Бүгінде әлемдік ареналарда өнер көрсетіп жүрген қазақ қыздарының спортта қол жеткізген жетістіктері ерекше. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары дербес мемлекет ретінде жерлестеріміз Олимпиада, әлем, Азия чемпионаттары секілді ірі-ірі байрақты додаларда жиі бой көрсетіп, дүние жүзінің дүлдүл спортшыларымен иық тірестіріп, ел абыройын лайықты түрде қорғап жүр.
«Спорт падишасы» деп аталып кеткен жеңіл атлетиканың үш қарғып секіру додаларында дараланып жүрген Ольга Рыпакованың жетістігі, кедергілер арқылы жүгірудегі тұңғыш Азия чемпионы Әйгерім Шыназбекованың жеңісі, бірер ай бұрын шахматтан әлем чемпионатында топ жарған Бибісара Асаубаеваның, боксшы Назым Қызайбайдың, ауыр атлет Жазира Жаппарқұлдың, сонымен қатар көркем гимнастика, күрес және басқа да спорт түрлеріндегі қыздарымыздың қазіргі таңда әлемдегі кез келген спортшының басты бәсекелесіне айналғалы қашан?! Ал бұл спорт түрлерінің елімізде кең таралып, бұқаралық сипатқа ие болуына не әсер етті деп ойлайсыз? Әрине, біріншіден, мемлекеттің спортқа ерекше көңіл бөлуі болса, екіншіден, осы спорттың тұңғыш чемпиондары ерекше ықпал етті деп нық сеніммен айта аламыз.
Мәселен, көркем гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының халықаралық ареналардағы бүгінгі күнге дейінгі ірі жетістіктері – Афина Олимпиадасының төртінші, Бейжің Олимпиадасының бесінші орын иегері, даңқты гимнасшы Әлия Жүсіпованың жетістіктерімен тікелей байланысты екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ол қазақ қыздарының көркем гимнастикамен айналысып қана қоймай, әлем үздіктерімен жүлдеге таласа алатынын дәлелдеп берді. Әлия Қазақстанның тоғыз дүркін чемпионы, сонымен қатар Әлем кубогы, Азия чемпионаты, Жазғы Универсиада ойындарында жүлде алып, гимнастиканың көпсайыс түрінен әлемдегі ең үздік он спортшының қатарына енген алғашқы қазақ қызы.
Әлия Жүсіпованың көркем гимнастикадағы осындай тамаша жетістігінен бастап бұл спорт түрі Қазақстанда кең қанат жая бастады. Ал Әлияның өзі спорттық карьерасын аяқтаған соң Шымкентте спорт мектебін ашып, бапкерлікке бет бұрды. Кейіннен көркем гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы болып тағайындалды.
Қазіргі уақытта шәкірттерінің де нәтижесі көңілге қуаныш сыйлайды. Мәселен, Рио Олимпиадасының қатысушысы Сәбина Әшірбекова – Азия ойындарының бірнеше дүркін жүлдегері, 2014 жылғы Инчхондағы Азия ойындарының қола жүлдегері атанса, Токио Олимпиадасында бақ сынаған Алина Әділханова да Азия ойындары мен Азия чемпионатының жеңімпазы.
Қазақстан мәнерлеп сырғанау спортының жарық жұлдызына айналған Элизабет Тұрсынбаева қазақ қыздары ішінде жасөспірімдер және ересектер арасындағы Олимпия ойындарына қатысып, жүлде алған тұңғыш спортшы. 2016 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен жасөспірімдер Олимпиадасында ол ресейлік спортшыларды алға жіберіп, қола жүлдені қанағат тұтқан еді.
Отандасымыз ересектер дуына ауысқанда да жүлдеден шашау шығарған жоқ. Кейінгі 6-7 жылда 30-ға жуық турнирге қатысып, тең жартысында үздіктер қатарынан көрінді. 2019 жылдың наурызында Сайтамада (Жапония) өткен мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатында күміс медаль алып, негізгі бағдарламада 4 айналым сальхов (4S) элементіне секірді. Ол төрт айналым элементке секірген алғашқы мәнерлеп сырғанаушы әйел ретінде тарихқа енді. Бұған дейін мәнерлеп сырғанау тарихында 16 жастан асқан бойжеткендер арасында ешкім төрт айналым элементке секірмеген. Сонымен қатар Тұрсынбаева 2019 жылы Красноярскіде (Ресей) өткен қысқы Универсиада мен Анахаймда (АҚШ) ұйымдастырылған төрт құрлық чемпионатында екінші орын иеленді.
