• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Наурыз, 2022

Бірінші мәтін немесе өтірік пен жалғандықтан қалай арыламыз?

507 рет
көрсетілді

«Журналистерді көше әншілері мен көше суретшілері сияқты қылғыңыз келе ме?» деген сұрақ түсті.

Сірә, «көшеде­гілер­дікі ешқандай да кәсіп емес» деп тұрған болуы керек. Қайбір жылы Алматының Арбатында қаптап отыратын суретшілерге бір журналисті жіберіп сұратқызған едім. Қандай тақырыптар өтімді, нендей суреттер көп сатылады? Сонда «Аттың басы мен ел басқарған адамдардың суреті көп өтеді» деген жауап алдым. Оның астарында не барын тәптіштеп жатпай-ақ қояйын. Бірақ сол Арбатта домбыра ұстаған бір әншінің шерлі әндерді көбірек айтып отыратынын байқап жүретінмін. Бір күні қарасам, маңайына қараң-құраң біраз адам жиналып қалыпты. Мен де құлақ қойып тыңдасам, Қонаевтың атын әнге қосып айтып отыр екен. Жарайды, суретті кабинеттеріне іліп қою үшін сатып алатын шығар. Ал Қонаев туралы әнді не үшін тыңдайды? Өзінің сөзі де үлкен сахнаға арналмаған, яғни «мұрты басылмаған» ән. Басқаны білмеймін, сол күні қайырмасында оқшау-оқшау жолдары бар әлгі ән кешке дейін құлағымнан кетпей жүрді.

Иә, неге ел басқарған адамдардың суре­тін салады? Оны сатып алушылар құрмет­теп, кабинеттеріне іліп қойғаннан басқа не істейді? Ал неге аттың басын салады? Се­бебі қалалық болса да, қазақтың бәрі жыл­қыны жақсы көреді. Сол кезде маған көше­дегі халық та өз тақырыбын таппай сенделіп жүргендей көрініп кетті. Сәл өтім­ді тақырып тапсаң болды, жұрттың бә­рі шы­бынша үймелейтін сияқты елестет­тім. Алайда ол суретшілердің бәрі күнкөріс қамымен ғана отыр. Әншілердің айтып отырғаны да көбінесе үйреншікті, құлаққа таныс әндер. Әрі кеткенде қайырмасына Қо­наев сияқты қадірлі бір адамның атын қосып айтып, елдің назарын аударғысы келеді.

Кенет, сол көшелермен қолдарына таяқ ұстаған қалың нөпір сеңдей соқтығысып жүріп өтті. Журналистер үшін олар кімдер, оңтайлы сөз табам деп әуреленбей-ақ қойыңыз, олар – тақырыбын таппаған адам­дар! Әрине, көше әншілері мен көше суретшілері тап сол кезде өз орындарын­да болған жоқ, әйтпесе жағымды да, жағым­сыз да неше түрлі жаңа образдарды көретін еді. Осыған дейін зиялы қауым аталып келген қаламгерлер де ол жерде болмады, болғанда не істейтін еді. «Зиялыға «зиянды», Ұйқастырған қу шебер. Бұзбас па едің ұяңды, Жолыңда Абай тұрса егер» деген жолдар сондағы көңіл күйден туған!..

Бірақ мәселе онда емес. Жоғарыдағы сұрақ өткен жолғы жазбамызға қатысты қойылды. Әлеуметтік желіде сұрақ көбейіп кеткен соң үндемей қала алмадық. Біз онда «бұқаралық ақпарат құралдары» деген атауды өзгертіп, «бұқаралық коммуникация құралдары» деген атауға көшуіміз керек деген едік. Жақында мен бұқаралық коммуникация құрамына кітап та, кино да кіретінін естіп таңғалдым. Шынында да басқаны айтпағанда, соңғы жылдарда түсіріліп жүрген телесериалдар кинорежиссерлерден гөрі, тележурналистердің жұмысына көбірек ұқсап бара жатқаны да өтірік емес. Әрі-беріден соң қазір әлем әдебиетінде де әдебиеттегі журнализм өз орнын нықтап, публицистика араласқан дүниелердің алды Нобель сыйлығын да ала бастады.   

