Кеше Иорданияның астанасы – Амманда бокстан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия біріншілігі аяқталды.
Балғын былғары қолғап шеберлерінің бәсекесінде жерлестеріміз алты рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Атап айтсақ, Айдар Қадырхан (52 кило), Төрехан Сабырхан (57 кило), Ахмет Үсен (63 кило), Санжар-Әли Бегалиев (66 кило), Аружан Жаңабаева (66 кило) және Құралай Егінбайқызы (80 кило) сынды ұлдар мен қыздар алтын медальдарды мойындарында жарқыратты. Жастар арасындағы жарыста жеті бас жүлде бұйырды. Оның иегерлері – Томирис Мырзақұл (52 кило), Виктория Байдукова (54 кило), Ұлжан Сәрсенбек (57 кило), Бақыт Сейдіш (66 кило), Камила Бажбенова (81 кило), Егор Егоров (71 кило) және Темірлан Мұқатаев (86 кило).
Жасөспірімдер мен жастар құрамасының нәтижелерін қоса алғанда, медальдар саны бойынша Қазақстан құрамасының алдына ешкім түсе алған жоқ. Біздің өрендер 44 медальға иелік етті. Оның 13-і алтын, 14-і күміс және 17-сі қола. Десек те, жалпыкомандалық есепте үшінші орында қалып қойдық. Өйткені Өзбекстанның қоржынында 20 және Үндістанның еншісінде 15 бас жүлде бар.