• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 20 Наурыз, 2022

Барыс жылы туралы баян

1271 рет
көрсетілді

Жаңадан ғалам қақпасын ашқан – Барыс жылы туралы ел ауызында сақталған:Жылыңыз он екіге бөлінеді,Ежелден осылайша көрінеді,Қарасаң бәрі бірдей болғанымен,Өтеуі неше саққа телінеді.Он екі жылдың үшіншісі Барыс екен,Ниеті хайуанның талыс екен.Жоқшылық, құрғақшылық пәлекеттерБұл жылдан жұттың ауылы алыс екен, – деп келетін көне шумақ бар.

Әуелі, тереңнен толғап сөй­лесек, 12 жылға негізделіп, бес мүшелге үйлестірілген жыл санау есебі, зерттеушілер пікірінше, б.з.б. ІІ ғасырда Тун тауын мекен­деген ғұн тайпаларынан бас­тау алған дейді. Бұған дәлел – осы өңірде жартасқа қашап салынған петроглиф түрінде 12 жылдың мүсін-бейнесі сақталған. Бұл жәдігерді тауып, ғылыми айналымға енгізген әйгілі қытай археологы Гай Шаньлин: «Тастағы жыл атаулары мен мүшелдік таңбалар осы өлкеде екі мың жыл бұрын өмір сүрген халықтың туындысы» депті («Қазақша мүшелдік жыл санау», «Өрнек» баспасы. Нұр-Сұлтан, 2000 жыл. – 12 б).

Ал көне түркілік танымда бір ғасыр 60 жылға тән. Мұны «жа­рын» деп атайды. Осы мер­зімде 12 жыл атауы бес дүркін қайталанатындықтан, қателесіп кетпес үшін оларға бес түрлі түс және бес түрлі материалдық зат атау берген. Мысалы, ақ, сары, қызыл, қара, көк дейтін бес түрлі түске: темір, ағаш, топырақ, от, су сияқты материалдық атаулар қоса қолданылады. Бұлар жарын есебін жүргізгенде жаңылыспау үшін қажет дүниелер екені анық.

Жоғарыда айтқан жарын есебі қазақ халқының байырғы жыл қайыру есебінде болған. Мысалы, Ахат Шәкерімұлының 1992 жылы «Жұлдыз» журналының 11-нші санында жарияланған «Менің әкем, халық ұлы – Шәкерім» атты көлемді естелігінде: – Бір күні әкей­ден «Қазақ бұрын қандай дінде болған?», деп сұрадым. Әкей: «Қазақ атанғаны – Ноғайлыдан бөлінген соң мұсылман болғаны. Оған дейін – ескі түркінің мәужуси діндері болған. Ескі түріктер құдай жаратқан заттардың ең қасиеттісі – бес нәрсе деп білген. Олар: от, топырақ, су, темір, өсімдік (ағаш)... Және осы нәрсені 12 жылдың атына қосып, 60 жылдық ұлы мүшел еткені де сондықтан еді» деп айтқан сөзін келтіреді.

Сол сияқты, ескі әбжат есебінің білгірі Ақжан Машанидың еңбек­терінде де 60 жылдық мүшел есебі айтылыпты. Ғұлама ғалым мүшел дегеніміз – уақыт өлшемі, осы ар­қылы күннің, айдың, жылдың есебін айырамыз дей отырып, ал­пыс жылдық мүшелге (жарын есебі) тоқталыпты. Яғни 12 жыл бір мүшел оны бес саусаққа көбейту арқылы 12 х 5 = 60 жыл шығады. Бұл барлық көне Шығыс еліне ортақ дейді. Онымен қоймай мүшел кестесінің алпыс жылдық кестесін беріпті (әл-Машани А.Ж. Әл-Фараби көпірі: мақалалар, – Алматы: «Алатау» баспасы, 2005. – 239-240 бб).

