Соңғы кездері осындай қазақтілді ортаға арналған жиын көп болып жүрген жоқ. Сондықтан «Ұлттық мүдде» диалог алаңының құрылуы – жақсы үрдіс деп есептеймін.
Біздің бүгінгі қоғам күрделеніп кетті. Билік те көптеген мәселеде қоғамның мүддесінен шыға алмады дей аламыз. Бір жағынан, бұған қоғамның жасаруы да әсер етті. Кейбір орыстілді зерттеулерді қарағанымызбен, қазақтілді ортаға арналған үлкен зерттеулерді көріп жүрген жоқпыз. Мысалы, біздің қоғам қандай, оның басты тұлғасы кім, жұрт кімді тыңдайды? Неге соңғы кезде болған оқиғаларға жол бердік деген сан сауал мәселеге жауап таба алмай келеміз.
Дегенмен кейінгі кезде жақсы бастамалар шығып жатыр. Мәселен, ақсақалдар кеңесі қолға алынды. Тағы басқа да алаңдар ұсынылды. Бірақ соның бәрі өзімізді жұбату үшін жасап жатқан жобалар секілді. Ақсақалдар кеңесінің үндеуін жастар тыңдап, оған қоғам назар аудара ма? Жалпы, елімізде жұрт үлгі тұтып, сөзін тыңдайтын ақсақал бар ма? Кешегідей үлкен нөпір күш шыққанда олар кімді тыңдайды, жалпы, тыңдата білетін қайраткер қалды ма, қалмады ма деген мәселе де алдымызда тұр.
Сондай-ақ қазіргі қазақ қоғамы жіктеліп дамып келе жатқан секілді. Бір жігіміз, екінші жікті тудырып, қоғамның өзін жіктерден құралған қоғамға айналдырып жібергендей. Дағдарыс кезеңінде бұл үрдіс айқын көрінеді. Екіншіден, қоғамда экстремистік-радикалистік көзқарастардың басым болуы, осының картографиясының жоқтығы үлкен мәселе тудырады.
Мемлекет басшысының Жолдауынан үлкен үміт күтеміз. Бұл Жолдау ұлттық және қоғамдық келісімшарттардың жиынтығы секілді. Соның ішінде жаңадан үш облыстың құрылуы мен тағы басқа өзекті мәселелердің көтерілуі, қазақтың ұлттық келісімін қажет етеді. Соның алғышарты басталып, сенім қадамдары жасалды. Қазір біз әркім өз орнын білетін, өткен ғасырдың 60-70-80 жылдардағы ұлттық ымыраның нұсқасына жете алмаған сияқтымыз. Кешегі тоқсаныншы жылдардағы қиындықтан, соның арқасында аман шықтық. Бүгінде соның ешбір үрдісі қалмай барады. Бұл да ойланатын шаруа.
Ұлттық мүддеде неге келіп тірелуіміз керек, тоқтайтын жеріміз қайсы? Негізінен, үрей мен қорқыныштың бәрі ұлттық азшылық психологиясынан туындайды. Соңғы өткен Ұлттық санақта қазақтың саны 71 пайызға жетсе де, әлі де тіл секілді мәселелерге қатысты үрейіміз 60-70-жылдардағы Алматыда автобуста «неге қазақша сөйледің?» деп жүрген адамның жанайқайына келеді.
Кешегі қаңтар оқиғасы елдегі тұрақтылық пен тыныштықтың құнын көрсетті. Осы құндылықтың қадірін білуіміз қажет. Сонымен бірге ұлттық инфрақұрылымды дамытуға қандай ұйым керек, қосымша зерттеу орталықтары қажет. Осы мәселелерді қарастырған жөн. Соған байланысты бәріміз бірігіп жұмыс істеуіміз қажет. Берік Әбдіғалиұлы «Қазақ миссиясы» деген бір альманах шығарды. Осындай тәсілді диалог алаңы аясында жаңа форматта қолға алып, айтулы ғалымдар мен қаламгерлердің, қоғам қайраткерлерінің жаңашыл идеологияға сай жазылған дүниелерін жариялап отырсақ деген ұсынысым бар.
Айдос Сарым,
Парламент Мәжілісінің депутаты