Ол жүргізушіге қылмыстық жауапкершіліктен құтылуға көмектескені үшін сыйақы алған, деп хабарлайды Egemen.kz Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодар қаласы әкімшілік полиция бөлімінің басшысына қатысты қылмыстық іс №2 сотта қаралды. Жаяу жүргіншіні қағып кеткен көлік жүргізушісі жазадан құтылу үшін полиция майорына 59 мың теңге берген.Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтары, құжаттық дәлелдемелер және сараптама қорытындылары бойынша дәлелденді.Сот қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін жағдайларды ескерді. Кінәлінің үш кішкентай баласы бар және бұрын қылмыс жасамағаны белгілі болды. Ол кінәсін мойындаған. "Жасалған ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысының қоғамға қауіптілік дәрежесін, қоғамның мемлекетке деген сеніміне нұқсан келтіретінін ескере отырып, сотталушыға үш жыл бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалды", деді №2 соттағылар.
Сондай-ақ, полиция майор шенінен айырылды, ол енді ешқашан мемлекеттік қызметте еңбек ете алмайды.
Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.