• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Наурыз, 2022

Қазақстанда киік аулауға рұқсат беріле ме

441 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында соңғы жылдары ақбөкен саны күрт көбейіп, ауыл шаруашылығымен айналысатын қожалық иелері тарапынан наразылық күшейген еді. Өңірде өткен жылдың соңына дейін құрылады делінген «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты да әлі ашылған жоқ.

Ақбөкеннің Орал популяциясы санын реттеу мәселесі қалай шешіледі? Еділ мен Жайық арасындағы мыңғырған киіктің бір бөлігі Қазақстанның басқа аумағына көшіріле ме? Резерват қашан ашылады? Осы және басқа сауалдардың жауабын жа­қында Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде өткен арнайы жиыннан білдік.

Мамандар Батыс Қазақстан облысы аумағында соңғы жылдары киік саны қарқынды өскенін айтады. Ақбөкеннің Орал по­пуляция­сы Батыс Қазақстан облысының 6 ауданында, жалпы көлемі 4 млн гектар аумақта көшіп-қонып жүр. Ресми санақ бойынша 2011 жылы өңірдегі киік саны 17,7 мың бас болса, 2019 жылы 217 мыңға жет­кен еді. Ал 2021 жылғы жүргі­зілген әуе санағы Орал киік попу­ляциясының саны 545 мың басқа жеткенін көрсеткен.

Соңғы жылдары Батыс Қа­зақстанда болған қуаңшылық пен су тапшылығы кезінде жергілікті тұрғындар киік санының тым көбейіп кеткеніне наразылық білдіріп, олардың жанайқайы Пар­ламент пен Үкімет қабыр­ғасына дейін жеткен еді. Өйткені облыста киік жайлаған жерлерде Жәнібек ауданынан – 258, Жаңақала ауданынан – 199, Бөкей орда ауданынан – 274, Қаз­талов ауданынан 353 шаруа қожалығы мал өсіріп, ауыл шаруашылығымен айналысып отыр. Олар төрт түліктің жайылы­мы, мал азығын дайындау, бас­қа да мәселелерде көптеген қиын­дыққа тап болды.

 

Пайдалануға болмайды

Оның үстіне киікті қорғау шараларының ең жоғары шегіне байланысты туындайтын мәселе көп. Мысалы, браконьерлерден тәркіленген немесе даладан табылған киік мүйізін ресми пайдалануға тыйым салынған. Батыс Қазақстан облысы әкімдігі 2021 жылы 11 тамызда Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігіне хат жолдап, заңсыз олжаланған киіктердің сот тәркілеген мүйіздерін пайдалану жайлы мәселе көтерген еді. Алайда министрлік «Қазақстан Республикасының бүкіл аума­ғында киіктерді, олардың бө­ліктері мен дериваттарын пай­далануға 2023 жылға дейін тыйым салынуына байланыс­ты тәр­кіленген киік мүйіздерін пай­­далануға, сатуға, өткізуге, өң­деу­ге мүмкіншілік жоқ. Сот ше­шімдерімен тәркіленген мүйіз­дер толық жойылуға тиіс», деп жауап қайтарған.

Ақбөкенді қорғаумен айналысатын арнайы топ жетекшісі мынадай бір оқиғаны айтып берген еді: Түн ішінде ауыр жүк көлігіне соғылып, мертіккен бірнеше киіктің үстінен шыққан инспекторлар жануарларды арам өлтірмей, бауыздап, жақын маң­дағы ауылда тұратын мұқтаж отбасыларға таратып бермекші болған. Бірақ бұл әрекеттің заң­ға қайшы екені анықталып, бас тартқан. «Амалсыздан ақбө­кендердің қансырап өлгенін, жаны шыққанын күтіп тұрдық. Сосын оларды жинап, жақын маңдағы мал моласына жеткізіп, өртедік», деген еді инспектор.

 

Резерват қашан ашылады?

Әкімдіктегі жиында өңірде құрылмақ резерват жайында да жаңа ақпараттар мәлім болды. Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Қадешевтің айтуынша, «Хан Орда» қоғам­дық қоры қаражат бөліп, бола­шақ «Бөкейорда» резерваты аума­ғында киіктерге жасан­ды суат дайындау жұмысы басталған. «Жайықгидрология» мекемесі жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, бірнеше құдық қазыл­ған. Қазіргі таңда дәл сол аумақ­та 150 мыңдай ақбөкен бауыр басып, мекендеп қалған. Алай­да аумақтық инспекция бас­шысының айтуынша, жерас­ты суын алу және киікті суару үшін жасанды су қоймасын құру кезінде топырақтың батпақтану және тұздану қаупі байқалған. Сондай-ақ жерасты суының қоры да өте төмен болып шыққан. Жағдайды жете зерттеген мамандар резерват аумағында 6 шахталық құдық қазып, суды темір, пластик немесе бетон ас­тауларға құю арқылы жасанды суат ұйымдастыруды ұсынған екен. Бірақ мыңдаған жабайы жануарды астаудан суарудың тиімділігі күмәнді.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев былтыр­дан бері жыр болып келе жат­қан резерваттың ашылуы не себепті кідіріп жатқанын сұра­ды. Қ.Қадешевтің айтуынша, алғашқы жобаға кейбір ми­нис­трлік тарапынан ескертулер болғандықтан, ол мәселелер ес­керіліп, жоба өңделіп, қайта ұсы­нылған. «Резерват мәселесі бүкіл мемлекеттік органдармен келісілді, Үкімет төрағасына ұсы­нылды. Қаржыландыру мәселесі әлі шешілген жоқ. Егер жоба мақұлданса, резерват шілдеден бастап ашылуы мүмкін», деді Қ.Темірғалиұлы.

