Ару Алматыға көктем келгелі қашан, ал асқақ астанада әдетінше қытымыр қыстың көбесі сөгілген жоқ. Жалпы, бас шаһарға көктем келе ме өзі, әлде бірден жайдарлы жазға ауыса ма!? Сұлу қаланың сәуірде ғана суығы қайтып, кербездене түсетін секілді. Әйтсе де, көктемкөз бойжеткеннің, көңілі көкорай ағаның, кеудесі кеніш достың жүрегіне Наурыз кіргеннен-ақ көктем қоныстанып алады. Ал бұл сурет қысқы астана жайлы қысқа ғана әпсана!
Қыстың қызығы тарқады. Бірақ аппақ қарға оранған Нұр-Сұлтанның керемет кештері мен мамық ұлпаны мәпелеген жұлдызды түндері ұмытыла қоя ма екен!? Әсіресе бозбала мен бойжеткеннің санасынан өшпесі анық қой. Айдың жарығына шомылған қала тұрғындары далада қанша аяз болса да елорданы ерекше жақсы көреді. Көңілде мекендеген сәулелі күндердің куәгері осы шәрі, ызғарлы болса да жанға ыстық, жүрекке жақын. Мұны белгілі суретші, пейзаждың хас шебері Төлеуғазы Байғалиев «Қысқы астана» картинасында бекзада бояумен жеткізеді. Композицияға қарап астананы сүйсеңіз, осылай сүйіңіз дегіңіз келеді!
Қылқалам шебері өзінің аталған туындысын қала пейзажы жанрына арнайды. Қала пейзажы – бұл заман тынысын жеткізуші, уақыттың бояуын анықтайтын сырлы картина. Автор мерейлі мезгілдің бір сәтін немесе құрылыс, көше, саябақ пен қала көріністерін суретшінің көзімен бейнелеп әрі оқырманның жүрегінен өткізуге тырысқан.
Байқасаңыз суретші «Қысқы астана» картинасында ескі астананың кішкентай ғана көрінісін береді. Қаланың байырғы тұрғындары Целиноградтың ескі орталығы саналатын ЦУМ-нан Конгресс-Холға өтетін жерасты жолының алдын бірден тани қояды. Кішкентай саябақта үйеңкі бұтақтары мен жас шыршалар созылып жатыр, олардың арасынан ескі үш қабатты үйлер көрінеді. Аспан бұлтты, жолдарды мұз басқан, ағаш бұтақтары мен гүлзарларды қалың қар жапқан.
Міне, мұның бәрі суретші түстерді үйлестіріп жеткізген қыстың үйреншікті белгілері. Тынық, көмескі, реңк жағынан бір-біріне жақын түстер табиғаттың күйі мен сол жердің атмосферасын жеткізіп тұр. Суретші әлі де қараңғылық түспегенін айтып, ымырт ұялар шақтың кескінін сызған. Қысқы астананы сағынған жанға аңсарын басар әдемі сурет әртүрлі ойға жетелейді.