Әйелдер қауымының егеменді елдің дамуы мен қалыптасуына қосқан еңбегі зор. Олар өз мансабын тек білім, ғылым, өнер, саясатта ғана емес, сонымен қатар күш құрылымдарында да көрсете білді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде «ХХІ ғасырда әйел, бір жағынан, сұлулық пен ізгіліктің бейнесі болса, екінші жағынан, тұтас еліміздің дамуына ұйытқы болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, аруларымызға тән ғажайып үйлесім, айрықша ұмтылыс, әр іске деген шығармашылық көзқарас, еңбекқорлық пен жауапкершілік – ұлтымыздың жаңа болмысын нығайтатын қасиеттер!», деп түйіндеген болатын.
Құтқарушы – батылдықты талап ететін, ауыр әрі жауапты мамандық. Десе де Төтенше жағдайлар министрлігі жүйесінде күрделі және жауапты техникалық және ұйымдастырушылық міндеттерді орындайтын, басқару және қамтамасыз ету органдарында жұмыс істейтін әйелдер де қызмет етеді. Ерлермен қатар ТЖ салдарын жоюға, құтқару жұмыстарына жетекшілік етуге шығады. Өйткені ТЖМ жүйесінде сүңгуір, ұшқыш, диспетчер әйелдер қызмет етеді. Олар тек қызмет етіп қана қоймай, ерлермен бірге ерлік көрсетеді.
Бүгінде азаматтық қорғау органдарында 3 129 әйел қызмет атқарады, олардың ішінде әскери қызметшілер мен аттестатталған әйелдер саны – 1 363, әкімшілік мемлекеттік қызметшілер саны – 231, азаматтық қызметшілер саны – 15 351, әйелдердің орташа жасы 39 жасты құрайды.
ТЖМ жүйесіндегі қызмет нәзік жандылар үшін күрделі, қызықты әрі игілігі мол. Олардың арасында ерлерге тән емес мамандықтарда қызмет ететін әйелдерді атап өту қажет. Мысалы, жедел-құтқару жасақтарында 74 әйел-құтқарушы, 4 әйел-кинолог, азаматтық қорғаныс және өнеркәсіптік қауіпсіздік желісі бойынша объектілерді тексеруді жүзеге асыратын 77 инспектор, 810 әйел-диспетчер, 58 әйел медицина қызметкері, 57 әйел-психолог бар.
Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлерінің сауатты іс-әрекеттері түрлі төтенше жағдайларды жою іс-әрекеттерінде шешуші мәнге ие. Айталық, кинолог Ольга Гуржеева – Республикалық жедел-құтқару жасағының кинологиялық бөлімінің басшысы. Жасақта 16 жыл жұмыс істейді. Ольга Александровна авариялық-құтқару, таулы жерлердегі, жетуі қиын аудандардағы іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысу, соның ішінде көшкіндерден адамдарды іздеу, үйінділерден, әуе апаттары орнынан зардап шеккендерді іздеу жұмыстарына қатысады.
Ұшқыш Назель Нұрғалиева – ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ ЕС-145 екінші ұшқышы. 2016 жылы «Азаматтық авиация академиясы» АҚ-та ұшқыш мамандығы бойынша бакалавр студенті болып қабылданды, 2021 жылы оқуын аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасты. Назель Үсенқызы өз қызметінде санитарлық авиация желісі бойынша шұғыл түрде төтенше жағдай орнына ұшып, адамдарға көмек береді. Бүгінде оның ұшу уақыты 230 сағатты құрайды, оның 130 сағаты ЕК ӘК-145-де орындалды.
Құтқарушы Муршида Шолнова – Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Жедел-құтқару жасағының медбикесі. Муршида Анваровна еңбек жолын 2012 жылы бастады, ал мейірбике қызметінде 35 жылдан астам уақыт жұмыс істеді. Жұмыс істеген кезеңінде ол бірнеше рет өрт, су объектілеріндегі оқиғалар, хабар-ошарсыз кеткендерді іздеу кезінде шұғыл ден қою іс-шараларына қатысты. ТЖ-ға шыққан кезде жедел құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды атқарған.
