Өңірдің 17 ауданындағы 125 елді мекенді қызыл судың басып қалу қаупі бар. Бұл аумақта 13 мың адам тұрады, сондай-ақ республикалық маңыздағы күре жолдың 74 телімін еріген қар суы бұзып кетуі әбден мүмкін.
Қарашада қыламықтап жауған қар құрғақ жерге түскен. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, еріген қар суының топыраққа тез сіңуіне барынша қолайлы. Әйтсе де, тасқын судың тақсыретін көп тартқан өңірге күні бұрын қапысыз қамданған артық болмайды. Соңғы бес жылда әшейінде момақан болып көрінетін өзендер тасып, қаншама материалдық шығын келтірілді. Биыл да қар күрт ерісе, қауіп төнгелі тұр. Республикалық маңыздағы жолдарды былай қойғанда, облыстық маңыздағы жолдың 28, жергілікті жолдың 40 телімін еріген қар суы басып қала ма деген қауіп бар.
Көктемгі қызыл су жүретін қауіпті кезеңге дайындық өткен жылдың жазынан басталған. Күні бұрын мұқият жоспар жасалды. 53 елді мекенде қызыл судың алдын алу бағытында қыруар шаруа атқарылды. Таратып айтар болсақ, алдымен лықсып келген қар суының іркіліп қалмай өтуі ескерілді. Осы орайда 35 шақырымдық канал қоқыстан тазартылып, су еркін өтетіндей жағдай жасалды. Мұндай жұмыс бұрыннан бар. Мәселен, 2020 жылы 24,4 шақырым өзен табаны тазартылған болатын. Сондай-ақ өзен аңғарларының төмендеу тұсын көтеріп, бекіту де маңызды. 10 шақырымнан астам жерге бөгет тұрғызылды. Атбасар қаласындағы №1 орта мектептің жанына 0,47 шақырымдық бетон бөгет салынды. Осындай жұмыстарға облыстық бюджеттен 1,6 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Бөлінген қаражаттың көлемі де аз емес. Төтенше жағдайлар орын ала қалса, оқыс оқиғалардың зардабын жоюға да қаражат қарастырылған. Қазір облыс аудандарында жанар-жағармайдың мол қоры бар, 12,7 мың тонна инерттік материалдар дайындалған. Бұл орайдағы дайындық өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда тыңғылықты.
Елді мекендердегі тау-тау қасат қарды уақтылы шығару да ескерілген. Күні бүгінге дейін 424,3 мың шаршы метр қар шығарылды. Бұл орайдағы жұмыс әлі жалғасуда.
Күн біресе жадырап, біресе қабағын түкситіп тұрған бүгінгі кезеңде өңірдегі ахуалды кірпік ілмей күзеткен жөн. Қазір 92 қосымша бақылау пункті тәулік бойы жұмыс істейді. Жабай, Сілеті өзендеріндегі ахуал таразы басына тартылды. Мәселен, Жабай өзенінің үстіндегі қардың қалыңдығы 32 сантиметр шамасында. Ал Сілеті өзенінде 18 сантиметр қалыңдықта қар бар. Егер еңіс жерлерден құлдырай ағып келетін көп судың мөлшерін жобалап есептейтін болсақ, қар аз түсті делінген биылдың өзінде қауіп қалыңдай түспек. Мамандардың айтуына қарағанда, бұл бір-ақ жағдайға – қасат қардың еру жылдамдығына тікелей байланысты. Күрт еритін болса, лықсыған мол су жол бойындағысын шайып, мұзға кептелген өзен аңғарынан өте алмай, жағалауды бұзып кетпек. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметі 10 ауданда жалпы көлемі 20,75 мың шаршы метр жердің мұзын жармақ. Бұл жұмысқа 60,340 млн теңге қаражат қарастырылып отыр.
Облыста тұрғындарды ескерту жұмысы да біршама оң жолға қойылған. Арнайы айлық жарияланып, түсінік жұмыстары, қауіп-қатерден құтылудың жолдары күн сайын айтылуда, 104 мәрте 140 елді мекенді қамтыған рейд жүргізілді, 3,7 мың отбасына 8,2 ескертпе табыс етілді, 122 мәрте тұрғындармен кездесу өткізілді. Ендігісі табиғаттың тартуына байланысты.
Ақмола облысы