Наурыз айы бастала сала жер-жерлерде қарғын су қаупінің алдын алу шаралары қолға алынды. Жауапты мамандар өзендердің арнасын ашып, бұлақ көздерін тазалауға кірісті. Тасқынға тосқын жұмыстары әсіресе Семей қаласында жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Өйткені, қала аумағында су басу қаупі төніп тұрған 15 учаске бар. Су басуға бейім жерлерде 2 364 тұрғыны бар 631 үй тұр.
Бобровка кенті мен Бейбітшілік аралынан басқа 13 учаскеде, яғни Шығыс кенті, Восход, Жоламан, Мирный, Степной, Лодочная ауданы, Затон, 1-ші шағын аудан, Дальний, Юность, Новостройка, Көкентау және Мұқыр ауылдарында арналарды тазарту, су өткізу құбырларының диаметрін ұлғайту, жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді. Су арнасынан шығып кететін тұстарға бөгеттер қойылып, су басу қаупі барынша азайтылды.
Наурыз айының басындағы жағдай бойынша Ертіс суының деңгейі 293 сантиметрді құрады. Ертіс өзеніндегі мұздың қалыңдығы 44 сантиметр болса, қар қабаты 16 сантиметрді құраған. Тоңның қатуы – 107 сантиметр. Бұл көрсеткіштерді Төтенше жағдай департаментінің мамандары үнемі назарларында ұстап отыр. Айтқандай, Ертістегі су деңгейі 4 метрден асса ғана қауіп бар. Ал Шүлбі гидроэлектрстансасынан су жіберу 550 м/с құрайды.
Су тасқынына қарсы іс-шаралар кезінде қар суы басуы мүмкін қаланың 57 көшесі анықталды. Сол үшін де белгілі болған көшелердің қары шығарылып жатыр. Соңғы дерек бойынша қала көшелерінен 23 408,5 текше метр қар қала сыртына төгілді.
Семей қаласының аумағында 31 автомобиль көпірі, 483 су өткізу құбырлары болса, темір жолдардағы көпірлер саны – 178, су өткізу құбырлары – 41. Бұл нысандар да көктем кезінде жіті бақылауда тұрады. Ол үшін ауылдық әкімдіктерге және тиісті ұйымдарға аталған су өткізу құбырларын, сондай-ақ арық жүйесін, өзен арналарын қар мен мұздан тазарту жөнінде хаттар жіберілген. Жергілікті жерлерде тәулік бойы кезекшілік жүргізетін жұмыс бригадалары құрылды. Қаланың арық жүйелерін күн сайын 25 адам және 5 бірлік арнайы техника тазалайды.
ТЖМ әскери қызметшілерді тарта отырып, Мирный кенті, Подхозная көшесі, Дальний ауданындағы саяжай массивінде арық жүйесінің мұзын тазарту жұмыстары жүргізілді. Шығыс кентінің «Пожарная Согра» саяжай массиві ауданындағы қамыс пен өсімдіктерді кесу, су құбырлары мен бұлақтар тазартылды. Сондай-ақ бұл аумақта тұрғын үйлерді су басудан сақтау үшін жоласты құбырлары ауыстырылды. Су өткізгіштігі анағұрлым жоғары құбырлар орнатылды.
Апаттық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу үшін 2022 жылға «Аудан (облыстық маңызы бар қала) ауқымындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 20 077,8 мың теңге қаражат бөлінді. Олар жару жұмыстары мен үгінді материалдарын дайындауға, жанар-жағармайға, қаптар сатып алуға және инертті материалдар алу үшін бөлінген.
Жалпы, Ертіс өзені жағалауындағы учаскелерді су шайып кетуден сақтау үшін Мирный, Шығыс кенттерінде және Пристань ауданында жағалау нығайтылып жатыр. Ұзындығы 2 566 метр болатындай нығайту жұмыстары тасқын судан төнуі мүмкін қауіпті едәуір азайтады. Бұл жобаны іске асыру 2021 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде көзделген. Алайда шарт бойынша жұмыстарды аяқтау мерзімі 2022 жылдың 1 мамырына дейін ұзартылды.
Баса айта кетерлігі, көктемгі маусымға Семей қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары мен құрал-саймандары сақадай сай. Атап айтсақ, жеке құрамда 417 адам, 269 бірлік техника (оның ішінде 25 автобус), 40 бірлік мотопомпа, 5 бірлік жүзу құралы дайын.
Семей қаласы әкімдігі мердігерлік ұйымдарының күшімен Красный кордон, Затон, Дальний шағын аудандарында, Татимов, Огородная, Паровозная, Садовая, Макаренко, Аккульская, Дөнентаев, Белібаев, Мичурин, Фестивальная көшелерінде арықтар тазартылды. Дәл осындай жұмыстар облыстың өзге аудандарында да жүргізіліп жатыр. Иә, көктемде келуі мүмкін тілсіз жауға қашанда дайын болуымыз керек.
СЕМЕЙ