Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында 2022 жылға арналған егіс алқаптарының болжамды құрылымын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жалпы егіс алқабы 23,1 млн га құрайды, бұл 2021 жылдың көрсеткішінен 125 мың га артық. Өндірісті әртараптандыру және монокультурадан кету жалғасуда, осыған байланысты бидай алқабы 368,1 мың гектарға азаяды, жемшөп дақылдарының алаңы едәуір ұлғайтылып, 3,6 млн гектарды құрады», деді Айдарбек Сапаров.
Оның айтуынша, көкөніс дақылдарының шамалы өсуі байқалады, бақша дақылдары 2 мың гектарға төмендеді, күріш бойынша алқап 6,5 мың гектарға азайып, 89,9 мың га егіледі.
Ығыр, мақсары және қыша секілді майлы дақылдар бойынша алқаптар 61,7 мың гектарға азаяды деп болжануда, ал күнбағыс алқаптары керісінше ұлғайтылады.
«Өткен жыл көрсеткендей, алдын ала жоспарлау және қажетті дақылдардың алқаптарын ұлғайту бойынша жұмыс нәтиже береді. Мысалы, қарақұмық бойынша. 2020 жылы алаң 50 мың гектарға ұлғайтылды, нәтижесінде нарықта жарма тапшылығы байқалмайды. Бұл қарқынды жоғалтпауымыз қажет, 100 мың га қарақұмық егісінің көрсеткішін келесі жылы да сақтау қажет. Картоп бойынша өсім шамамен 5 мың га құрайды, ал бұл 100-110 мың тонна картоп», деп қосты Айдарбек Сапаров.