• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Сұхбат 15 Наурыз, 2022

Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Өтешов: Қоғамға керексіз болғаныма қынжыламын

1133 рет
көрсетілді

Қазіргі кезде көпшілік көзінен таса қалып, қарапайым ғана тіршілік кешіп жатқан Алмас Өтешовтің спорт саласында біраз белесті бағындырғанын жұрт жақсы біледі. Ол – әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілген қазақтың тұңғыш ауыр атлеті. Алмас 2013 жылы Польшаның Вроцлав қаласында күміс медальды мойнында жарқыратты. Осы жетістігінің арқасында Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері атанды. Өтешовке дейін бұл мәртебелі атақ бірде-бір қандасымызға бұйырмаған еді. Дәл осы нәтижені келесі жылы АҚШ-тың Хьюстон қаласында қайталады. Бірақ осы жарыстан кейін қандасымызға «допинг қолданды» деген айып тағылды. Соның салдарынан ол Америкада жеңіп алған жүлдесінен айырылып қана қоймай, үлкен спорттан төрт жылға шеттетілді.

– Алмас, сіз 2012-2015 жылдар ара­лығында жанкүйерлер алдында жарқырап көріндіңіз. Алғашында Лондон Олимпиадасында бақ сына­саңыз, көп ұзамай әлемдік додаларда дараландыңыз. Осы жұлдызды сәттер жадыңызда шығар?

– Әрине, ондай керемет сәттерді ұмыту мүмкін емес. Сөз орайы келгенде, оның алдында да біраз елеулі табыстарға қол жеткізгенімді айта кетсем, еш айыбы жоқ деп ойлаймын. 2007 жылы жастар арасында Азия чемпионы атанғаннан соң ересектер дуына еркін қосылдым. Құрлық біріншілігінде екі рет қола медальды иеленіп, Лондон Олим­пиадасында бақ сынадым. Негізі Тұманды Альбион еліне бару маған оңайға соқпады. Себебі 94 кило салмақ­та елішілік жарыстардың өзінде кіл мық­тылар жиналды. Көшбасшымыз даңқты Илья Ильин болса, екінші жолдама үшін әлем чемпионы Владимир Седовпен аянбай айқасуыма тура келді. Талдықорғанда өткен соңғы іріктеу сынында басты қарсыласымды қапы қалдырып, Олимпия ойындарына қаты­сатын зілтеміршілердің тізіміне қосыл­дым. Лондонда Ильин бас жүлдені олжаласа, мен жетінші орынға табан тіредім.

– Есесіне 2013 жылы Вроцлавта өткен әлем чемпионатында күміс медальды олжалап, қазақтың спорт ше­жіресінің жаңа парағын аштыңыз ғой...

– Төрткүл дүниенің ең мықты жі­гіт­тері жиналған жарыста жеңіс тұғы­рына көтерілген кезімде ерекше шаттан­дым. Алдымдағы ағаларым мен бапкер­лерімнен бастап, спорт саласынан хабар­дар қарапайым жанкүйерлерге дейін «Осы күнге дейін қазақтың бірде-бір ауыр атлеті әлемдік додаларда жүлде алған емес. Сен сол көшті бас­тауға тиіссің» деп жиі айтатын. Дәл сол тұста маған республикалық феде­рацияның президенті Қайрат Тұрлы­ханов пен Қызылорда облыстық спорт басқармасының бастығы Садық Мұс­тафаев қатты қолдау көрсетті. Ағаларым­ның айтқан салиқалы сөздерін санама мықтап сіңірдім. Көздеген мақсатыма жету үшін ерінбей еңбектендім. Ал Олимпиадаға қатысып, ұлы дүрмекті өз көзіммен көргеннен кейін бойымда ерекше бір сенімділік пайда болды. Вроцлавта тек ресейлік Александр Ивановтан қалып қойып, күміс медальды олжаладым. Негізі жұлқып көтеруде екеуміз бірдей нәтиже көрсеткен едік, алайда серпе көтеруде ол менің алдымды орап кетті.

– 2015 жылы Хьюстонда сол нәти­жені қайталап, екінші мәрте жеңіс тұғырына көтерілдің. Сол кезде де қазақ жанкүйерлері бір желпініп қалған еді. Бірақ қуанышымыз ұзақ­қа созылмады. Өйткені бір топ зілте­міршімізге «рұқсат етілмеген дәрі-­дәрмектерді пайдаланды» деген айып тағылып, олар қатаң жазаға ұшы­рады. Үлкен спорттан түрлі мерзімге шеттетілген зілтеміршілер тізімінде сіз де бар едіңіз...

