Өткен мереке күндері жолға шыққан жолаушының 85-і қар құрсауында қалып, қауіп-қатерге тап болды. Оның 19-ы – бала.
Наурыздың ақ түтек бораны әлі де буырқанып тұр. Тіпті қақаған қаңтар-ақпанда да дәл мұндай боран бола қойған жоқ. Әуелі сәл ғана сырғыма болып басталған боран аз уақыттың ішінде ат құлағын көрсетпейтін алапат күйге енді. Төтенше жағдайлар қызметіне өкпе жоқ, жетісінен сегізіне қараған түнде боран болатындығын айтып, әлеуметтік желі арқылы ескертудей-ақ ескертті. Әйтсе де бейқамдықтың бел алып кететіні бар.
Қырық-елу автокөлік бір-біріне соғылып, жол үстінде ошарылып қалды. Бейнебаяндағы көрініске қарасаңыз, иманың қасым болады. Бір адам опат болып, бірнеше адам жараланды. 8 наурыз күні Көкшетау – Нұр-Сұлтан бағытындағы күре жолдың бойында 85 жолаушы жол үстінде қалды. Әйтеуір, құтқарушылар дер кезінде жетіп, ажал аузынан алып қалды. Бурабай мен Аршалы аудандарының тұсында күндіз-түні кезекшілік ұйымдастырылды.
Өзін де, өзгені де әуре-сарсаңға салатын осындай жауапсыздықтан қашан арылар екенбіз?!
Ақмола облысы