Әңгіме Зұлқарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті жайында болып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.
Бұған дейін ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіне университет қызметкерлерінен оқу ордасына қатысты шағымдар келіп түскен болатын. Бұл университетте жоспардан тыс тексеру жүргізуге себеп болды. Нәтижесінде комиссия тексеру парағының 46 тармағының 35-і бойынша заңсыздықтарды анықтады.
«Біздің басты міндетіміз – елімізде білім мен кадрлар даярлаудың сапасын арттыру. Егер бүгін университеттер тиісті талаптарға сай болмаса, онда ертең білімі мен біліктілігі жұмыс берушілердің сұранысына сай келмейтін мамандарды шығарамыз. Әрине, тексеру және лицензияны қайтарып алу – бұл сапалы білім беруді емес, тек пайда табуды бірінші орынға қоятындар үшін тиімсіз шара. Министрлік бірінші тексеруден кейін ЖОО басшылығына бұзушылықтарды жоюға уақыт берді. Бірақ олар сот талқылауларына уақыт жұмсауды жөн санап, кемшілікті жоюға асықпады. Әрине, бұл университеттің жабылу уақытын едәуір кешіктіріп, студенттерден төлем түрінде кіріс алуға мүмкіндік береді», деді комитеті төрағасының орынбасары Мәншүк Әбдікәрім.
Оның айтуынша, университет қызметіне қатысты шағымдар 2020 жылдан бастап түсе бастаған. Өз кезегінде университет басшылығы тексеру нәтижелеріне шағым түсірді. Алайда, бірінші және екінші сатыдағы соттардың шешімдерімен комитеттің тексеру нәтижелері бойынша барлық әкімшілік акті өзгеріссіз қалдырылып, университеттің шағымдары қанағаттандырылмады. Енді оны Жоғарғы сот қарайды.
Сонымен қатар комитеттің шешімімен университет бас лицензиясынан айырылды. Бұл шешімге қатысты да университет тарапы сотқа шағымданды.