• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 15 Наурыз, 2022

Әлемді тербеткен әйел

1631 рет
көрсетілді

Мейірімді көзінің нұрын төгіп қараған сәтте-ақ мынау маңғаз дүниенің бетіне қан жүгіреді. Ананың жарқын жанары тасжүрек тіршілікті еркелете аймалағанда адамзат біткен еріксіз елжірейтіні анық. Өйткені әйел-ана өмір дауылын жеңетін күшке ие. Білесіз бе, бізді қоршаған ортаны таңертеңгі тымықта күннің көзі ғана осылай аймалай алатын шығар.

Біреуге құрмет көрсет­кіңіз келсе, алдымен анаңыз­дан бастаңыз. Бала – ананың бауыр еті. Ол үшін отқа да, суға да түсуге бар. Өзегінен үзі­ліп түскен сәби үшін қан кешуден қорықпайды. Азапты жолда да ақырына дейін баруға бекінген. «Бір қолымен әлемді, бір қолы­мен бесікті тербеткен» жан үшін алып таудың өзі аласа көрінеді. Байқайсыз ба, Қазақ­стан бейнелеу өнерінде кес­кіндеме шығармаларымен танылған суретші Нұрлан Қилыбаев «Бесік жыры» кар­тинасында мейірімнің анадан жаратылғанын айтып тұрғандай. Кішкентай туындыдан үлкен жылылықтың лебі еседі.

Жалпы, қылқалам шебері кез келген шығармасында көрерменнің сезіміне, ойына әсер ету арқылы эстетикалық ләззат береді. Кескіндеме туын­дылары жеке бір тұл­ғаны, дара көріністі бейнелеп қана қоймай, күрделі сю­жетке, ерекше оқиғаларға құрыл­ған және оның мәнін ашу­ға бейім. Аталған туын-

дыдан соны байқауға болады. Ай мен күннің арасында сә­биін әлдилеген ана бар пейілін бесіктегі баласына ар­нап, дүниедегі ең бақытты жан­ның образын сомдап тұр.

Негізінде Нұрлан Қилы­баев­тың шығармаларының басым көпшілігі әйел образына арналған. Қай картинасын алып қарасаңыз да әйел бейнесінің көркемдігімен қатар, қазақтың мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін, салт-дәс­түрі әрі киім үлгісін көр­­кем­деп жеткізуге құш­тар. Қыз баланың әше­кей бұйым­да­рының элемент­теріне аса мән беріп, оны бейнелеу ар­қы­лы өзін зергер сезінеді. Ав­тор­дың шығармаларынан ру­ханиятқа ауадай қажет ұлттық дәрумендерді табуға болады.

Ең ғажабы, ол әрбір ою­дың мән-мағынасына терең үңіліп, оқырманға сол зат­тың қасиетін сезіндіреді. Туын­дыларының басым бө­лігін, соның ішінде әйел бейнесін шетелден келген қонақтар сатып алатын көрі­неді. Себебі Еуропада Шы­ғыс әйелдері жоғарғы дең­гейде бағаланады екен. Бұл біздіңше суреткердің өзіндік қолтаңбасы бар еке­нін айғақтайды. Қазақ әйе­лінің образын сомдау арқы­лы әлемді қызықтырған қыл­қалам шеберінің еңбегі зор.