• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Пікір 10 Наурыз, 2022

Бәсекелестік – ілгерілеу кепілі

545 рет
көрсетілді

Қазақстанның болашағы көп факторға байланысты. Солардың ішіндегі ең негізгі фактор Amanat партиясының әрекетшілдігі болуға тиіс. Меніңше, Amanat партиясы алдағы уақытта өзінің миссиясын, мақсатын ұзақмерзімді және қысқамерзімді жоспарын елдегі болып жатқан жағдайлармен үйлестіріп, қайта қарауы керек.

Егер біз Жаңа Қазақстанды, адал еңбекке, кәсіби біліктілікке, тұрақтылыққа және әлеуметтік әділдікке негізделген қоғам құрамыз десек, онда бұл жерде шешуші, ықпалды күштің рөлін сөз жоқ, еліміздегі жетекші саяси ұйым – Amanat партиясы атқарады.

Бүгінде біздің елімізде тарихи себептерге байланысты, биліктегі басымдыққа ие жалғыз партия Amanat болып отыр. Әрине, Қазақстан көппартиялы саяси жүйені қолдайды. Заң бойынша басқа партиялардың болуына шек қойылмаған.

Елдегі өзге саяси партиялар қоғамдағы әлеуметтік топтардың мүддесін қорғайды. Олардың әлеуеті де, қауқар-күші де билік партиясымен салыстыруға келмейді. Сондықтан бар үміт – аманаттықтардың қолында. Олар партиялар арасында шынайы бәсекелестікке негізделген саяси реформаларды қолдауға тиіс. Себебі қоғам өмірінің қай саласын алмаңыз, білім, ғылым, мейлі бизнес болсын, дәл солай саяси өмірде де шынайы, нағыз бәсекелестік бар жерде рационализм, алға жылжу, ілгерілеу болатыны сөзсіз. Екіншіден, әлеуметтік саяси жүйелерді ұйымдастырғанда әрине, халықаралық тәжірибелерге сүйену қажет-ақ.

Сонымен бірге қандай мәдениеттің өкілі екенімізді негізге ала отырып, Ұлы дала демократиясы үлгілерінің қандай болғанын ұмытпауымыз керек. Amanat партиясы билікті әділетті жүргізуде қазақ даласында қалыптасқан құндылықтар жүйесін, Ұлы дала демократиясының принциптеріне сүйенгені жөн.

«Қазақтың әр баласының ханда хақы бар» дейді. Датын айтып келген кез келген қазаққа хан ордасына кіріп датын айтуға рұқсат берген. Осындай көптеген халықтың пікірін тыңдаудың жолдары бар. Меніңше, Amanat партиясы шын мәніндегі халық партиясы болуы үшін осы ұлттық билік жүргізу принциптерін қарауы керек. Мұның ішінде, әсіресе, билер институтының ел ішіндегі, сыртындағы дауларды шешуде ұстанатын негізгі қағидалары маңызды рөл атқаруға тиіс деп ойлаймын.

Қазіргі кезде заманауи үдерістерге байланысты ұлттық мемлекеттік бірегейліктің қалыптасуы қарқынды жүріп жатыр. Осы үдеріс жаһанданумен бірге, үнемі соған қарсы күш ретінде ұлттану үдерісімен қатар келіп, қабаттаса береді. Біздің тұтас бір мемлекет ретінде ойлау жүйеміз де, санамыз да ортақ болып қалыптасып келеді. Бұл – сөзсіз, қуантатын жағдай. Енді осы үрдіс катализациялану үшін әлемдік тәжірибеде ұлттардың қалалану (урбанизация) үдерісі жүреді. Ұлттар мен ұлыстардың көпшілігі қалаға көшеді. Сонда ғана олардың ортақ санасы қалыптасады. Сондықтан осы қалалану үдерісін дұрыс жолға қою керек. Тек қана мегаполистерге ғана мән бермей, жалпы қалалық елді мекендердің инфрақұрылымын жасау керек.

Ұлттану үдерісінде тәуелсіздіктің 30 жылы өзінің жемісін берді. Қазақстан бейбіт кеңістікте өмір сүрді. Осы жылдарда қол жеткізген жетістіктеріміздің шоқтығы – тұрақтылығымыз. Соның арқасында халқымыздың саны өсті. Сан бар жерде міндетті түрде сапа болады. Қазақстан халқының ұлтжандылығы нығайды. Өзін Қазақстан мемлекетімен бірегейлендіру психологиялық процесі нық орнықты. Бірақ қазақтану үдерісінің тоқтамайтынына мән беру керек. Қазақ ұлтының құндылықтары мен мәдени ұғым-түсініктері мемлекеттік этносимволизмнің өзегі екеніне ерекше мән беруіміз керек. Әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, барлық унитарлық елдерде мемлекеттік тіл қоғамдық өмірдің барлық саласында өз деңгейінде сапалы коммуникацияға қызмет етеді.

Аталған партияның электораты да көп. Өз құрамында қоғамның барлық қабаттарының өкілдері болуы себепті, мысалы, саяси басқарушы, зияткер ғылыми элита, сарапшы әлеуметтік топтар мен ірі және орта бизнес өкілдері, ұсақ кәсіпкерлікпен айналысатын және қарапайым азаматтар саны басқа партияларға қарағанда әлдеқайда көп болуымен қуатты. Осыны ескере отырып, партия жетекші саяси ұйым ретінде электорат түсінетін тілде коммуникация жүргізуі керек. Сол кезде билік пен партияның арасы алшақтамайды.

Қазіргі кезде Қазақстан қоғамының көп бөлігін қазақтілді азаматтар құрап отыр. Осыған бұрынғыдан да айрықша назар аударуымыз керек. Amanat нағыз халықтың партиясы болуы қажет деп санаймын. Партия құрамында білікті кадр­лар мен мықты тұлғалар бар. Сондықтан бұл партиядағы саяси билік өкілдері мен сол саяси элитаның электораты билік пен халықтың арасында «алтын көпір» болады деген сенімдемін.

 

Анар ФАЗЫЛЖАН,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры