• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 14 Наурыз, 2022

Таңғалмасқа таңғалу

691 рет
көрсетілді

Ақиқатында, адам жанды картинаға, жақсы өлеңге, тәуір шығармаға һәм сұлу­лыққа таңғалады. Көркем дүниені таңғала тамашалап, қызығу, бағалау – заңдылық. Шын өнерге тамсану да талғамға байланысты, әрине. Адамның ойын да, көзқарасын да, қағидасын да талғам өзгертсе керек. Яғни жан қалауы, ішкі сын – талғам дең­гейі сіздің өмір сүруіңізге де ықпал етеді. Сондықтан да талғам әрқашан биік, кірпияз... Тіпті адамның адамнан ар­тықшылығы да сол талғам деңгейіне байланысты дейміз. Ол «кешкі асқа балық жеймін» деген сөзбен ғана өлшенбейді: талғам одан да үлкен, одан да терең кеңіс­тіктегі ұғым. Алайда уақыт өте келе жақ­сыға таңғалудың жө­ні мен жосығы да өзгереді екен. Ол да талғамнан.

Біздің өміріміз – осы қо­ғам, осы уақыт. Біздің ой-са­намыз, көзқарасымыз ай­на­ламызда болып жатқан оқиғаларға қарай дамиды. Мәселен, қазақ әдебиетінің кешегі дәуірінде талантты ақын-жазушылар да, сауатты, талғампаз оқырмандар да көп болды. Тіпті кей оқыр­манның деңгейі автормен шамалас келіпті деп жатады. Һәм ол кездегі таңғалыс та бөлек: шебердің шеберін ғана мойындаған, жақсының жақсысына ғана таңғалған. Қарапайым оқырманыңыз анау-мынау жазарманды менсінбейді. Көркем дүниеге қызығудың классикалық үлгісі деген осы болар, сірә.

Ал қазір кейде адамдардың таңғалатын дүниесіне қарап таңғаласың (айта кетейік, бұл – өткенді аңсау синдромы емес). Халық шенеунік, депутаттар қазақша сөйлесе, қарап отырып қуанады. Ал өзге ұлт өкілі қазақ тілінде бірауыз сөз айтса, тіпті риза болады. Кез келген мемлекеттің азаматы сол тілде сөйлесе, ол қалыпты жағдай емес пе? Оған неге таңғаламыз? Өз еліңде өз ұлтың өз тіліңде сөйлегеніне ішің жылу – қорашсынудың қай деңгейі?..

Одан бөлек адамдардың газет-журнал, яки кітап оқуы да бүгінде таңғалатын құ­былысқа айналған. Кейде ол таңғалыстың соңы «газет әлі шыға ма? Оны біреу оқи ма?» деген сұрақтарға жалғасады. Өзі сияқты кітап, газет оқымайтын жұрттың көп екенін білетін ол адам оқу, жазу, сызу деген мамандыққа да үлкен қызығушылықпен қарайды. Бетпе-бет келсе, «не жазасыңдар сонда?» деп төтесінен қоя салады.

Қоғамдағы жазу-сызудан тым алыс адам­дар­дың дені осындай көзқараста екеніне бүгінде етіміз үйренгендей. Һәм қарапайым ха­лық­тың мұндай деңгейсіз таңғалы­сына қазір таңғалмайтын да болдық. Бәлки, бұл таң­ғалыстың бір себебі ғаламтор (бірақ оған илану қиын), бәл­ки бі­лімсіздік, «жоғалған оқыр­ман», жазылмаған классика, идеология, тұрмыс...

Ал сіз әкім қазақша сөй­лесе қуанасыз ба? Орыс қа­зақша жол сұраса ше? Ең бастысы, осы күні газет шыға­тынын білесіз ғой?..