Азаматтық қорғау подполковнигі, психолог Назира Ақылова – Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі психологиялық тобының бас маман-психологі, азаматтық қорғау органдарында 2008 жылдың қазан айынан бастап жұмыс істейді. 2021 жылғы 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыс кезінде болған қайғылы оқиға кезінде өзінің жоғары кәсібилігін көрсетті. Қайғылы оқиға туралы қаза тапқан өрт сөндірушілердің туыстары мен жақындарына хабарлауға мәжбүр болды. Ол барлық отбасына психологиялық көмек көрсетіп, қолдау білдірді. Назира Абдрасылқызы әрдайым ТЖ орын алған оқиғалар, күрделі өрттер кезінде өзінің кәсіби борышын орындап келеді.
ТЖМ жүйесінде мамандық таңдайтын әйелдер әулеттің жалғасуына, тұрақтылығына, әлеуметтік қауіпсіздігіне, мамандықтың әлеуметтік маңыздылығына байланысты мамандығына ынталы. Қазіргі уақытта өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың әулетін жалғастыратын әйелдер саны – 71. Негізгі жұмысымен және қызметімен қатар әйелдер өрт-құтқару спортымен айналысады. Олардың арасында әртүрлі республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған осы спорт түрімен айналысатын чемпиондар мен рекордшылар бар. Солардың бірі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айнұр Бажева ТЖМ жүйесінде 2018 жылдан бастап Қостанай облысының №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде радиотелефонист болып жұмыс істейді. Оның кәсібилігі, жеделдігі және тез шешім қабылдау қабілеті өрт пен басқа да төтенше жағдайларды жоюда шешуші рөл атқарады. Сонымен қатар Айнұр Досмағұлқызы өрт сөндіру-құтқару спортында үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Оның есебінде Қазақстанның қысқы және жазғы чемпионатының алтын медалі, Республикалық федерация кубогының жеңісі, Әлем чемпионатындағы жақсы нәтижеде өнер көрсетуі бар. Сонымен қатар ол өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша әлем рекордшыларының тізіміндегі ондыққа кіріп, өзін болашағы жарқын спортшы ретінде көрсетті.
Кинолог, ұшқыш, құтқарушы, медик әйелдер, инспектор, диспетчер – яғни аталған салада нәзік жандылар меңгермеген кәсіп жоқ. Олар кез келген істі дөңгелетіп әкетеді. Төтенше жағдай саласындағы қызметте ерекше табыстарға жеткен әйелдер жетерлік. Оған олардың атқарып отырған басшылық лауазымдары, атақтары дәлел бола алады. 2021 жылы басшылық лауазымда қызмет атқарып, шешім қабылдайтын әйел адамдардың саны 140-ты құрады. Осы нәзік жандылардың 90-ы – көпбалалы ана, олардың 4 және одан да көп балалары бар. 84 әйел қатардағы маманнан басшылық құрамға дейінгі лауазымда мансап жолын жалғады. 82 әйел осы жүйеде 20 жылдан астам уақыт бойы қызмет атқарады.
Жалпы, ТЖМ жүйесіндегі жұмыс ұйымшылдықты, атқарушылықты, жауапкершілікті, адалдықты талап етеді. Әрбір мамандықтың өзіне тән қиындықтары болады. Диспетчерлерде – үш тәулік сайынғы кезекшілік, қауырт және жауапкершілік жағдайында жұмыс істеу, өрттің алдын алу өзекті болса, бөлімшенің инженерлерінде – күзетілетін объектілерді инспекциялау, психологтерде – оқиғалар аумағындағы адамдарға шұғыл психологиялық көмек көрсету сияқты жедел іс-әрекеттерді орындау қажет. Мұның бәрі, тіпті ер-азаматтар үшін де қиын іс. Сондықтан қызметтік парызға адалдық, мамандыққа деген сүйіспеншілік, мінездің қаттылығы және елгезектік құтқару ведомствосының қызметкерлеріне өздерінің қиын да күрделі жұмыстарын лайықты орындауға мүмкіндік береді.