Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданы өзінің әншілік мектебімен абырой биігіне көтерілген өңір. Сол дәстүр бүгінде сәтті жалғасын тапқан. Мысалы, таяуда ғана аталған аудандағы өнер мектебінің «Әуен» балалар ансамблі республикалық «Сал домбыра» байқауында бас жүлдені жеңіп алды.
Айта кету керек, Алматыда өткен шығармашылық байқауда еліміздің түкпір-түкпірінен келген 214 дарын бақ сынаған болатын. Ал өнер сайысында халық әндерінен попурриді эстрадалық нұсқада орындаған Ақтоғайдың әнші балдырғандары 38 ұжымның ішінен дара шықты.
«Әуен» тобының жетекшісі Саламат Мүбәрәк өнер ұжымының 2016 жылы құрылғанын айтады.
– Жаңа құраммен 2020 жылдан жұмыс істей бастадық. Содан бергі уақыт ішінде ансамбль бірнеше ірі өнер додасына қатысты. Қол жеткізген табыс та аз емес. Жалпы, репертуарымызда алты ән бар. Ансамбль құрамындағы сегіз қыздың барлығы вокал бойынша білім алады, – дейді ол.
Сонымен бірге топ құрамындағы жеке орындаушылар Кәусар Қанат пен Дильяра Нұрахмет аталған байқауда көзге түсіп, қазылар мен көрерменнің ыстық ықыласына бөленіпті. Кәусар өзімен жасты 42 әнші қатысқан сайыста бас жүлдені жеңіп алса, Дильяра бірінші орынға иелік еткен екен.
Қарағанды облысы