Өңірде 2010-2021 жылдар арасында 103 шағын мектеп жабылды. Ақкөл ауданындағы Радовка елді мекеніндегі білім ошағында небәрі 3 оқушы ғана бар. Бес-алты баладан ғана оқытып отырған мектептер аз емес. Шағын мектептердің болашағы қалай өрістемек?
Жоғарыда біз айтқан 103 мектептің жабылуы шалғайдағы соншама ауылдың жабылуы деген сөз. Өңірдегі сала басшыларының айтуларына қарағанда, жыл сайын 5-10 білім ошағы жабылуда. Осы жаныңды күйзелтер қарқынның беті қайтпаса, Көкшетау мен Қорғалжынның кең көсілген даласындағы ел іргесі сөгіліп, босап қалатындай.
Бір қарағанда, мемлекетке өкпе де жоқ. Бала саны аз мектептерді ұстап тұру үшін бюджеттен қыруар қаржы жұмсалады. Облыс орталығынан таяқ тастам жердегі Қошқарбай ауылы жұмыр жердің бетіндегі жұмақ тәрізді табиғаттың көркем бір пұшпағына орналасқан. Ауыл шаруашылығымен айналысуға барынша қолайлы мекен. Жетек шаншысаң, арба өсіп шығатын топырақ құнарын айтпағанда, Қошқарбай тауының ығына қоныстанған шоқ жұлдыздай шағын ауылдың айналасы сыңсыған мәңгі жасыл қарағай мен қолдың саласындай ақ қайың. Облыс, аудан орталықтары да иек астында. Қысы-жазы жол қатынасы бар. Ауызсуы зәмзәм дерсіз. Әйтсе де, ел екшеліп, етек-жеңі бүрісіп, шағындалып қалған. Ауыл қотанында түтін түтетіп отырған – негізінен егде адамдар. Жергілікті серіктестік басшысы, ауыл жанашыры Қайыркен Хасенов елін аман алып қаламын деп талай игілікті шаруаларды жүзеге асырды. Құтты қонысқа көшіп келушілер болса үй салып беруге де дайын. Тұрақты жұмыспен де қамтамасыз етпек. Ауыл адамдары мектепті сақтап қаламыз деп әр жылдары балалар үйінен он төрт бала алып, тәрбиелеп өсірді. Бірақ ол балалар ауылдағы білім ошағын тәмамдап, бірі қияға, бірі ұяға ұшып, өз өрістерін тапты. Болашақтың қамын ойлаған бұл ұмтылыс та ауылдағы бала санын көбейтуге сеп бола алмады. Қазір ауылда 0 жастан 5 жасқа дейінгі бес-ақ бала бар. Демек, мектеп болашағы бұлыңғыр. Алақандай ауылға тірек болып отырған, негізгі жұмыс көзі санатындағы бастауыш білім ошағында екі мұғалім еңбек етсе, қосалқы жұмысшылар одан да көп. Мәселен, үш от жағушы, бір еден жуушы, үш күзетші еңбек етеді. Мектеп директоры Ыбырай Балтағариннің айтуына қарағанда, бір қысқа 55-60 тонна көмір, 5 текше метр отын жағады. Оған электр қуатын қосыңыз. Ал мектепте оқитын бала саны – жетеу-ақ.
– Үкіметке өкпе жоқ, жеті балаға тәлім-тәрбие беру үшін осыншама шығын шығарып отыр, – дейді мектеп директоры. – Ауылда жас отау жоқ. Тепсе темір үзетін жігіттер мен бойжеткен қыздардың бәрі облыс орталығы мен астанаға жұмыс іздеп кеткен. Бәлкім халқы көп оңтүстіктен көшкен көштің бетін осылай қарай бұрсақ қана болашағымыз баянды болар еді. Біздің ауыл топырағының кімге болсын ұнайтынына кәміл сенемін. Зерлі Зерендінің көркем суреттей құлпырған көрікті етегі. Жазда орман-тоғайдың іші сыңсыған жеміс-жидек, небір құрғақшылық жылдары белуардан келетін жасыл шалғын, мөлт-мөлт етіп жатқан көл әне. Тіпті курортқа барудың қажеті жоқ. Біздің тұрған жеріміздің өзі – курорт. Құнарлы топырағында бақша өнімдерінің небір түрін өсіруге болады, төрт түлік малға да қолайлы. Ауыл адамдары кеңпейіл, ақкөңіл, ұйымшылдығы да мол. Мәселен, өткен жылы ел ағасы Қайыркен Хасеновтің ұйытқы болуымен Ұлы Отан соғысының жауынгерлеріне арналған тамаша мемориалдық кешен тұрғыздық. Қошқарбай елінен шыққан, бүгінде өзге өңірді жайлаған азаматтардың бәрі бір кісідей атсалысты. Мектеп те солай салынды. Ауыз бірлігі күшті ел кімді болсын жатсынбай, құшақ жая қарсы алуға әзір.
