БҰҰ-ның Нью-Йорктегі (АҚШ) штаб-пәтерінде Әйелдер жағдайы жөніндегі комиссияның (CSW66) 66-сессиясы өз жұмысын бастады. Оған Қазақстан делегациясы қатысуда.
25 наурызға дейін жалғасатын сессия отырыстарының басты тақырыбы: «Гендерлік теңдікке қол жеткізу және климаттың өзгеруі, қоршаған ортаны қорғау және апаттар қаупін азайту саласындағы саясат пен бағдарламалар аясында барлық әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту». CSW66-да Қазақстан делегациясы құрамында Лаззат Рамазанова төрағалығымен Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия, Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, Президент кеңесшісі Маржан Әкімжанова, СІМ және еліміздің БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің өкілдері, қоғам қайраткерлері бар.
«Климаттың өзгеруі – ортақ сын-қатеріміздің бірі. Бұл қазіргі 66-сессияның басым тақырыбы. Әлем отқа орануда. Ол дүние жүзінің кез келген бұрышына әсер етіп, Тынық мұхиттан Арктикаға дейін бейбітшілікке, азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақты дамуға қауіп төндірді. Барлық басқа дағдарыстағыдай, климаттың өзгеруі әйелдер мен қыздарға үлкен әсер етеді... Бүгін мен қайтадан баршаңызды әлемдегі әйелдер мен қыздарды климат мәселелерін шешуге толық және мағыналы түрде тартуға шақырамын», деді БҰҰ Әйелдер жағдайы жөніндегі комиссияның 66-сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде «БҰҰ-әйелдер» ұйымының Атқарушы директоры Сима Бахус.
«Өкінішке қарай, климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның нашарлауы, апаттардың жағымсыз әсерлерін сезінетін осал топтардың арасында қыздар мен әйелдер жиі кездеседі. Мысалы, Қазақстанда тамақ дайындау үшін лас отынды пайдалануға байланысты энергетикалық кедейлік проблемасы әйелдерге көбірек кері әсер етеді», деп мәлімдеді Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» ұйымының өкілі Мария Доценко. Ол, ДДҰ бағалауы бойынша, жыл сайын 10 мыңнан астам қазақстандық ауаның ластануына байланысты себептерден көз жұматынын, оның ішінде 5 мыңнан астам адам ластанған ауадан қайтыс болатынын ескертті.
Қазақстан делегациясы 14 наурызда БҰҰ штаб-пәтерінде «Қазақстан-БҰҰ: гендерлік теңдікті ілгерілету және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бойынша ынтымақтастыққа 30 жыл» фотокөрмесін ұсынды. Фотосуреттерде Тәуелсіздіктің 30 жылдағы еліміздің негізгі гендерлік жетістіктері ұсынылған. Олардың ішінде: әйелдер үшін тыйым салынған мамандықтар тізімін жою, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталықтарын ашу, заңнамаға негізгі өзгерістер, гендерлік зорлық-зомбылық пен экономикалық әділеттілік пен құқықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі «Теңдік ұрпағы» форумының іс-қимыл коалицияларына қосылу, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік туралы 1325 қарарын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын қабылдау және тағы басқалар бар.