– Дәл сол кездері мен керемет бабымда едім. Екі бірдей әлем чемпионаты аралығында Инчхонда алауы тұтанған Азия ойындарында күміс медальды иелендім. Америкада белоруссиялық Вадим Стрельцовтан қалып қойып, екінші орынды еншіледім. Тағы бір бел­ді зілтеміршіміз Жасұлан Қыдыр­баев үшінші сатыға табан тіреді. Қос қазақ жеңіс тұғырында марқайып қатар тұрдық. Осы табыстың арқасында 2016 жылы Рио Олимпиадасына жолдама алдық. Бірақ арада бірер ай өткеннен соң басымыз «допинг дауына» ілікті. Бұл жайсыз хабар бізді сең соққандай етті. Соның салдарынан АҚШ-та жеңіп алған жүлдеден айырылып, түрлі мерзімге спорттан шеттетілдік. Жалпы, Жасұлан да, мен де ондай арзандыққа бармаған едік. Әр жарыс қарсаңында Алматыдағы допингке қарсы лаборатория барлық ауыр атлеттерді екі-үш ай сайын үнемі тексеріп тұрады. Сан мәрте шетелдік ВАДА-ның да «сүзгісінен» де өткенбіз. Барлығы бізді таза деп тапты. Бірақ ақырында «аяғымызды көктен келтірді». Осылайша, әлдебіреулер ұйымдастырған «қитұрқы ойынның құрбаны» болдық.

 – Не себепті деп ойлайсыз? ВАДА секілді белді ұйым спортшыларға босқа килікпейтін шығар...

– Соны өзіміз де әлі күнге дейін түсіне алмай далмыз. Бәлкім, қысқа ғана мерзім аралығында Қазақстанның ауыр атлеттері әлемдегі көшбасшы командалардың біріне айналғаны біраз дөкейлерге ұнамаған болар деп ойлаймын. Шыны керек, сол жылдары алпауыт мемлекеттердің өздері біздің толағай табысымызға қызыға да, қызғана қарайтын. Алысқа бармай-ақ, Рио Олимпиадасына жолдама алған саңлақтардың тізіміне көз жүгіртсеңіз, көп нәрсені аңғарасыз. Барлығымыздың да жеңіс тұғырына көтерілуге мүмкін­дік­теріміз зор еді. Егер қиянат жасалма­ғанда, 94 кило салмақта сынға түскелі отырған Жасұлан екеуміздің Бразилия төрінде де атой салатынымыз анық еді.

– Сіз «Рио Олимпидасына қатыс­қанымда міндетті түрде жүлде алатын едім» деп айтып отырсыз. Ондай бақ «мыңнан тұлпар» шыққандарға ғана бұйыратыны белгілі. Ал жоғарыдағы жорамалды сіз неге сүйеніп айтып отырсыз?

– Бұл жерде нақты деректерге арқа сүйеген жөн. Төртжылдықтың басты додасында біздің салмақта бас жүлдені олжалаған ирандық Сохраб Муради қоссайыстың қорытындысы бойынша 403 (128+221) килоны еңсерді. Күміспен күптелген Вадим Стрельцовтің көрсет­кіші – 395 (175+220) кило. Қолаға қол соз­ған литвалық Ауримас Диджбалистің нә­тижесі – 392 (177+215) кило. Мен 2013 жылғы әлем чемпионатында 397 (175+222) килолық зілтемірді тік көтер­­сем, 2015 жылы 402 (172+230) кило­лық межеге жеттім. Осыған қарап-ақ менің көрсеткішім уақыт озған сайын жақсарып келе жатқандығын анық аңғаруға болады. Тіптен, жоғарыдағы нәтиженің өзі де Рио-де-Жанейрода жүлделі орындардың бірін иеленуім үшін жеткілікті еді. Ал Олимпия ойында­ры­ның жөні бөлек қой. Егер Бразилияда барымды салғанымда, Алаш жұрты алтын медальдың сыңғырын естуі де бек мүмкін еді.

