Әдетте қылмыскерлерді тергейтін Мәншүкті бұл жолы біз сұрақтың астына алдық. Жиырма жылға жуық уақыт құқық қорғау саласында табысты еңбек етіп жүрген тергеуші ару тентектерді тезге салып, тұрғындардың алғысын арқалап жүр.
Құқық қорғау саласында қыз-келіншектердің еңбек етуі таңсық емес. Десе де, көбі оларды балалар мен жасөспірімдерге қатысты ұсақ тәртіп бұзушылықтарды реттеумен айналысады деп ойлайды. Бірақ бұл дұрыс пайым емес. Мәселен, Екібастұз қалалық полиция басқармасы тергеу бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры, ер адамдарға тән ержүректілік, батылдық сияқты қасиеттерді бойына жиған Мәншүк Дисупова кәнігі, қандықол қылмыскерлермен бетпе-бет отырып, оларды тергейді.
– Бала кезден адамдарға жақсылық жасағанды ұнататын едім. Құқық қорғау саласында қызмет етуді таңдауым да содан шығар. Әлі күнге дейін қылмысты ашқаным үшін айтылатын алғыстардан рахат аламын. Одан сайын жігерлене түсемін. Кейбір қылмыстар бір тәуліктің ішінде ашылады, кейде ұзақ уақытқа созылып кетеді. Әр істі соңына дейін жеткізбей байыз таппаймын. Жұбайым да құқық қорғау саласында жұмыс істейді. Үйде жүргенде жеке бастың мәселелері жайына қалады. Екеуміз қылмысты ашу жолдарын талқылап жүреміз. Мұны мамандығымызға деген адалдықтың көрінісі ме деп ойлаймын кейде. Жалпы, соңғы уақытта Екібастұз қаласындағы криминогендік ахуал тұрақты. Қылмыстардың азаюына бейнебақылау камераларының көптеп орнатылуы, шаһар көшелерінде патрульдік шаралардың күшейтілуі оң әсер етуде. Ал қылмыстың жедел ашылуына цифрландыру жобаларының көмегі зор. Қазір бұрынғыдай қағаздармен бас қатырмаймыз, әр іс базаға түсіп, оны бір уақытта полиция, прокуратура және сот мамандары көре алады. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан құқық қорғау саласына ерекше көңіл бөлінуде. Міндетімізді мінсіз атқару – парызымыз! – дейді Мәншүк.
Тергеушілердің логикалық ойлау қабілетінің жоғары болуы қылмыстың жедел ашылуына әсер ететіні сөзсіз. Мәншүк бұл саладағы алғашқы «азығын» Ресей ІІМ Омбы академиясында 5 жыл білім алған уақытта жинай бастапты. Академия қабырғасында көбіне практикалық білімге басымдық беріліп, қылмысты ашу жолдарының қыр-сыры үйретілген. Сол азық әлі күнге дейін кәдеге жарап, тәжірибесі толысқан Мәншүк бүгінде бар білгенін ізін басқан жастарға үйретуде.
– Соңғы уақытта біреудің атына несие ресімдеу сияқты интернет алаяқтық белең алып барады. Жуықта Екібастұз қаласына қарасты бір кентте тұратын келіншектің жағымсыз әрекеті әшкере болды. Ол әлеуметтік желілерде парақша ашып, онда сұлу әрі бай қыздың кейпіне еніп, ер адамдармен «махаббат дастанын» құрған. Кейін сенімге кіріп, оларға несие алып беруін өтініп, ақшаны алғаннан кейін хабарсыз кеткен. Осы сияқты оқиғалар көп. Біз Ұлттық банк басшылығына шағын қаржы ұйымдарының жұмысын реттеу керек екенін талай жаздық. Себебі алаяқтар бір ғана жеке куәлік арқылы танымайтын адамның атына бірнеше несие ресімдеп, тұрғындарды тығырыққа тіреуде. Қылмыстардың барлығы жедел ашылады деу қиын. Кейбір жағдайда шекараның ар жағындағы алаяқтарға тап боламыз. Не десек те, интернет алаяқтықты азайтудың жолдарын қарастыру қажет. Қылмысты ашудан бұрын алдын алу шараларын қолға алған абзал, – дейді кейіпкеріміз.
Мәншүкті облыстағы әріптестері мерген ретінде таниды. Жыл сайын тәртіп сақшылары арасында ұйымдастырылатын пистолетпен нысананы көздеу жарысында тергеуші ару бас жүлдені бермей келеді. Өзге де марапаттары жетерлік. «Басты марапат – халықтың алғысы», дейді ол. Алғысқа бөлене бер, қазақтың батыр қызы Мәншүктің ізбасары!
Павлодар облысы