Жалғыз Қошқарбай ауылы ғана емес, Зерендінің шағын ауылдарының бәріне дерлік түсіп тұрған ауыртпалық осы. Іргедегі Айдарлы ауылындағы негізгі мектепте небәрі 39 оқушы бар. 15 мұғалім жұмыс істейді. Соңғы жылдары салынған екі қабатты еңселі мектеп – 1 995 шаршы метр. Барлық пән кабинеттері заман талабына сай жабдықталған. Шағын орталыққа 13 бала барып жүр. Мұнда да үш бірдей күзетші, 4 от жағушы, 3 еден жуушы жұмыс істейді. Ауа райына байланысты тәулігіне жарты тоннаға жуық көмір жағылады. Тамыздық ретінде пайдаланылатын отын тағы қажет.
– Мектептегі оқу-тәрбие жұмыстары өз ырғағымен жүріп жатыр, – дейді мектеп директоры Айдын Манап. – Ауылда жастар болмағандықтан, бала саны аз. Егер негізгі мектеп бастауыш мектепке айналса, мұғалімдердің көбі жұмыс іздеп жан-жаққа тарап кетуі мүмкін. Бала қамын ойлаған ата-аналардың да қоныс аударуы әбден ықтимал.
Шынында да бесіктен белі шықпаған алты жастағы баласын мектеп-интернатқа беруге ата-аналар құлықсыз. Оларды да түсінуге болады. Әлі оң-солын танып үлгермеген кішкентай балаларының көздерін жәудіретіп, интернатқа қалай апарсын. Қазір бағзы замандағыдай емес, ет жақын туысын сағалап, солардың үйіне тұрғызып, оқыту дәстүрі де ұмыт болған. Ендігі амал – тек тасымалдап оқыту. Облыста 360 шағын мектеп бар. 6 мыңға жуық бала тасымалданып оқытылады.
– Белгіленген тәртіп бойынша шағын елді мекендердің оқушылары 25 шақырымнан аспайтын жердегі мектептерге тасымалдап оқытылады. Бұл туралы Үкіметтің қаулысы бар. Тіпті бала саны жетпейтін шағын мектептерді ұстап тұруға мәжбүрміз. Шағын мектепті жабу ауылды жабу деГен сөз ғой. Сондықтан бұл мәселеге барынша жанашырлықпен қарауымыз керек, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова.
Тығырықтан шығар жалғыз жол ауылдың алпыс екі тамырына қан жүгірту. Ол үшін ауылға шынайы, жанды қамқорлық қажет. Егер ауылда пайдалы жұмыс орындары ашылып, жастар кәсіпті игергенде ғана шалғайдағы шағын ауылдардың көсегесі көгермек.
– Қалаға көшіп келген себебіміз ауылда адамды қызықтырып, кіндігін туған жердің қазығына байлайтын еш тетік қалған жоқ, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Қоныс Есенбаев. – Жұмыс жоқтығы өз алдына, мәдениет, спорт ошақтары, үлкен мегаполистегі тәрізді спорт үйірмелері жұмыс істемейді. Айдалада қалған ауылда мұндай нысандар қайдан болсын? Ауыл балалары қанша жерден талапты, талантты болса да, музыка, спорт, көркем өнер, ІТ технологиямен айналыса алмайды. Олар бала болса да интернет желісі арқылы қала балаларының мүмкіндігін көріп отыр ғой. Жастарды қызықтыратын ештеңе болмағаннан кейін қалаға көшпегенде не істесін? Ауылды көтеру үшін кешенді жоспар қажет. Айталық, ауыл адамдары ауыл шаруашылығының бар игілігін көріп отырған жоқ. Мысалы, шалғайдағы ауылдардан сүт жиналмайды. Егер сүт зауыттары қалаға жақын жерлердегі тәрізді тұрғындардың бағымындағы малдың сүтін сатып алатын болса, ауыл тұрғындары үшін көп-көрім табыс болар еді. Сондай-ақ малдың терісі мен жүні де кәдеге аспай жатыр. Қазір мұндай өнімдер ешкімге қажет болмай қалды. Мал азығы онсыз да қымбат. Егер өнімінен пайда таппаса, малсақ қауым мал баға ма?
Дәл қазір бюджет шығынын азайтып, бала саны аз шағын мектептердің бәрін жабу керек деуге ауыз бармайды. Жалғыз амал – Алаштың ақ бесігі ауылдың жағдайын түзеу. Келешегі кемел болуын көксеген ел алдымен осыны ойлауы керек.
Ақмола облысы