18 наурызда күн райы Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашынды болады. Оңтүстіктің таулы аудандарында қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады. Республиканың тек солтүстігінде ашық күн райы қалыптасады. Ел бойынша желдің күшеюі, тұман, көктайғақ, жаяу бұрқасын болжанады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жамбыл облысының солтүстігінде, таулы аудандарында тұман болады. Облыстың шығысында, оңтүстік-шығысында, таулы аудандарда – көктайғақ, оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында, таулы аудандарда - 15-20 м/с жылдамдықта жел болжанады. Оның екпіні кейде 23-28 м/с күшейеді.
Түркістан облысының таулы, тау бөктерлі аудандарында тұман, найзағай ойнайды. Облыстың батысы мен солтүстігінде, таулы және тау бөктерлі аудандарында жел 15-20 м/с соғады.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында тұман болады. Жолдарда көктайғақ күтіледі. Облыстың оңтүстік-батысында жел 15-20 м/с күшейеді.
Қарағанды облысының шығысында, орталығында жаяу бұрқасын болжанады. Күндіз-желдің күші 15-20 м/с артады. Қызылорда облысының солтүстігінде – тұман, орталығында 15-20 м/с жылдамдықта жел болады. Түнде облыстың оңтүстігінде көктайғақ күтіледі.
Ақтөбе облысының шығысында түнде 16 м/с жылдамдықпен жел соғады, облыстың оңтүстігінде түнде тұман басады. Қостанай облысының оңтүстігінде 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады, солтүстік-шығысында тұман болады.
Ақмола облысының оңтүстік-шығысында 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады, түнде және таңертең облыстың солтүстігінде тұман болады. Алматы облысының солтүстігінде, таулы аудандарында тұман, шығысында жел 15-20 м/с күшейеді.
Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарының солтүстігінде, түнде Атырау облысының батысында тұман болады.