Алайда әлеуметтік желіде желдей ес­кен өтімді тақырыптар журналистикада жет­кілікті қамтылмай келеді. Оған себеп бұл саладағы жүйенің дұрыс құрылмай, барлығымыздың тар шеңберлі БАҚ-қа байланып қалғанымызда болып отыр. Кейде айналасын жеп тауысқан арқандаулы ат сияқты көрінетініміз өтірік емес. Біз тіпті қазір де қаптаған коммуникациядан өзімізді бөліп қарағымыз келеді. Айтса олар айта берсін, біздің өз тақырыптарымыз бар деген тәкаппарлықтан әлі арылған жоқпыз.

Шын мәнінде біз бұқаралық ақ­па­­­рат құралдарының емес, бұқаралық ком­му­никацияның құрамында жүруіміз ке­рек еді. Қаламгер дегенде халықтың көз алдына бүкіл ақпарат тарату салала­рының бәрінің біріккен жүйесі келуі керек бо­латын. Бүгінде әлемде бұқаралық ақпарат құралдарының емес, бұқаралық ком­муникацияның біртұтас жүйесі үстемдік құрып тұр. Өркениетті елдерде оның құ­рамына кітап пен киноны да кіргізіп жі­берген соң, басқа не дейсіз?!

Ал енді бұрынғыдай үлкен бір тақы­рып­тарды тауып алып, ауыр идеяларды жазсақ, ол ешкімге керек болмайын деп тұр. Өйткені бүгінде жылы кабинеттерден гөрі, көшенің сұранысы әлдеқайда өтімдірек. Кешегі жайбарақат заманда мұндай нәрселерге онша мән бере бермеуші едік. «Қоғамға керек, халыққа керек» деп қайдағы бір тақырыптарды тауып алатынбыз. Өзіңдікі дұрыс екеніне толық сенімің бар, бірақ оған халықтың арасында сұраныс бар ма?!.

Қайбір жылдары сары басылымдар көшенің әңгімесін ақпарат кеңістігіне біра-ақ шығарды. Олардың таралымы басқалар қызыға қарайтындай деңгейге жетті. Себебі олар көшеде тыңдамай өте ал­майтындай тақырыптарды жазды. Оған халықтың  көңіл күйі аралас­ты. Кейбір шетін мәселелерді көтергені реніш те туғызып жатты. Жалған патриоттар көпшілік орынға апарып өртеген жур­нал­ды да көрдік. Сөйтіп тәуелсіз Қа­зақ­­станның тарихында бірінші рет газет-журнал өртелді. Осының бәрі ақпарат саласында қызу қайнап жатқан өмір бола­тын. Бүгінде ол басылымдардың тақы­рыптарының бәрі әлеуметтік желіге көшті. Сары басылымдар деген атау да санамыздан өшті. Бірақ ол жоқ болып кеткен жоқ, әлеуметтік желімен араласып, жаңа сапаға ауысты.

Сары басылымдар жоқ деген сөз, олар да дәстүрлі басылымдардың қатарына қосылды деген сөз. Біз қазір бәріміз қосы­лып, бұқаралық коммуникация кеңістігіне шықтық. Бұл кеңістікке бұқарамен ақпарат алмасатын саланың бәрі кіреді. Тіпті әлгі көше әншілері мен көше суретшілері де соның ішінде жүр. Себебі олар да белгілі бір дәрежеде халықпен тікелей қарым-қатынасқа түседі. Мәселен, Қонаевтың мерейлі жылы болса, ол туралы ән айтады, суреттерін өткізеді. Сол тақырып осы күндері әлеуметтік желіде де, газет-журналдарда да жүреді. Сондықтан біз қаласақ та, қаламасақ та бәріміз бір кеңістікте өмір сүріп жатқанымыз айдай ақиқат шындық.

Бұл кеңістікті өтірік пен жалғандық жайламауына бәріміз жауаптымыз. Шындық іздеген жұрт әлеуметтік желіге ғана телміріп қалмауы керек. Суретші де өтірік сурет салмауға тиіс. Әнші де жалған пафосқа жол бермегені жөн. Жазушының жазғаны да шындықтың ауылынан алыс кетпегені дұрыс. Ауыз үйреніп қалған үш саланы ғана айтып отырмыз. Әйтпесе бұған қоғам келбетін сомдайтын саланың бәрінің қатысы бар. Оның ішіне тарихшыны да, философты да, саясатшыны да қосамын десеңіз өзіңіз білесіз.    

Бірақ қаңтар оқиғасына байланысты жұрт суретшіні де, әншіні де, басқаны да емес, жазушыны кінәлады. Жазушыны зия­лы деп таныды да, қашарға жүк артқандай бар кінәні соның мойнына артты да жіберді. Зиялы деген жалғыз жазушы ғана емес десе де, кінә артқандарын қойған жоқ. Бір қызығы, осы ақын-жазушы деген қауымның ішіне қалам ұстағанның бәрі кіріп кетті. Әлеуметтік желідегі белсенділер бәрін қосып, бір шыбықпен шықпыртты десе де болады. Бұл кейінгі жылдардағы жазушы атаулыны сүйкімсіз етіп көрсету саясатының салқыны екенін біреу білер, біреу білмес. Маған жазушылар өткен уақыттарда қоғамдық-саяси өмірден әдейі шеттетілгендей көрінеді де тұрады.

Бір қарасаңыз, кешелі-бүгінгі танымал ғалымдардың бәрі де жазудың қадірін білген. Алаш қайраткерлерінің бұл тарапта не айтқандары баршаға белгілі. Одан кейінгі қайраткерлердің де өз жұмыстарынан басқа, біраз жазған-сызғандары да бар. Осы орайда «жазу деген не?» деген сұрақ өзінен өзі туады. Шынында да адамды не басқарады? Адамды, байқасаңыздар, жады басқарады. Адамның жады деген не? Адамның жады деген – жазу. Сіздің жадыңызда өткен күн­деріңіз барлығы жазулы тұрады. Демек, жады, ол – жазу. Бұл енді өткен күнге байланысты айтылып отырған әңгіме.

Болашағыңызға қатысты не дейді? «Пе­шенеңе жазғанды көресің», «маң­дайыңа жазғанды табасың» дейді. Ол не? Ол да – жазу. Демек біз жазуға бағы­ныштымыз. Біз жазудан кете алмаймыз. Қандай заман, қандай күн болса да біз жазудан кетпейміз. Негізі жадыға жазылған жазу ешқашан өшпейді және өзгермейді. Кешегі күні тасқа басылған сөзді халықтың шындық деп қабылдап келгені содан да шығар. Енді бүгін келіп сол жазу халықтың өз қолына көшкендей мәре-сәреміз. Қазіргі қоғамдағы ең жанды мәселенің бәрі әлеуметтік желіге көшкен. Енді олар өз сөздерін өздері жалау ғылып көтеріп, көшеде дүркіреп көшіп барады.

Ал енді сіз бірінші мәтінді көшедегі адамдар емес, кәсіби адамдар жазу керек екенін білесіз бе? Себебі санада өшпес­тей болып жазылып қалатын сол, бірінші мәтін. Өркениетті әлемде кітапты да, киноны да, тіпті суретті де бұқаралық коммуникацияға жатқыза бастағаны содан. Мейлі, кім болса да биік мәртебелі сенімге ие болатын шын өнерге қызмет еткені құба-құп. Міне, сондықтан да демократияға ешқандай шек қойылмайтын елдерде бірінші мәтінді кәсіби адамдар жазады. Қазақ атам оны бір-ақ ауыз сөзбен айтқан: «Сөзіңді біреу сөйлесе, аузың қы­шып бара ма?»...

Бірақ бізде басқаша. Шындықты адамдар көшеден таратылатын сюжеттерден іздейді. Көшеден ситком сияқты жеңіл-желпі қызық сюжеттер таратса бірсәрі. Жоқ, олар ұялы телефонмен түсіріп, саяси ақпараттар тарататын болды. Оны мыңдаған адам көреді және содан қорытынды шығарады. Егер елдің бәрі солай хабар тарата беретін болса, онда біздің қоғамда анархия орнап, хаос пайда болмай ма? Интернетті өшіре алмай, мемлекет ақпаратқа ие бола алмай қалып жүрсе қайтесіз? Мемлекет ақпаратқа ие бола алмай қалды деген сөз, билік осы қоғамды басқарып отырған тетіктерінің бірінен айырылып қалды деген сөз. Ендеше, осы саланың кәсіби тұрғыда дамуы­на мемлекет те, халық та, қала берді әлгі зиялы аталған қаламгерлердің өздері де мүдделі болуға тиіс. Мемлекет бұқаралық коммуникацияға байланысты саясатты осылай жүргізуі керек.

