• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 10 Наурыз, 2022

Сіз күткен көктем

694 рет
көрсетілді

Ақын Гүлнар Салықбай бір сұхбатында: «Өмір тек күту­ден тұрады», дейді. Бәлки, пессимистік көзқарас, бәлки, шындық.

Адам әрқашан ертеңінен жақсылық күтеді. Қызықтың бәрі алда сияқты көрінеді. Ертеңнен бастап бақытты болуға, ертеңнен бастап жақсы өмір сүруге тыры­сасың. Соған сенесің. Бір сәт көңілің құлазып қалса, «бүгін жылап алайын, ертеңнен бастап мұңаймаймын» дейсің. Өз-өзіңе серт бересің. Ал ақындар алдағы уақытта әйтеуір бір жақсы өлең жазатынына сенеді. Жазушы жақсы шығарма жазатынына сенеді. Ғашық адам сол жанның бір келеріне сенеді. Бәлки, телефон шалар, хат жазар, пион гүлін сыйлар, оған батылы жетпесе, «М-ға» деп өлең жазар... Иә, адам уақытқа үлкен үміт артады (уақыт соны біле ме екен?..) Содан болар кейде адамға қысқа ғұмыры да ұзақ болып көрінеді.

Білесіз бе, сіз күткен осы сәт­тердің бәрі көктемде болуы мүмкін. Қар астынан бүр жар­ған бәйшешекпен бірге сіз­дің жақсы естеліктеріңіз де өмірге келген болар. Жер жіп­сіп, Көктемнің иісі көңіл сергі­тер уақыт бәріміздің арман-мезгіліміз. Жүректе жиналған өкпе, реніш, қаяу, жас, мұңды көктемнің жып-жылы жаңбыры шайып кетердей күтесің. Суыған, жаураған, сағынған, ұмытылған сезімді көктемнің тамызық ауасы жылытардай. Ал құстар салған көктем әні сенің әніңдей...жүрек сөзіңдей.  Сол сеніммен, сол үмітпен іштей көктемге дайындаласың. 1 наурызда Күнге сәлем бересің. «Өмір деген – Күнді айналу» деп Серік Ақсұңқарұлының өлеңін қайта оқисың. Ал қыздар енді бәрі өзгеретіндей шаш қияды, жаңа көйлек киеді. Бәрі көңіл күй үшін, ішкі жан дүниеңнің үйлесімі үшін. Қызық.

Жер-ана бусанған шақта ғарышта да ерекше құбылыстар орын алады. Ғалымдар бұл кезеңді «галактика маусымы» деп атайды. Көктемде аспаннан жарқырай көрінетін жұлдыз – Шолпан (Венера). Күн мен Айдан кейінгі ең жарық жұлдызды ашық ауа райында, тіпті күндіз де көруіңіз мүмкін. Әгәрәки, көктемнің алғашқы күндерінде Ай жанынан аспанға түймедей болып қадалған Шолпанды көре қалсаңыз, міндетті түрде жақсы тілек тілеңіз. Ең жарық жұлдыз өзіне қол созған әр жанның сөзін естиді, жанын түсінеді, үнсіз ғана сырласады, бәлки жұбатар.