайырбеков үлкен жүрекпен, алапат сезіммен жазып қойғанын байқау қиын емес өлеңді. Бірақ «Ана туралы жырды» қағаздан оқып бастаса болды, әні тарта береді. Жүрекке, көңілге жатталып, сіңіп қалғаны сонша поэзиясын оқи қоймаққа бекінсең, әуені жетелеп алып жөнеледі. Естуімізше, бұл туындының сөзінен әні, яғни әуені бұрын туған деседі білетіндер. Қазақ вальсінің королі, ән өнерінің алыбы Шәмші Қалдаяқовтың консерваторияда оқып жүрген кезі екен. Әйгілі композитор оқуда жүргенімен, атағы шығып, қазақ даласына есімі белгілі бола бастаған. Әндері радиодан дүркін-дүркін шырқалып, елдің жүрегіне жол тапқан 1959 жылдардың шамасы. Соның алдында ғана анасы Сақыпжамал ауылға арнайы шақыртып, маңдайынан иіскетіп қайтқан жас композитор. Шешесі бата берген: «Қайда жүрсең де аман бол, балам. Салған әндерің ұзаққа жетсін, айтылмай жатып үзілмесін», деген жалғыз ауыз сөзде қаншама салмақ жатыр десеңізші. Бұған қарағанда анасы баласын қапысыз танығанға ұқсайды. Белгілі жазушы Мұхтар Мағауиннің аталарының шаңырағына хакім Абай бата берді дейтін сөз бар. «Сөз ұстайтын ұл берсін» деп. Сазгердің анасының аузынан шыққан жаңағы бірауыз сөз осы батаны еске түсірді. Дуалы ауыздан шыққан мерген сөз нысанаға тимей қоймайды.
Өлерінің алдында, екі-үш ай бұрын Шәмшісін шақыртып, батасын бергеніне қарағанда анасы сезген. Ғұмыры ұзаққа созылмасын. Ажал уақыты жақындағанын. Әйтпесе Алматыдағы ұлын Шәуілдірге арнайы шақыртып, маңдайынан иіскеп, ақтық сөзін айта ма?! Шәмшісі әскерден келгенде анасы ұлына «балам, үйленіп шаңырақ көтер, мен немере сүйіп, арманымнан шығып кетейін» депті. Ертеректе қазақ үлкендері тектен-текке сөз шығындамайтыны осыдан аңдалады. Ана тілеуі бұлай болғанымен, адам баласы қалағанының бәрі орындалған ба өмірде. Әртүрлі жағдайға байланысты ол кезде Шәмші үйлене қоймағанын айтады туған інісі Қадыр Қалдаяқов.
Ұлы сазгерге толғатып, ғасыр, бәлкім дәуір адамын туған шешеміз Сақыпжамал төре затынан көрінеді. Қазақтың соңғы ханы Кенесары жау қолынан қапыда қаза тапқанда, кіші әйелін інісі Жәңгір төре алады. Осы кісілерден туған ұлдың бірі – атақты Шәді ақын, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар өмірін жырмен кестелеген тұңғыш қазақ. Қазақ ислам әдебиетінің негізін салушы. Ұлы Шәмшінің анасы Сақыпжамал да осы тектен екені айтылады.
Композитордың өзі темекіні бұрқыратып отырып аса қимастықпен еске алатын екі әні бар. Соның бірі – қазіргі Қазақстанның мемлекеттік Гимні «Менің Қазақстаным» болса, екіншісі – композитор анасына арнап шығарған «Ана туралы жыр» әні.
«Менің шешем ауылдың сыртында жатыр, әкемнің қасында. Ол кісі өмірден жас кеткен адам. Ұзақ уақыт ауырды. Ақыры сол аурудан дүние салды. Ол кезде мен бойдақ едім, 1959 жылы. «Анаңды Мекеге қырық рет арқалап апарып, әкелсең де ақ сүтін өтей алмайсың» деген сөз бар қазақта. Сол ақ сүтінің бір белгісі болсын деп мен 1959 жылдан бастап ана туралы ән жазуды ойға алдым» дейді Шәмші Қалдаяқов.