Бірінші мәтін – шындық! Желтоқсан оқиғасы кезінде алғашқы таратылған ақпараттар бірінші мәтін бола алған жоқ. «Жастар республика басшылығына басқа ұлт өкілін қоюға қарсы шықты» демеді. «Алаңға кілең нашақорлар мен маскүнемдер шықты» деді. Егер сонда бірден шындықты айтқанда, ол – бірінші мәтін болып қалатын еді. Ал енді Желтоқсан оқиғасы мен кешегі Қаңтар оқиғасының айырмашылығы неде?

Желтоқсан көтерілісінің кезінде интернет болған жоқ. Қаңтар оқиғасында интернет бұғатталды. Басында халық өзі таратты ақпаратты. Ұялы телефонмен, әлеуметтік желілер арқылы. Содан кейін тізгінді бірден 24kz телеарнасы алды. 24kz тікелей эфир жүргізіп, жүгертпе жолдар беріп отырды. Бұқаралық коммуникацияның бірден-бір үлгісін сол 24kz көрсетті. Сол кезде әлеуметтік желіде «24kz-ке рақмет» деген посттар шықты.

«Барлық ақпаратты осы арнадан алып отырдық» деп жазғанымызды ұмытпайық. «Тек 24kz қана ақпаратты сағат сайын, минут сайын беріп отырды» дедік. Демек, мемлекеттің істеп отырғаны болса да, халық оны мойындады. Сонда мемлекет халыққа ақпарат тарататын тетікті, бір ғана арна арқылы ұстап отырды. Егер басқалар да сондай ақпараттарды жаппай көрсеткенде не болар еді, түк те болмайтын еді. Қайта дақпырт азайып, дабыра басылып, халық анық ақпаратты ертерек алар еді. Бейбіт шеру де, бейберекет тонау да, қасақана өртеу де, оларға оқ ату да, бәрі уақытында айтылып, халыққа дұрыс ақпарат берілер еді. Ондай ақпаратқа кім ие болса, соның дегені болатынын бүгінде әлемде бәрі мойындап отыр. 

Бірақ біз ақпарат құралдарына сенеміз бе? Біз газет-журнал жазып жатқан, телерадио беріп жатқан хабарларға сенбейтін болдық! Биліктен біреу бірнәрсе айтып жатса да сенбейтін халге жеттік. Ол кім болса да, әйтеуір, бізді алдауы керек сияқты. Ештеңеге сенбей отырған кезде, көшедегі біреу келіп, тура сол ақпаратты таратса, сене қаламыз. Міне, бұқаралық коммуникацияға дер кезінде өтпегеніміз, халықты сондай халге жеткізіп отыр.

Өркениетті әлемде көшеден келген ақпарат таратушыға емес, кәсіби тұрғыдан ақпарат таратушы адамға сенеді. Өйткені ол оны алдаған емес, оларда алдау деген түсінік те жоқ, әрі жалған ақпарат беру олар үшін өліммен тең. Бұл жағынан өз атына кір келтіріп алмау үшін жанталасады және солай болуы керек екенін билік те, басқа да бәрі мойындаған. Ақпарат саласының ақ жолдан таймауы, ақиқатты жазуы ең жоғары құндылықтардың бірі болып есептеледі. Осының бәрінің негізі өз оқырманы мен көрерменіне бағынышты бұқаралық коммуникациялық ұстанымда жатыр.

Әсілі, жазу-сызудың барлығы натурализмнен басталады. Көргенін көрген қалпында өзгертпей жазады. Кешегі көшеден ақпарат таратып жатқандардың тірлігі де сол. Бізге де сол қызық, бірақ шындық ол емес. Одан кейін реализм келді. Ол мәселенің шындығын ашып көрсетті. Сөйтіп, оның жай ғана шындығын ашып көрсету де аз болып көрінді. Қазір ол шындықтың қанын сорғалатып жазып, шыңғыртып айтатын болды. Ол қатал реа­лизм дегенге алып келді. Басқалар бір ғасырда бастан өткерген осы ағымдарды біз айналасы жиырма-отыз жылда-ақ көріп, біліп тастаған тәріздіміз.  

Ал енді, қатал реализмнен кейін не бол­ды? Шындықтың да шындығы бар демекші, ол шындықтың ішіне кіріп, қол­қа­сын суырып, табаға қуырғандай шыж­ғырып берсе де шімірікпейтін кезге кел­дік. Оны енді не деді? Оны гиперреализм деді. Екі аралықта сюрреализм келіп, шындықты айдаладан іздеп қаңғып кеткен­дер де бар. Айналып келгенде не болды, қо­ғам тоқырауға ұшырады. Кім не айтарын, не ойларын білмей дал болды. Кімді тың­дарын, кімге сенерін де білмей қалды. Тура біздің кейінгі бір жағдайларымызға ұқсайды.