Жазира Жаппарқұл – ауыр атлетикадан қазақ қыздары арасынан әлем чемпионатының және Олимпия ойындарының күміс жүлдесін жеңіп алған тұңғыш спортшы. Сонымен қатар ол 2010 жылы Сингапурде өткен жасөпірімдер арасындағы бірінші Жазғы Олимпия ойындарында да чемпион атанған алғашқы қазақ қызы саналады.
2001 жылдан бастап ауыр атлетикаға ден қойған жерлесіміз Сингапурде 63 кило салмақ дәрежесі бойынша алтын медаль иеленсе, 2012 жылы Гватемалада өткен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде де чемпион атанды. 2013 жылы Мьянмадағы жастар арасындағы Азия чемпионатында Жазира қоссайыста 232 кило зілтемірді еңсеріп, күміс медаль алды. Ал 2014 жылдан бастап ересектер жарысына қатыса бастаған ол сол жылғы Алматыдағы әлем чемпионатында күміс жүлде еншілеп, өз атын Қазақстан ауыр атлетика тарихына алтын әріппен жаздырды. Араға екі жыл салып отандасымыздың Рио төрінде де күміске қол жеткізгені барша жанкүйердің есінде болса керек.
Шахматтан қазақ қыздары әлемдік жарыста үнемі олжа салып жүргеніне біршама уақыт болды. Отандастарымыз жыл сайын жанкүйерлерін қуантып, түрлі құрлық жарыстарында үздіктер қатарынан түспей келеді. Соның бір дәлелі ретінде былтыр Польша астанасы Варшавада өткен шахматтың блиц түрінен әйелдер арасындағы әлем чемпионатында бас жүлдені жеңіп алған 17 жастағы Бибісара Асаубаеваны ерекше атап өтуге болады. Ол осындай тамаша жетістігінің арқасында қазақстандық шахматшылар арасынан ересектер бәсекесінде дүниежүзілік додада топ жарған тұңғыш спортшы атанды. Сондай-ақ отандасымыз ересектер арасындағы əлем чемпионаттарында чемпион атанған алғашқы ең жас спортшы ретінде де тарихқа енді.
Әйелдер арасындағы Қазақстан боксы тарихында тұңғыш рет әлемдік додада олжа салған алғашқы қазақ қызы – Назым Қызайбай. 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында өткен дүбірлі додада Назым барлық қарсыласын ойсырата ұтып, тұңғыш рет әйелдер арасында өткен бокстан әлем чемпионатында еліміздің байрағын желбіретіп, Әнұранын шырқатты. 2001 жылдан бері өткізіліп келе жатқан чемпионатта Назым Қызайбай ең бірінші 2012 жылы Қытайда өткен бокстан 7-ші әлем чемпионатында қола жүлде еншілеген болатын. Араға екі жыл салып, Оңтүстік Кореяда алтын алды.
Жерлесіміз бұл жетістігін 2016 жылы елордада ұйымдастырылған әлем біріншілігінде де қайталап, қазақ қыздары арасында екі дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ қызы ретінде тарихқа енді. Сонымен қатар Назым былтыр Азия біріншілігінде де алдына жан салған жоқ. Барлық кездесуінде мықтылық танытқан отандасымыз сары құрлықтың теңдессіз боксшысы атанды.
Қазақ қыздары арасындағы балуандық өнерде Эльмира Сыздықованың бағы жанып тұр. Ол 2016 жылы Риода ұйымдастырылған Олимпия ойындарында әйелдер күресінен қола олжалап, қазақ қыздары арасындағы алғашқы жүлдегер ретінде қазақ спортының жылнамасына жазылды. 30 жастағы отандасымыздың бүгінге дейін бағындырған биігі аз емес. 2008 жылы жасөспірімдер арасында, 2012 жылы жастар арасында Азия чемпионы атанса, 2014 жылы ересектер арасында өткен Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Сонымен қатар ол былтыр күрестен Алматыдағы Азия біріншілігінде алтыннан алқа тақса, 2018 жылғы Азия ойындарында қоланы қанағат тұтты.
Міне, бұл – бүгінге дейін өз спортының тұңғышы деген атаққа ие болған қазақ қыздарының тек бір бөлігі ғана. Осы спортшыларымыздың жетістігі, жеткен биігі олардың ізін басып келе жатқан сіңлілерін шабыттандырары сөзсіз.