• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 08 Наурыз, 2022

Кенептегі көктем жұпары

456 рет
көрсетілді

Түстердің тілін терең түсінетін туындыгер табиғат бояуларын көңілге көшіріп алған дерсіз. Суретшіге ең керегі де осы емес пе? Өз орнын таба алмаған бояу туындының мазмұнын қашырады. Есту мен сөйлеу қабілетінен қағажу көрсе де жарық әлемнің алуан түсін өте нәзік иірімде сезініп, сол сезіне білген дүниесін кенеп бетінде шебер айшықтауы Анар Әбжанованың өнер өлкесіне кездейсоқ келмегенінен хабар береді.

 

Өрімдей кезінен қолына қыл­қалам ұстаған арманшыл жан өмір суреттерін өз сезімімен өр­­нек­­теп жүр. Өнер бір орында тұр­­майтынын, оның үнемі дамып адам қиялымен бірге шарық­тай беретін шекарасы жоқ шексіз әлем екенін әйгі етеді. Заңғар биік­ке көз салсақ, аспанның түсі көк екенін көреміз. Бәлкім, ол сұр яки қызыл шығар. Бірақ біз бұл туралы ойланып көрдік пе? Ал қиял құшағындағы суретші айна­­ладағы әр қозғалысты өзге қы­ры­нан танып, өзінше па­йымдайды. Себебі адам қиялын шектеу мүмкін емес. Бір қызығы, Анар­­дың қылқаламында қызыл-жа­сыл құлпырма бояулар көп кез­десе бермейді. Қандай тақы­рып­қа қалам тербесе де көк түсті басты реңк ретінде пайдаланады.

Жалғыз түстің жарығымен-ақ жан дүниесін жайып салады. Шынында, бұл үлкен шеберлік һәм оның кенептегі өзіне тән стилі деп қабылдадық. Тұтас ойдың колоритін бір түске бағын­дыру, шығарманың мәнін сол түспен ашуға тырысу қайталауға ұрындыруы мүмкін ғой деген сауал туындауы заңды. Алайда суретшінің көк түстің көркем реңкін әр тақырыпта әртүрлі ойната білуі нағыз көңілден шық­қан, жүрекпен жазылған жанды картиналардың болмысын көз алдымызға әкеледі. Нан­басаңыз, қараңыз!

Алматы қаласының қысқы кө­­­ріністеріне арналған суреттер топтамасына үңіліп көрейік. Көк түстің рең-қасиеттерін молынан пайдаланған. Ашық та қанық, таза көк түс арқылы қысқы аязды, алмалы шаһардың ауа райын, ақ қардан сырға тағынған ағаштар мен ақ сәлде оранған ғимараттарды қа­лай дәл бедерлеген. Алматының әсем бейне­сін айшықтай келе, талай ес­телік­тер тұнған таныс кө­шелерді көңіліне барынша жа­қын етіп көрсетуге күш салады. Ал бірде ақар-шақар шыңдар­дың баурайына қызғалдақтан кілем тө­сеп жаныңызға жаз орнатады. Кенептегі бейтаныс мар­жан мекенге аңсарың ауып, ертегілер еліне еніп кеткің келеді. Әспеті бөлек әсем ғимараттар зау биік­ке қол созған ағаштармен әуез тапқан. Тіршілікті үнсіз кү­йін­­де қабылдағанымен, жанары жақсылықты ғана көретін жан­­ның әлемі де әдемі. Оның қағаз бетіне түсірген ойларын оқып отырып, көңіл терезесінің әйнегінен нағыз шығармашыл адамының бейнесін көреміз.

– Көктем мені айналаның бә­­ріне ғашық етіп жыл сайын гүл болып оралады. Бұл сезімді көкі­регімде мәңгілік сақтап қал­ғым келеді. Бала кезден көңі­лім айналамдағы бояуларды ерекше әсермен қабылдайды. Аялдамадан басталатын қала тір­шілігі тұнжыраған ауа-райы­мен қосылып, мені бейжай қал­дырмайды. Тіршілік тынысы көңілімдегі сезім тереңдігінде бояу тілімен үн қатып ақ қағазға түскенше жанымды арпалысқа салады. Неге екенін, жаным айна­ладағы әлемнен өзгеше үйлесім іздейді. Бүкіл көңіл күйімді, жан дүниемді өнер арқылы сырт­қа шығарамын. Мүмкін бұл бар­лық суретшіге тән сезім шығар. Адам өмір бойы өзіндегі кем­шіліктермен күресіп, оны жеңе білуі шарт. Дарының болса да, оны тәрбиелеп, шыңдау керек. Еркін ойлы адам ғана өнерде жа­сампаздыққа қол жеткізеді, – деп тебіренеді Анар Әбжанова.

Еліміздің 100 жаңа есім­де­­рінің қатарына енген Анар Су­ретшілер одағының мүшесі. Өнер­ді өмір деп білетін ол өнер­сүйер қауымға өзінің онда­ған жеке көрмесін ұсынып үл­гер­ді. АҚШ, Чили, Франция, Ита­лия, Ресей мемлекеттерінде өт­­кен халықаралық байқау­лар мен пленэрлерде қолтаң­ба­­­сын қалыптастырып, шығарма­­- ­шы­­лығын ұдайы дамытып ке­леді. «Шабыт» фестивалінің лау­реаты. Табанды еңбек пен кір­шік­сіз көңіл ғана өмірді жар­қын түс­ке бояйтынына бек сенетін ол мына ғазиз әлемге ес-түссіз ғашық. Өмірге іңкәр сурет­шінің қол­таң­басына үңілген сайын сіздің де кеудеңізді үміт пен сенім, махаббат пен қуаныш кернейді. Анар­дың кенебінен көктемнің иісі аңқиды.

 

АЛМАТЫ