Егер үңіліп қарасаңыз, бізде ғана солай болып жатқан жоқ.  Бүгінде бүкіл әлемде саяси дағдарыс бар. Қоғам бұрын экономикамен бірге тоқырауға ұшыраса, енді саясатпен бірге тоқырауға ұшырады. Әлемдегі экономикалық дағдарыстан модернизм мен постмодернизм алып шыққаны белгілі. Ал қазіргісі саяси дағдарыс болып тұрғанын алпауыт елдерден бастап, бәрі мойындап отыр. Міне, осы дағдарыстан адам баласын әзірге бұқаралық коммуникация құтқарып тұр. Егер өз жарасын өзі жалап жазғандай күй кештіретін бұқаралық коммуникация болмаса, қай қоғам болса да кез келген сәтте бомба болып жарылуға шақ тұр.

Бүкіл әлемнің алдында тұрған осы сұрақ. Экономикалық дағдарыстан модернизм алып шықты, енді саяси дағдарыстан не алып шығады? Мына тығырықтан қалай шығу керек? Бұдан бізді кім алып шығады? Бұл дағдарыстан әлемді бұқаралық коммуникация алып шығады. Ендеше, жауабы дайын екен, одан біз неге қашамыз? Неге уақыты өтіп кеткен нәрселермен айналысамыз? Осы бұқаралық ақпарат саясатын, бұқаралық коммуникация саясатына ауыс­тырып, неге ел қатарлы түсіністікпен өмір сүрмеске?!

Бұқаралық ақпарат құралдарында бағ­дар­лама жүргізу мәдениеті деген болады. Сіз бағдарлама жүргізудің мәдениетін, белгілі бір шекарасын білесіз. Бірақ ол енді қазір қызық емес. Бұқаралық коммуникация келгеннен кейін сіз хабарыңызды неше түрлі өнер шығарып жүргізсеңіз жақсы қабылдайды. Бар ойыңызда тұрған нәрсе, бұқаралық мәдениет қайда кетіп бара жатыр, бұқараның талабы не, оларға не әсер етеді? Мұның барлығы жоғарыда айтып өткен көше өнерінің элементтері, яғни журналистикадағы бұқаралық коммуника­цияның элементтері. Біз оның осы сырт дүниесін ғана меңгердік, бірақ іш дүниесін әлі меңгергеміз жоқ. Бар мәселе сонда болып тұр.

Бұл бұқаралық коммуникацияның дамығаны сонша, қазір әлемді ғарыштан басқаратын жүйе құруға бет алды. Соңғы соғыста Украинаға Батыстан ең жаңа үл­гі­дегі қару-жарақпен бірге, сондай ақпа­рат­тық байланыс құралдарын да жеткі­зіп беруде. Біздің ақ парақтай тап-таза жады­мызға болашақта сол құралдар арқылы не жазылатынын бір Құдайым білсін. Себебі біз әлі өз шындығымызды таппаған, өз шындығымызды таппай іштей тоқырай бастаған, іштей тоқырап қана қоймай, ашық күнде адасқандай да бір күй кешкен халдеміз.

«Жаңа Қазақстан боламыз» деген идея осындай бір дүбәра кепті бастан кешіп тұрғанда айтылды. Бұл идеяның сонысымен де Құдай ауызға салған бірінші мәтін болуға толық құқы бар. Бірақ оның басына «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» дегендей жаттанды сөз жазудың қажеті бола қоймас. Одан да «Өтірік өрге баспайды, жалғандық жарға жығады» деп жазып қойса, сол сауап па дейміз. Себебі осы өмірімізде жалған сөйлеп, жарты жолдан тастап кететін жалаң ұрандарға әбден тойдық. Ал мақаламызға өзек болған бұқаралық коммуникация халықаралық термин болғандықтан да қазақша баламасы жоқ. Бірақ ол не десе, бүкіләлемдік ақпараттық жүйе деп түсіндіруге болады. Айтпағымыз, ол жүйе өтірік пен жалғандыққа төзбейді де, төзбек те емес! Ендеше, бұған дейін құтыла алмаған өтірік пен жалғандықтан, осы жолы біз де құтылып қалайықшы дегіміз келеді. «Біздің де Құдайымыз бар шығар» дегендегі айтар сөз де осы еді.