Қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев Нұр-Сұлтан қаласында балабақшалардың ай сайынғы ақысы қайта қаралатынын хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
«2016 жылдан бері балабақшаларыдң төлемақысы өзгерген жоқ. Яғни, ата-аналар ай сайын мемлекеттік балабақшаларда бір балаға 16 800 теңге, ал жеке балабақшаларда 20 800 теңге төлеп отырған. Бұл сомаға тек баланың тамағы кіреді. Балалар балабақшада төрт мезгіл тамақтанады. Бұл ереже мемлекеттік және жеке меншік балабақшаларға ортақ. Осыған байланысты, біз қазір төлем мөлшерін қайта қарап, есептеулер жүргізіп, жаңа құжаттар дайындаудамыз», деп түсіндірді Қ.Сенғазиев.
Оның айтуынша, құжаттар дайын болған кезде оларды қоғамдық талқылауға, кейіннен қалалық мәслихаттың қарауына ұсынады. Жаңа құжаттар мақұлданған жағдайда балабақшалар үшін төлем мөлшері өзгереді. Бірақ, бұл тек мемлекеттік балабақшаларға қатысты. Жеке меншік балабақшаларға қатысты бұл мәселе жеке қаралады.