– Бұрындары допингпен ілеуде біреу ғана ұсталатын. Соңғы жылдары басы пәлеге қалғандардың қатары күрт көбейді. Ең өкініштісі, оның кесірі бүкіл командаға тиюде. Допинг дауы салдарынан Қазақстанның ұлттық құрамасы кейбір жауапты сайыстарға санаулы ғана өрендерін аттандырса, кейбір жарыстан мүлдем шеттетілді. Осы жерде бір шикілік бар секілді?

– Ол да мүмкін. Ағаттықтың кімнен кеткенін дәл қазір дөп басып айту қиын. Әйтпесе, бізді құзырлы органдар жиі тексеріп тұратын деп жоғарыда айттым ғой. Ол кезде бәрі дұрыс болатын. Спортшылар жарысқа еш алаңсыз қатысып, өздерінің деңгейіне сай орындарды иеленеді. Алайда бірер ай немесе бірнеше жыл өткеннен соң әйтеуір бір былық шығады. Әдетте, біз тексеріс кезінде зәрімізді кішкене ыдысқа құйып, ВАДА-ға тапсырамыз. Ол сол ұйымның лабораториясында жылдар бойы сақталады. Арнайы рұқсаты бар адамдар аталған жерге еш кедергісіз кіріп-шыға алады. Соларда бір нәрсені былықтыруы да мүмкін ғой. Оны қадағалап отырған ешкім жоқ. Нәтижесінде, зардап шегетін спортшылар. Бұл іске ВАДА мықтап кіріскеннен соң өзіңнің таза екеніңді дәлелдеу тіптен мүмкін емес.

– Бір кездері Қазақстан құрама ко­ман­дасының тең жартысы легионерлерден жасақталғаны белгілі. Қа­зір­гі кезде де келімсектерден арыла алмай жүрміз. Өзіміздің өр мінезді өрен­деріміз тұрғанда, шет мемлекеттер­ден спортшыларды шақыртудың қажеті не?

– Негізі бұл тірлікті бастаған ко­манда­мыздың бас бапкері Алексей Ни еді. Ол ауыр атлетиканы бизнес­ке айналдырды. Бұрындары ресейлік Татьяна Хромова, одан кейін Алла Важенина сынды зіл­те­мір­шілер біздің ұлттық құрама сапында өнер көрсетті. 2007 жылы олар Қытайдан Зүлфия Чиншанло мен Майя Манезаны алдырды, Ресейден Светлана Подобедованы шақыртты. Ни мырза ресми құжаттарға олардың жеке бапкері ретінде өзін және туған інісі Викторды жаздырды. Зүлфия, Майя және Светлана Лондон Олимпиадасында алтыннан алқа тақты. Осы жетістіктерінің арқасында аталған спортшылар мемлекет тарапынан 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы алды. Дәл сондай мөлшерде қаражат жеке жаттықтырушыларының да есепшотына аударылды. Сол легио­нер­лердің әлем чемпионаттары мен басқа да байрақты бәсекелерде жеңіп алған жүлделері тағы бар. Сол ақша да ағайынды Нилердің қалтасына түсті. Қазір құрама сапында Қытайдан келген Фархад Харки мен Арли Чонтей жүр. Оларды Қазақстанға шақыртудың не қажеті болғанын барлығымыз жақсы білеміз. Мұның барлығы да оңай жолмен абыройға кенеліп, ақша табудың амалы. Соның кесірінен өзіміздің талай дарынды жастарымыздың жолы бөгеліп, небір мықты спортшылар тас­ада қалды. Аллаға шүкір, соңғы кезде­рі қандастарымыздың арасынан да мықты зілтеміршілер көптеп шыққанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Олардың алды Олимпиада мен әлем чемпионаттарында атой салды. Сақа спортшылардың ізін басып, дарынды ұл-қыздардың қалың шоғыры өсіп келеді. Ең бірінші кезекте, сол сайыпқырандарды дұрыстап баптап, оң бағыт беріп, еш алаңсыз даярлануына жағдай жасауымыз керек. Ертеңгі күні Қазақстан спортының абыройын асырып, даңқын асқақтататындар дәл солар. Ал келімсектердің «тірлігі» бел­гілі: олар бүгін бар да, ертең жоқ. Ал легионерлер қалталарын қампитып ал­ған­нан соң өз отандарына тайып тұрады.

– Кезінде жергілікті мамандар «Чиншанло мен Манеза Қытайдың тумалары емес, олар Қырғызстанда дүниеге келген дүңген қыздары» деген ақпарат таратты емес пе? Дәл сондай мәліметті «Википедиядан» да оқуға болатын. Ол жерде екеуі Алатаудың арғы бетіндегі Тоқмақ өңірінде туып-өскен деп жазылған...