Жарын есебі бойынша биыл – 17-нші жарынның материалдық сипаты су, түсі қара Барыс жылы кіріп жатыр. Этнограф ғалым Мыңбай Ысқақовтың 1980 жылы Алматыда жарық көрген «Халық календары» атты еңбегінде: «Түркі тектес халықтардың барлығының жыл қайыру есебінде «Барыс» атауы бар. Бұл терминді – алтайлықтар (тілеуіттер) – парсы, өзбек пен ұйғыр – барыс, әзербайжандар – парс, түрікмендер – барыс, парсы ағайындар – пелеңгі деп атайды, көне қытай жазбаларында «арыстан» деген атпен белгілі» дейді. Сол сияқты, атақты француз лингвисі һәм эфиоп тілінің маманы Жозеф Галеви (1827 – 1917) «барыс» атауы көне парсы тілінен шыққан депті. Бірақ қазақ ұғымында барыс, жолбарыс сөздері ежелден бір ұғымды білдірсе, соңғы жылдары еліміздің таулы өлкесін мекендейтін жырт­қыш жануар шұбар ілбісті «қар барысы» деп әспеттеп жүрміз.

Биылғы Барыс жылының астро­логиялық сипаты жайлы отан­дық астролог Елена То­поль­ская, негізінен Барыс жылы мол­шылыққа толы болады, сондай-ақ әрқилы толқулар орын алуы мүмкін десе, Шығыс күнтізбесінде: «Барыс жылы туған адамдар шешімді, бір беткей келеді. Әрбір істе тындырымды, уақытты бағамдай алады һәм көзі қарақты, ішкі қуаты мол, бірақ оны сыртқа шығара бермейді, ашуланған кезде қайтуы қиын. Ең бастысы, еркіндік сүйгіш, әріптестік ісіне сенімді» деп жазса, Барыс жылы туған адамда болатын мінез-құлық сипаты жайлы этнограф-зерттеуші Қалбан Ынтыханұлы «Өрнек» баспасынан шыққан «Қазақша мүшелдік жыл санау» атты еңбегінде: «Бұл жыл алабүлікке толы болады, оның ауыртпалығы мен жақсылығы бірдей. Бұл сөзімізге 1986 жылы Алматыда болған Желтоқсан оқиғасы куә» деп жазыпты.

* * *

Қазақ тарихында Барыс жылы туған танымал тұлғалар мен елеулі оқиғалар жетерлік. Тек өткен бір ғасырдың өн бойына назар аударсақ, 1902 – барыс жылы: қазақтан шыққан тұңғыш генерал, Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымов, қаһарман қыз Мәншүк Мәметова, қазақ әдебиеті алыптар көшінің тұлғалары – Ғабиден Мұстафин мен Ғабит Мүсі­репов, комсомол қайраткері Ғани Мұратбаев т.б. туса, осы жылы атақты түрік жазушысы На­зым Хикмет дүние есігін ашқан екен. Сол сияқты, бұл жылы Ахмет Ясауи бабамыз­дың «Диуани Хикмет» кіта­бы Ташкентте және қазақ ауыз әдебие­тінің көп тараған қиссасы «Қыз Жібек» жыры Қазанда басылыпты.

1914 – Барыс жылы: қазақ әдебиетінің бір өкілі Саттар Еру­баев, театр тарландары Шәкен Ай­­манов, Сәбира Майқанова, Раби­ға Есімжанова, Халық әртісі, Ста­линдік сыйлықтың иегері Әнуар­бек Үмбетбаев, суретші Құлах­мет Қожықов т.б. қайраткерлер дүние есігін ашса, осы жылы Дү­ниежүзілік бірінші соғыс басталса, Семей қаласында Абайдың өмірден өткеніне 10 жыл толуына арналған үлкен кеш ұйымдастырылыпты.