Композитордың көзі тірісінде Тілеген Ахметов түсіріп алған әңгімесінде өзі «Менің Қазақстаным» атты «Ұран ән» жаздым десе, сонымен қатар атаған мына туындысы да аналар әнінің гимні. «Әлемнің жарығын, сыйладың сен маған» дегеннен асырып не айтуға болады? Және бұл сөз әнімен қалай жымдасқан? Әуен де, өлең де елдің екі шетінен бірін-бірі іздеп жүріп тауып, кірігіп кеткендей. Жүз жылда бір туатын кесек туынды. Бір қызығы, туындыны жалғыз қазақ ұлты ғана емес, бауырлас түрік ағайындардың ішінде татар, башқұрт, моңғол, тағы басқа халықтар шырқайтыны туралы мәлімет бар.
Осыншама халықтар арасына таралып, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін салатын туындының дүниеге келу жолы тұнған трагедия. Шәмші анасы қайтыс болғанда, жетісі мен қырқын өткеріп қойған соң бір-ақ барып аза тұтқан. Оған дейін Сақыпжамал анамыз хал үстінде төсек тартып жатқанда ағайындары телеграмма жөнелткен екен. Алайда ол сазгердің қолына жеткен уақытынан бір жарым ай асқанда барып тиеді. Іле ауылы Шәуілдірге жеткен сазгер анасының суыған топырағын ғана құшып қалады. Қырқына дейін атқарылып қойған. Содан Шәмші ауылында қырық күн аза тұтып жатады. Өзі айтпақшы, 1959 жылдан бастап анасына ән шығаруды ойлап жүрген де, жаңа ән арада екі жыл өткенде ғана туыпты. Інісі Қадырға «Кәден, бұл әннің отыз нұсқасын жазып, ішінен елдің жүрегіне жетеді-ау деген ең жағымдысын алып қалдым» дейді екен. Онымен қоймай ән бірден жазыла салмаған. Екі жыл өткенде анасы түсіне кіріп, күлімдеп разылығын білдіргенін айтыпты өзі. Содан кейін ғана дүниеге әуен келген. Екі жыл бойы мазалап шықпай қойса, шығармашылық иесін сол жылдар бойы қинап жүрді дегенге саяды. Азабы мен ғажабы мұнымен де шешіліп кетпеген және. Дүниеге ән келген соң оған лайықты сөз жазылуы керек. Әдетте Шәмші әнін жазып болғанда өлеңін кімге жаздыру керектігін бірден пайымдап, шешіп қояды делінетін. Бұл жолы ондай болмайды. Лайықты мәтінге тапсырыс беретін ақын таппай қиналады. Мен деген авторлардың көбі жүрексінеді. Ұлы Шәмшінің анасын жоқтай алмай қалам ба деген күдікпен алмай қояды. Сөйтіп те біраз жүріп қалады автор.
Күндердің күнінде отыз мәрте жазып, ішінен ең сұлуын таңдап алған әнін Әбілахат Еспаевқа тыңдатады. Тыңдап болған Әбекеңе енді осыған лайықты сөз жазатын ақын таппай жүргенін айтқанда, ол кісі бірден Ғафу Қайырбековті атайды. Жақында оның да анасы ол дүниелік болғанын есіне алады. Әбілахат ағасы арқылы Ғафекеңді іздеп табады Шәмші. Сөйтсе, екі автор тағдырлас болып шығады. Анасы қайтқанда Шәмшінің басынан өткен жағдай Ғафу ағасында да қайталанған екен. Ғафекеңнің туған анасы ертеректе қоштасқан фәнимен. Ақынды туғанында ағасының әйелі бауырына салып алған да, ол кісі Ғафекеңнің туған шешесіндей болып кетеді. Сол анасы бақиға аттанғанда уақытында жете алмай қапа күйі жүреді де, Шәмшіні кездестіреді. Атақты ақын ағасының құлағына тиген ән көп ұзамай құйқылжып, тамылжып ала жөнеледі. Әннің бағына қарай сөзі де құйылып түскенін бүгінде бұл туынды барша қазақтың жүрегінен орын тапқанымен түсіндірсе де жеткілікті. Өз аналарына ескерткіш қоймақшы болған ақын мен сазгер осылайша күллі аналарға мәңгі өлмес ескерткіш соғып кетті. Қазақ даласында бұл ән шырқалмайтын күн аз шығар. Әсіресе 8 наурыз күні ерекеше шырқаларына кім де болса күмән келтірмес. Жалғыз қазақ емес, татар, башқұрт, моңғол, тағы басқа ұлттар қосыла салады.