– Бұл – бос сөз, жалған ақпарат. Адамнан қулық артылған ба?! Әйтеуір, қисыны келсе де, келмесе де, бәзбіреулер бірдеңені ойлап тауып, соған халықты сендіргісі келді. Чиншанло мен Манеза­ның Қытайда туып-өскенін біз жақсы білеміз. Қыр­ғыз­станға олардың еш қатысы жоқ. Өз елінде жүргенде аты-жөндері басқа болатын. Қазақстанның азаматтығын алғаннан соң екеуі де есімдерін өзгертіп, бірі – Зүл­фия, екіншісі – Майя болып шыға келді.

– Даңқты бапкер Энвер Түркілери Қазақстанға келгеннен соң спорттың бұл түрі елімізде қарыштап дами бас­тады. 2005-2016 жылдар аралығында отандық ауыр атлетикамыздың орасан зор биікке көтерілуі түркиялық маманның қажырлы еңбегінің арқасы деп нық сеніммен айтуға бола ма?

– Ол кісінің ел спортының өркен­деуіне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз еке­ні еш дау туғызбаса керек. Энвер Түркі­лериден біз көп нәрсе үйрендік. Ең бас­тысы, жаттығу процесіне ол түбегейлі өзгеріс енгізді. Кеңес Одағынан қалған ескі жүйені түбірімен жойып, спорттың бұл түріне жаңа леп, соны серпін әкелді. Тіптен, «төңкеріс жасады» десек те болады. Бір ғана мысал, бұрындары біз жауапты жарыстың басталуына бар-жоғы екі-үш ай қалғанда ғана жиналатынбыз. Басқа уақытта «үйде» даяр­ланатынбыз. Түркілеридің тұсында оқу-­жаттығу жиындары жыл он екі ай бойы өтетін болды. Шыны керек, құра­ма сапындағы спортшылардан бас­тап, бапкерлерге дейін сол кездері үйдің босағасын көрмей кетті. Ерен еңбек, жанкешті жаттығулар және жаңа жүйе өз жемісін берді. Тұралап қалған Қазақстанның ауыр атлетикасы Энвер ақсақал келгеннен соң аз ғана уақыт аралығында еңсе тіктеп қана қоймай, біздің команда әлемдегі үздіктер санатына еркін қосылды. Осының өзінен-ақ Түркілеридің сіңірген еңбегін бағамдай беруге болады.

– Рио Олимпиадасы қарсаңында қатаң жазаға ұшырап, төрт жылға үлкен спорттан шеттетілгеніңіз жайын­да айттыңыз. Әрине, бұл аз мер­­зім емес. Сол аралықта немен шұ­ғыл­дандыңыз?

– ВАДА-ның талабы бойынша біз тек үлкен спорттан шеттетілумен шектеліп қалған жоқпыз. Сонымен қатар осы салада еңбек етуімізге, тіптен жаттығу залына кіруімізге де шектеу қойылды. ВАДА-ның қаһарынан қаймыққан спорттық мекемелер бізді жұмысқа қабылдаудан бас тартты. Ол аздай, мем­лекет тарапынан берілетін стипендиядан да қағылдық. Шыны керек, жапан далада жалғыз қалған адамның күйін кештім. Содан мен туған жерім – Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Екпінді ауылына оралдым. Сол жерде бос тұрған қырманды сатып алып, ауыл шаруашылығымен айналысуға бел будым. 10 миллион теңге көлемінде несие алдым. Құжаттарды ресімдеу кезінде ауылымыздың бұрынғы әкімі оны басқа біреуге 50 жылға жалға бергені анықталды. Содан қырманды жалға алған адамды іздеп тауып, оны өзімнің атыма аудару үшін зыр жүгірдім. Заңдастыру рәсіміне несиемнің тең жартысына жуығын жұмсадым. «Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» демекші, дәл сол кезде жол апатына ұшырап, біраз уақыт әбігерге түстім. Сөйтіп «Байтал тұрмақ, бас қайғы» болды. Қалған қаражат түкке жетпеді. Әйелім қиындыққа төзе алмай, ақыры екеуміз заңды түрде ажырастық. Есімді жиғаннан соң Қызылордадағы баспанамды сатып, несиеден құтылмақ болдым. Кезінде әлем чемпионатынан олжалы оралғанымда маған оны облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтің өзі дүйім жұрттың көз алдында сыйға тартқан еді. Кейін бұл арендалық баспана болып шықты. Жекеменшігің болмағаннан соң оны сатуға рұқсат жоқ. Сөйтіп таза тақырға отырдым. Несиені дер кезінде төлемегендіктен барлық карточкаларым бұғатталды. Соның кесірінен қазіргі кезде еш жерге жұмысқа орналаса алмай жүрмін. Егер мүмкіндік болса, сол баспананы басы бүтін менің атыма ауда­рылса деймін. Пәтерімді сатсам, несиемнен толықтай құтылып, әйтеуір бір кәсіптің тұтқасын ұстайтын едім.

