• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Наурыз, 2022

Азаматтық қоғамға нақты қадам

5438 рет
көрсетілді

Бұл Жолдаудың кезекті Жолдаулардан өзгеше болғаны анық. Сондықтан тарихи құжатта еліміздің алдағы бірнеше жылғы даму стратегиясы мен болашаққа бағыты ұсынылды деуге толық негіз бар.

Жолдау Мемлекет басшысының саяси жаңғыртуды тұжырымдамалық тұрғыдан бекітіп беруімен құнды. Асыра айтқандық емес, дәл осы жайтты қоғам үмітпен тағатсыздана күтті. Президент қоғам көңіліндегі күдікті сейілтті. Тіпті, зәредей де күмән қалдырмады. Бұл – еліміздегі саяси жүйенің жаңғыруын әйгілеген ауқымды өзгеріс.

Басты жаңалық, еліміздің «суперпрезиденттік» үлгіден салиқалы президенттік-парламенттік үлгіге түбегейлі қадам басуы. Соның ішінде Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік басқару мен квази-мемлекеттік секторда жоғары лауазымдарға ие болуына тосқауыл қоюды айрықша атап өткен ләзім. Сондай-ақ, Президент өзінің өкілеттілігі кезінде саяси партияның мүшесі болмайды. Сонымен бірге Мемлекет басшысы енді дербес шешімімен аудандар мен ауылдық округтер әкімдерін қызметінен ала алмайды және облыс пен республикалық маңыздағы қалалар әкімдерін баламалы негізде ғана әрі жергілікті мәслихаттың келісімімен тағайындай алады. Жалпы, жүйені демократияландырудан бөлек, бұл ішкі ұтқырлықты арттыруға септеседі. Өйткені осыған дейінгі құзырлы өкілеттіліктің салмағы бір адамға әжептәуір ауырлық ететіні жасырын емес.

Құқықтық мемлекетсіз азаматтық қоғам болмайды, сол сияқты азаматтық қоғам да мемлекеттің құқықтық ұстынын бекіте түседі. «Суперпрезиденттік» жүйеден арылу, Конституциялық сотты қалпына келтіру, Прокуратура және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заңдар қабылдау азаматтық қоғамның орнығуына бастайтыны анық.

Қоғам үшін көптен күткен тағы бір маңызды қадам – Мәжілістің депутаттарын сайлаудың пропорционалды жүйесінен депутаттық корпусты жасақтаудың аралас жүйесіне (пропорционалды-мажоритарлық, 70/30 пайыз) көшу болды. Осылайша, аталған институт шын мәніндегі заң шығарушы органға айналады. Бұл күш-жігерін мемлекет пен қоғамның игілігі үшін қолдана алатын бастамашыл өзін-өзі ұсынушыларға, оның ішінде өңірлерден шыққан белсенділерге жол ашатыны анық. Сол арқылы парламенттік сайлау түптің түбінде нағыз атына сай болып, бұл процесс азаматтардың қызығушылығын арттыра түседі. Расымен, бір нәрсені өзгерту өзімізге байланысты екенін сезіну – бұл немқұрайдылықтың ең жақсы емі. Сонымен қатар, таза техникалық инновацияларды белсенді түрде енгізу – сайлаушылардың бірыңғай электрондық базасы және дауыс берудің балама түрлерін кезең-кезеңімен кеңейту оң өзгерістерге ықпал етеді.

Әрі қарай. Азаматтық қоғамның басты институттарының бірі саяси партиялар екені белгілі. Тіркеу шегін 20-дан 5 мың мүшеге дейін, сондай-ақ өңірлік өкілдіктердің ең аз санын 600-ден 200 адамға дейін төмендету арқылы оларды тіркеу рәсімін оңайлату – осы бағыттағы батыл қадам. Қарапайым сөзбен түсіндірсек, 5 мың адам – бұл кез келген белсенді және мақсатты азамат жинай алатын Facebook-тегі достарының саны. Егер оның айтатын ойы, сондай-ақ ел игілігі үшін өз идеяларын жүзеге асырудың нақты мүмкіндігі болса, неге шын мәнінде партия құрмасқа? Сонымен қатар әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында қызмет атқаруға заң жүзінде тыйым салу партияларды мемлекеттік қысымнан және өздеріне тән емес функцияларды орындаудан босатуды білдіреді.

Азаматтық қоғамның классикалық анықтамасының бір көрінісі – бұқаралық ақпарат құралдары. Бұл мәселеге де Президент Жолдауында ерекше мән берілді. БАҚ туралы жаңа заңды әзірлеу және қабылдау, журналистердің шынайы бостандығы мен кәсіпқойлығын қамтамасыз ету, елде еркін ақпараттық кеңістікті қалыптастыру – демократияның жолы ғана емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі десек, асыра айтқанымыз емес. Болашақта қабылданатын ұлттық жобалар мен стратегиялық құжаттарды талқылауға сарапшыларды, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдерін тарту да қажетті шара. Ал Мемлекет басшысы жариялаған «Ұлттық құрылтай» сияқты кеңесші органның құрылуы – дала демократиясының тарихи дәстүрлерінің сабақтастығы деп білеміз. Дәл осындай тәжірибе бізде қалыпты жағдайға айналады деген үмітіміз бар. Жұртшылық Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының құрылуын ерекше қуанышпен қабылдады. Қапшағайға ұсынылған Қонаевтың аты да көпшіліктің көңіліне қона кетті.   

Жалпы, Жолдауда айтылған азаматтық қоғамға қарай бағытталған «Жаңа Қазақстанның» қадамдары нық. Ал ондағы мақсат-міндеттердің орындалуы әрқайсымызға байланысты. Ол үшін ең бастысы береке-бірлігіміз бекем болуы керек.