ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстаздар жалақысын көбейту туралы тапсырмасы орындалды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли facebook парақшасында жазды, деп хабарлайдыEgemen.kz.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ұстаздар жалақысына қатысты мәселе көтерген болатын.
«Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы. Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 трлн теңге бөлінеді», деген еді ҚР Президенті.
Сонымен 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет саласындағы арнаулы мектептер мен колледжер қызметкерлерінің еңбекақысы 25 пайызға өсті. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақы тағы 25 пайызға көбейді. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне сабақтан тыс спорт сабақтарын өткізгені үшін базалық лауазымдық жалақының 100 пайызы мөлшерінде қосымша ақы төлеу жүйесі енгізілді.
Дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандандырылған мектептер мен колледждер қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға өсті.