– Бұрындары отандық сайттардың біріне берген сұхбатыңызда «Мен араласатын адамдар арасында бай-қуатты бизнесмендер де, түрлі деңгейдегі шенеуніктер де, құқық қорғау саласының белді қызметкерлері де бар» деп айтқан едіңіз. Жылдар бойы жұмыссыз жүрген кезіңізде сол дос-жараңдарыңыздың бірі де қолұшын бермеді ме?

– Басыңнан бағың тайса, араласатын адамдарың да азаяды екен. Дәуірім жүріп тұрғанда екінің біріне дос саналдым, көптеген танымал тұлғалар, беделді азаматтармен аралас-құралас болдым. Бірақ басыма қиындық түскенде ешқайсысы жанымнан табылмады. Бәлкім, бұл өмірдің заңдылығы шығар. Оған еш налымаймын. Десек те менің жаныма қатты бататын бір нәрсе бар. Ол ауыр атлетиканың маңайына жолай алмай жүргенім. Қанша дегенмен бұл салаға менің де еңбегім сіңді ғой. Талай дүбірлі додаларға қатысып, сан мәрте жеңіс тұғырына көтерілдім. Шет мемлекеттерде қазақтың Әнұранын шырқатып, Туын биікте желбіреттім. Енді көрген-білгенімді жастарға үйреткім келеді. Бірақ осы спорт түрінің айналасында жүргендер бәсекелес көре ме, әйтеуір мені ешкім маңына жолатқысы келмейді. Республикалық ауыр атлетика федерациясы тарапынан да ұсыныс түспеді. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде өзімді қоғамға мүлде керек болмай қалған адамдай сезінемін. Осы жағдай мені қатты қынжылтады.

– Жуырда жеке жаттық­тырушы­ла­рыңыздың бірі Нұржан Смаха­нов еліміздің ұлттық құрама коман­дасының тізгінін ұстады емес пе?! Бәлкім, ұстазыңыздың тарапынан алдағы уақытта бір ұсыныс болатын шығар?

– Негізі ауыр атлетиканың қыр-сырын мен Асқар Меңдияров пен Ғалым Сиқымов сынды білікті бапкерлерден үйрендім. Шеберлігім шыңдала келе Вилорий Пактың қол астында жаттықтым. Иә, спортшы ретінде жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүргенімде көп адам жанымнан шықпайтын. Солардың арасында Қызылордада бап­керлік қызмет атқарып жүрген Нұр­жан Смаханов та бар. Ол «Еңбек сіңір­ген жаттықтырушы атағын алуға көмектесші» деп біраз уақыт бойы қыр-соңымнан қалмады. Жерлес ағамның көңілін жыққым келмеді. 2013 жылы Вроцлавта әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған соң «Мені сол жарысқа даярлаған Смаханов» деп өз қолыммен қолхат жазып бердім. Соның арқасында ол мәртебелі атаққа ие болды. Жуырда Нұржанмен жолықтым. «Қазақстан ауыр атлетикасының дамуына өз үлесімді қосып, білгенімді жастарға үйреткім келеді» деп өзімнің ой-жоспарыммен бөлістім. Бірақ ол мені тыңдағысы да келмеді. Сөйтіп менің арқамда елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушы атағын алған азамат көздеген мақсатына қол жеткізгеннен соң Алмас Өтешовті керек қылмады.

– Әңгімеңізге көп рахмет, Алмас! Сіздің бүгінгі сұхбатыңыз Қазақстан ауыр атлетикасының тізгінін ұстап отырған азаматтарға біраз ой салады деп үміттенеміз.

 

Әңгімелескен

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»