Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Андрей Голубев Индиан-Уэллс мастерс турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстандық теннисші германиялық Александр Зверевпен бірге ширек финалда америкалықтар Тэйлор Фриц – Томми Полмен шеберлік байқасты.
Қазақстандық-америкалық жұп 6:4, 7:6 (7:3) есебімен жеңіске жетті. Олар сағат жарымға жуық уақытқа созылған матч барысында 6 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Қарсыластары 6 эйске қол жеткізгенімен, 5 брейк-пойнтты мүлт жіберді.
А.Голубев пен А.Зверев жартылай финалда америкалықтар Джон Изнер – Джек Сок немесе испаниялық Филисиано Лопес – грекиялық Стефанос Циципас жұптарының қай жеңгенімен кездеседі.
Андрей Голубев осыған дейін жекелей және жұптық сында мастерс жарыстарында жартылай финалда ойнамаған еді.