Осы жылдың 2 айында министрліктер 55 млрд теңге бюджет қаражатын игермеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Мемлекеттік бюджеттің шығыстары - 96,9, республикалық бюджеттің шығыстары – 97,7, жергілікті бюджеттердің шығыстары 96 пайызға атқарылды. Республикалық бюджет бойынша сомасы 2 трлн 683 млрд теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 64 млрд теңгені құрады, оның ішінде 9 млрд теңге - үнемдеу. Игерілмегені - 55 млрд теңге», деді министр.
Оның дерегінше, игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Ішкi iстер, Қаржы және Ауыл шаруашылығы министрліктерінде қалыптасты.
«Игерілмеудің негізгі себептері: шарттарды, қосымша келісімдерді ұзақ рәсімдеу, бюджеттік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді дер кезінде қабылдамау, шот-фактуралар, атқарылған жұмыс актілерінің уақытылы өткізілмеуі, есепті айда қаражатты жұмсау қажеттілігінің болмауы», деді Ерұлан Жамаубаев.