Аралас жекпе-жек әлеміндегі ең үздік бес промоушеннің бірі – Ресейдің АСА лигасы алдағы айларда жеңіл салмақта күш сынасып жүрген ең мықты сегіз спортшының басын қосып, жақсы бір жарыстың жалауын желбіретуді көздеп отыр. Сол дүбірлі додада біздің Артем Резников та өнер көрсетеді.
Артем Резников – Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласының тумасы. Жасы 30-да. Бозбала шағында еркін күреске мықтап ден қойған ол бірқатар жарыста жүлде алды. Содан кейін «Соңғы император» атанған даңқты спортшы Федор Емельяненкоға еліктеп, аралас жекпе-жекпен айналысты. Бұл ретте де Артем елеулі табыстарға қол жеткізді. 10 жылдан астам уақыт ішінде 28 кездесу өткізіп, 22 рет жеңіске жетті. 17 қарсыласын есінен тандырды. 70 кило салмақта күш сынасып жүрген жерлесіміз алғашқы тоғыз жекпе-жегінде жеңіске жетсе, оныншы мәрте октагонға шыққанда ресейлік Георгий Кичигинге ұпай санымен есе жіберді. Одан кейін ол тағы бес бәсекені өз пайдасына шешті.
А.Резниковтің спорттық ғұмырында құлдырау кезеңі де болды. 2016-2017 жылдары ол қатарынан бес кездесуде жеңілістің кермек дәмін татты. Бірақ бұл жағдай жерлесіміздің жігерін жасытқан жоқ. Керісінше, әр сәтсіздіктен сабақ алған Шығыстың шымыр жігіті одан кейінгі сегіз бәсекеде өзінің үстемдігін паш етті. Яғни 2017 жылдың қараша айынан бері ол ешкімнен жеңілген жоқ. Резниковтен таяқ жегендер арасында ресейлік Михаил Балакирев, Хасан Халиев, Хамзат Аушев, Юсуф Раисов және тағы басқа танымал спортшылар бар. Қазіргі кезде отандасымыз АСА рейтингінде үшінші орынды иеленуде. Қазіргі кезде көптеген жанкүйер Артемнің жеңіл салмақтың үздігі Абдул-Әзиз Абдулвахабовпен чемпиондық белбеу үшін өтетін бәсекесін тағатсыздана күтуде.
Аталған жарысқа қатысатын сегіз спортшының әзірге алтауының ғана есімі белгілі. Солардың қатарында Артем Резниковтен бөлек, америкалық Луис Пенья, бразилиялық Хакран Диас, ресейлік Али Багов, Эдуард Вартанян және Юсуф Раисов сынды спортшылар бар. Бұл жігіттердің барлығы да «кіммен болса да айқасуға даярмыз» деп жұлқынып тұр.
28 жастағы Луис Антонио Пенья Италияның Неаполь қаласында дүниеге келген. Кейіннен Америкаға қоныс аударып, АҚШ-тың азаматтығын алды. Лақап аты – «Ашулы» («Violent»). Барлығы 14 мәрте жекпе-жекке шыққан ол 10 рет жеңіс тойын тойлады. Соңғы тоғыз кездесуін Пенья UFC-де өткізді. Луис – «қылқындыру» әдісін орындаудың хас шебері.
Хакран Диастың жасы – 37-де. Ол Рио-де-Жанейро қаласында туып-өсті. Джиу-джитсуды жетік меңгеріп, қара белбеу иегері атанған бразилиялық осы спорт түрінен үздіксіз өтіп тұратын жарыстарға сонау 2005 жылдан бері қатысып келеді. 2012-2017 жылдар аралығында Диас та UFC-де өнер көрсетті. Барлығы 34 рет октагонға шыққан Оңтүстік Америка оғланының 26 рет мерейі үстем болды. Сол бәсекелерінің тең жартысын ол мерзімінен бұрын аяқтады.
31 жастағы Али Багов – Қабарда-Балқардың тумасы. Ол – джиу-джитсудан әлем чемпионы, грэпплингтен дүниежүзілік әскерилер ойындарының жеңімпазы. Аралас жекпе-жекпен 2009 жылдан бері айналысып жүрген Али 42 мәрте айқас алаңына шығып, 31 рет көздеген мақсатына қол жеткізді. Сегіз сайысты айқын басымдықпен аяқтады. Осыдан 12 жыл бұрын Багов жас жұлдыз Хабиб Нурмагомедовпен шеберлік байқасып, одан ұпай санымен ұтылды.
30 жастағы Эдуард Вартанян Ереванда туды. Ертеректе ол ата-анасымен бірге Мәскеудің іргесіндегі Видное қаласына көшіп барды. Ол самбодан Әлем кубогының иегері атанса, тай-бокстан Ресей чемпионатында топ жарды. Октагонға 26 мәрте шыққан Вартанян 22 рет үстемдік танытты. Сол бәсекелердің тең жартысында қарсыластарын есінен тандырды.
Юсуф Раисовтың есімі біздің жанкүйерлерге жақсы таныс. Чешенстанда соғыс басталған кезде болашақ спортшының әке-шешесі Ресейдің Саратов облысына қоныс аударды. Сол жерде Юсуп дүние есігін ашты. Жауынгерлік самбоны жақсы меңгерген ол 2014 жылы аралас жекпе-жектен өзінің тұсаукесер кездесуін өткізді. Содан бері 20 рет айқас алаңына шығып, соның тек екеуінде ғана ұтылды. 11 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. «Борз» («Қасқыр») деген бүркеншік есімді иемденген 26 жастағы спортшының жолы қазақстандықтармен екі мәрте қиысты. Осыдан сегіз жыл бұрын астанада ол Жұмакелді Жалғасұлын жеңсе, 2020 жылдың күзінде Мәскеуде Артем Резниковқа есе жіберді. Кезінде Юсуп жартылай орта салмақта аталған лиганың чемпиондық белбеуін иеленді.
Алдағы АСА турнирінде сегіз саңлақ үстіміздегі жылдың соңына дейін бір-бірімен айқасып, солардың арасында кімнің мықты екені анықталады. Бас жүлдені олжалаған спортшы 200 мың доллар көлемінде сыйақы алады. Өзге жігіттер де құралақан қалмайды. Олар да өздерінің жеткен межелеріне сәйкес ақшалай сыйлыққа ие болады. Ал осы жарыстың жалпы жүлде қоры 800 мың долларды құрап отыр.