Қостанай облысы әкімдігінде алдағы егіс науқанына дайындық барысы пысықталды. Биылғы көктемде өңір диқандары 5 млн 173 мың гектар алқапқа тұқым себуді жоспарлап отыр. Жиында ауыл шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламалары шеңберіндегі саланы қаржылық қолдаудың барлық бағыты сақталғаны айтылды.
Көктемгі науқанға дайындық барысы жөнінде баяндаған облыс әкімінің орынбасары Арман Әбеновтің айтуына қарағанда, биыл егістіктің басым бөлігіне бидай себіледі. Дегенмен өңір тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамту мақсатында майлы дақылдар мен көкөніс алқаптарының көлемі де едәуір ұлғаяйын деп отыр. Мәселен, былтырғымен салыстырсақ, биыл майлы дақыл алқабы 44,3 мың гектарға, картоп 1 189, көкөніс 1 034 гектарға ұлғаяды.
– Алқаптарды әртараптандыру бұдан былай өңір тұрғындарын ауылшаруашылық дақылдарының барлық түрімен, әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен толық қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады. Сондықтан алда осы мәселені әр шаруашылыққа, ауыл тұрғындарына түсіндіріп, жеткізу сияқты жауапты шаруа күтіп тұр. Ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің әрқайсысымен жеке-жеке сөйлесуге тура келеді, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Мамандар биылғы тұқымның сапасы жоғары екенін жеткізді. Өткен жылы облыс шаруашылықтары 530 мың тонна бидай тұқымын дайындап қойған. Оның 90 пайыздан астамы 1-ші және 3-ші репродукцияға жатады. 0,6%-ы суперэлиталы, 4,8%-ы элиталы, ал 3,2%-ы төртінші репродукция тұқымы.
Өңірдің оңтүстік аудандарындағы шаруашылықтардың біразы соңғы үш жылғы қуаңшылықтан кейін құрғақшылыққа төзімді дақыл түрлерін өсіруге бет бұра бастаған. Әсіресе, Әулиекөл, Науырзым, Қамысты, Амангелді аудандарында қазіргі нарықта жоғары сұранысқа ие, бағасы қымбат майлы дақыл – мақсары егіп, одан жақсы өнім алып отырған шаруалар көп. Мысалы, былтыр мақсары еккен Әулиекөл ауданындағы «Шуллер» шаруа қожалығы әр гектардан 10 центнерден, Науырзым ауданындағы «Кошкодан С.И.» шаруа қожалығы 5 центнерден өнім алған. Аталған аудандардың былтыр бір гектар жерден 3-4 центнерге жетер-жетпес бидай өнімін алғанын ескерсек, биыл мақсары өсірушілердің қатары көбейе түсетін сыңайлы. Арман Әбеновтің айтуынша, биыл облыста 126,8 мың гектарға мақсары тұқымы егіліп, мақсары алқабының көлемі 42 мың гектарға ұлғаймақ.
2021 жылы облыстағы 8 мың гектарға жетер-жетпес суармалы алқапқа биыл тағы да 1 420 гектар қосылайын деп отыр.
Бүгінгі таңдағы басты міндеттің бірі – егін шаруашылығына пайдаланылатын минералды тыңайтқыштар көлемін ұлғайту. Былтыр топырақ құрамында ылғал аз болғандықтан, диқандар алқап жұмыстарына 69 мың тонна тыңайтқыш жаратты. Биылғы алқапқа кем дегенде, 80 мың тонна тыңайтқыш пайдаланылады деп жоспарланған.
Көктемгі егіс науқанына 20 мыңнан астам трактор, 22 мың тұқым сепкіш, 1 200 жоғары өнімді дән сепкіш кешен қатысады. Қазір әр шаруашылық қолда бар техникасын жөндеуден өткізіп, көктемге қамданып жатыр. Соңғы мәлімет бойынша, өңірдегі ауылшаруашылық техникаларының 87%-ы алқапқа шығуға дайын. Осыншама техника науқанның дәл қызған тұсында жанармайсыз тұрып қалмауы үшін алдағы көктемгі алқап жұмыстарына 71 мың тонна арзандатылған дизельді отын бөлінді.
Облыста ауылшаруашылық техникаларын құрастыру саласы ілгері дамып келеді. Мәселен, былтыр 1 009 «МТЗ», 529 «Ловол», 415 «Кировец» тракторы және 402 «Есіл» комбайны құрастырылған. Жергілікті зауыттардан шыққан трактор-комбайндар өңір шаруашылықтарының техника паркін жаңартуына серпін беріп отыр.
Өңірде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 159 шаруашылыққа цифрландыру элементтері енгізілмек. Аталған шаруашылықтардың 79-ы егінмен, ал 81-і мал өсірумен айналысады.
Биыл облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға 27,6 млрд теңге субсидия бөлініп отыр. Мәселен, өсімдік шаруашылығын дамытуға – 9,9 млрд теңге, мал шаруашылығына – 7,5 млрд теңге, өзге де бағыттар үшін 10,2 млрд теңге демеуқаржы бөлу қарастырылған.
Көктемгі алқап жұмыстары мен күзгі жиын-терін науқанын «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қаржыландырады. Корпорация бұл мақсатқа шамамен 26 млрд теңге бөлуді жоспарлады. Қаржы мекемесі бүгінге дейін 45 өтініш қабылдап, 907 млн теңге бөлген. Мұның сыртында, диқандарға «Азық-түлік корпорациясы» арқылы осымен екінші жыл қатарынан форвардты сатып алу арқылы қаржылай көмек көрсетіліп келеді. Биыл бұл корпорация диқандардың көктемгі-күзгі науқанына 22,9 млрд теңге қарастырып отыр.
Сала мамандары өткен жылы жүргізілген зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, биыл жазда астықты алқапта үйірлі шегіртке, астық көбелегі сияқты аса қауіпті зиянкестер қаптап, тат, септариоз сынды өсімдік аурулары пайда болуы мүмкін деп болжап отыр. Қауіптің алдын алып, алқапты дер кезінде химиялық жолмен өңдеуге қажет пестицид алу үшін 450 млн теңге субсидия бөлінді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі аталған салаға жауапты басшыларға көктемгі егіс науқанына әзірлік барысын әлі де пысықтай түсуді тапсырды.
Қостанай облысы