1926 – Барыс жылы: қазақ кинорежиссері Абдолла Қарсақ­баев, ақын-сазгер Бәкір Тәжібаев, этнограф-жазушы Ахмет Жүнісов, кесіндемеші Сахи Романов, ғалым-филолог Темірбек Қожа­кеев, музыкатанушы Хаби­дол­да Тастанов қатарлы ұлт қай­раткерлері дүние есігін ашса, еліміз тарихындағы елеулі оқиға – Баку қаласында Бүкілодақтың Бірінші түркологиялық съезі өтіп, оған Қазақстаннан А.Байтұрсынов, Н.Төреқұлов бастаған өкілдер қатысыпты. Сонымен қатар қазақ драма театры тұңғыш рет «Еңлік-Кебек» спектаклін сахналаса, қазақ зиялыларының орасан зор күш жұмсауының арқасында Сырдария облысының Қазалы, Ақмешіт, Түркістан, Шымкент уездері, Әулие­ата уезінің көп бөлігі, Таш­кент, Мырзашөл уездерінің бір­шама бөлігі, Самарқанд облысы Жизақ уезінің бірнеше болысы, Жетісу облысының Ал­маты, Жаркент, Лепсі, Қапал уез­дері, Пішкек уезінің бір бөлігі ҚазАССР-не қарады. Республика аумағы үштен біріндей кеңейіп, 2,7 млн шаршы шақырымға жетті. Ал халқы 1 миллион 468 мың адамға кө­бейді. ҚазАССР-нің халқының жалпы саны 5 миллион 230 адамға жетті.

1938 – Барыс жылы: танымал балетмейстер Болат Аюханов, жазушы Мәди Хасенов, тарихшы Сәбетқазы Ақатай, Мемлекеттің Тудың авторы Шәкен Ниязбеков, экономист-ғалым Ғани Қалиев, филология ғылымдарының докторы Әлімхан Жүнісбеков, ақын Өтежан Нұрғалив қатарлы тұлғалар өмірге келсе, осы жылы елімізде, алғашқы дыбысты деректі лента-фильмдер: «Арпалыс», «Жау соқпағы» «Жамбыл ата» туындылары түсіріліп, Әулиеата қаласына Жамбыл есімі берілді. Сондай-ақ отандық ғылым үшін маңызды оқиға Алматы қаласында КСРО Ғылым академиясының филиалы ашылды.

1950 және 1962 – Барыс жылдары: 1950 жылы белгілі жазушы Жұмабай Шаштайұлы, сықақшы Көпен Әмірбек, ғалым Намазалы Омашұлы, спорт журналисі Несіп Жүнісбай, ақындар Несіпбек Айтұлы мен Серік Ақсұңқарұлы өмірге келсе, 1962 жылы: тележурналшы Бейбіт Құсанбаев, қоғам қайраткерлері Дархан Мыңбай мен Ерлан Қошанов, ақын Светқали Нұржан, тарихшы Тұрсынхан Зәкенұлы қатарлы әдебиет, қоғам қайраткерлері туыпты. 1950 жылы елімізде, мұнай өндіру соғысқа дейінгімен салыстырғанда 52 пайызға өсіп, республика көлемінде 1 мил­лион 493 мың оқушыны қамтитын жалпы білім беретін 9088 мектеп жұ­мыс істеп тұрды. Ал 1962 жылы желаяқ спортшы Әмин Тұяқов 200 метр қашықтықты 21,1 секундта жүгіріп өтіп, тұңғыш КСРО чемпио­ны болса, оның ізін жалғап еркін күрестен қазақ балуандары арасынан алғаш рет А.Ғабсаттаров тағы да КСРО чемпионы атанды.

Одан кейінгі Барыс жылдары (1974, 1986, 1998, 2010) орын алған еліміз тарихындағы елеулі оқиғаларға тоқталсақ: 1974 жылы «Қан мен тер» драмасы қойылып, кітап авторы, драма режиссері және басты рөлді орындаушылар КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болса, 1986 жылы – Желтоқсан оқиғасы орын алды. Келесі Барыс – 1998 жылы 6 шілдеде Қазақстан мен Ресей арасында XXI ғасырға бағдарланған Мәңгілік достық пен одақтық туралы декларацияға қол қойылды. Сондай-ақ Барыс – 2010 жылдың ірі оқиғасы – елордада Қазақ хандығының негізін салушы Керей және Жәнібек хандарға ескерткіш ашылып, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында VII Қысқы Азия ойындары бас­талды. Оған сары құрлықтың 27 мемлекетінен 1000-нан астам спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медальға ие болып, жеңімпаз атанды.