Министрлік ұсынысы

27 ақпан күні Экология, гео­логия және табиғи ресурс­тар министрлігі еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігімен және басқа да мүдделі органдармен бірігіп, Үкімет бас­шысының атына Батыс Қазақстан, Ақтө­бе және Қостанай облысы әкім­діктерінің және басқа да мүд­делі органдардың мамандарынан бірқатар іс-шараны жүргізу бо­­йын­ша жұмыс тобын құру жөнінде ұсыныс хат жібергені бел­гілі болды. Бұл қандай ұсы­ныс?

Біріншіден, мамандар киікті пайдалануға қатысты тыйымдарды алып тастауға және киік пен оның дериваттарын пайдалану жөнінде тиісті биологиялық негіздеме дайындау қажет деп отыр.

Екінші ұсыныс – Батыс Қазақ­стан облысы бойынша киікті шектеуді алуға биологиялық негіз­демені дайындау.

Үшіншіден, жануарлар дү­ниесі объектілерін қорғау, өсі­мін молайту, пайдалану, жа­сан­ды өсіру, есепке алу және мо­ниторингтеу жөніндегі респуб­ликалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынды мемлекеттік кәсіп­орынға айналдырып, акция­лары­ның 50 пайызынан астамы мем­лекетке тиесілі заңды тұлға­лар жүзеге асыратын қызмет түрле­рінің тізбесіне енгізу ұсы­нылған.

Төртіншіден, ішкі және сырт­қы нарықта сауда жасау үшін киік мүйіздері мен айналымын бақылауды ұйымдастыру, киіктер мен оның дериваттарын алу, пайдалану жөніндегі мем­лекеттік кәсіпорын қызметін мем­лекеттік монополияға жат­қызу, киіктер мен олардың дери­ваттарын өткізу механизмі, өлген киіктердің мүйіздерін алуды арнайы пайдалануға жатқызу, киіктің мүйізін пайдаланғаны үшін төлем ставкаларын белгілеу, мүйіздерге ветеринарлық сараптама жүргізу үшін қолданыстағы заң­намаларға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі керек.

Мылтығың дайын ба, аңшы?

Қайрат Қадешев 2023 жылдың күзгі кезеңінен бастап, яғни мораторий мерзімі аяқталған соң киіктің Орал популяциясының 3 пайыздық көлемінен аспайтын санына шектеулі лимит бекітіліп, әуесқой аңшылыққа квота бе­рілуі мүмкін екенін айтады. Ма­мандар бұл бастаманы одан әрі ұлғайтып, қанатқақты жоба түрінде іске асыруды ұсынып жатыр. Киік популяциясының өсуін ескере отырып, киік санын реттеудің екінші бағыты – коммерциялық өткізу мақсатында киіктен алынатын өнімді қайта өңдеуді қамтамасыз ететін мем­лекеттік кәсіпорын құру, кәсіп­шілік өндіру болуы мүмкін. Бо­лашақта ауланатын ақбөкен мөл­шерін 10-15 пайыздық лимитке жеткізіп, жыл сайын кәсіпшілік аңшылыққа рұқсат беру мәселесі де ұсынылып отыр екен.

«Бұл ұсыныстың бәрі минис­трлік атынан ұсыныс ретінде Үкіметке жолданып отыр. Егер қа­былданған жағдайда бір ай ішінде жол картасы дайындалып, нақты жұмыс жоспары енгізіледі», деді Қ.Қадешев.

Жалпы, киікті өндірістік мақ­сатта аулау – таңсық дүние емес. Кеңес Одағы кезінде арнайы аңшылар тобы дайындаған киік­тің арзан әрі экологиялық таза еті шетелге дейін экспортталған көрінеді.

– 1960 жылдары Еділ мен Жайық арасындағы киік саны қазіргіден де көп болды. Сол кездері кеңшардың шабындығы мен жайылымын ақбөкеннен қорып, тыным таппайтынбыз. Түз тағысының қызығын жергілікті жұрт та көріп жатты. Ал қазіргі жағдайға жүрегім ауырады. Бра­коньерлер тек мүйізін кесіп алады. Далада жүріп, бір шаршы шақырым жерден 25 киіктің өлігін көрдім. Оны қасқыр да жеп тауыса алмайды, шибөрі мен қарақұс қызығын көріп жатыр. Ал биыл қыс жылы болды, ақбөкеннің біраз бөлігі құм­ға еніп, Жамантауды айналып, Ресейдің басқаруындағы Капустин  Яр полигоны аумағына өтіп кетті деп естимін. Ол жаққа қарапайым халық бара алмайды, жануарлардың қазіргі жағдайы қандай екенін білмеймін. Мем­лекетіміз қаншама қаржы шыға­рып, сақтап өсірген соң бұл киік­тің пайдасын да өзі көруі тиіс қой, – дейді «Бөкейліктер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Өтешев ақсақал.

Еділ-Жайық арасына сыймай кеткен ақбөкеннің бір бөлігін Азия бетке, Жайық өзенінің сол жағына өткізу мәселесі де көп­тен айтылып жүрген болатын. Еліміздің Зоология институ­ты биыл осы мәселені қолға алып, өзеннің киік өтетін жерле­ріне зерт­теу жүргізген. Қ.Қадешев­тің айтуынша, ақбөкен көші 2023 жылдың күз айларына жос­парланған. Жайықтан барған жануарларға арнайы жер де әзір­леніп қойған көрінеді.