Әлемдік деңгейдегі кез келген спорт түрінің тарихына үңілер болсаңыз, барлығы дерлік белгілі бір елдің, белгілі бір аймақтың ұлттық спорты екеніне көз жеткізесіз. Мәселен, дзюдо мен сумо Жапонияның, хоккей Канаданың, бокс, су спорты мен теннис Ұлыбританияның, жеңіл атлетика Ежелгі Эллада елінің төл спорты екені айтылады. Сол сияқты қазақтың да өзіне тән ұлттық ойындары бар. Әрине, жоғарыда атап өткен спорт түрлері сияқты қазақтың ұлттық ойындары Олимпиада бағдарламасына енбесе де, төл өнерімізді ұлықтау мақсатында әр жылдары әлем және Азия чемпионаттары, халықаралық деңгейдегі түрлі жарыстар ұйымдастырылып тұрады.
Ұлттық жоба үрдісі
Қазақтың ұлттық ойындары ертеде жауынгерлік жаттығудың негізінде қалыптасқан болса да, заман озып, уақыт ұзаған сайын спорт, өнер-ойын деңгейіне көтерілді. Қазіргі таңда ұлттық спорт – спорт пен денешынықтырудың ажырамас бөлігі, жастарға бай тарихымыз бен салт-дәстүрлерімізді насихаттаудың, халық денсаулығын нығайтудың негізгі факторына айналды.
Ел болып, егемендігімізді алғаннан кейін төл спортымыз төрге оза бастады. 90-шы жылдардан бері ел аумағында ресми бекітілген ұлттық спорттың 25-тен аса түрі қарқынды дамып келеді. Оның ішінде қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, құсбегілік, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, ұлттық ат жарысы және басқа да спорт түрлерімен айналысатындар саны артып, жыл сайын түрлі деңгейдегі (халықаралық деңгейден бастап жергілікті деңгейге дейін) мыңнан астам жарыс ұйымдастырылады.
Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған статистикалық деректерге сәйкес бүгінде ұлттық спорт түрлерімен тұрақты түрде шұғылданатын қазақстандықтардың саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2019 жылы ұлттық спортпен тұрақты түрде айналысатындар саны 399,3 мың адам болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 432,5 мың адамға дейін жеткен. Ал 2021 жылдың қорытындысы бойынша олардың қатары жарты миллионға (489,9 мың адам) жуықтаған. Бұл – жалпы, денешынықтыру және спортпен шұғылданушылар санының 8%-ын құрайды.
«Ұлттық спорттың елімізде кең қанат жаюына тұрақты негізде Халық ойындары, «Ақбидай» ауыл спорты ойындары, ауыл жастарының ойындары, ұлттық спорт түрлерінен фестиваль, әлем және Азия чемпионаттарын, республикалық және халықаралық турнирлерді, сонымен қатар ұлттық спорт түрлерінен әртүрлі жас ерекшеліктері арасында ел біріншіліктерін өткізу оң әсер етті. Бүгінде республикамызда ұлттық спорт түрлерінен 8 спорт клубы және 13 спорт мектебі жұмыс істейді. Қазақстан аумағында 45 ипподром бар болса, оның 33-і – мемлекеттің меншігіне. Ал 12-сі – жекенің еншісінде. Түрлі деңгейдегі спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік беретін ірі ипподромдар Алматы облысы мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында орналасқан», деді Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев.
Сондай-ақ қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында 250 адам қабылдай алатын жабық ат спорты манежінің құрылысы басталды. Бұл да өз кезегінде ат спортын одан әрі дамытуға оң септігін тигізеді. Ақтөбе облысында осындай ат спорты манежі 2020 жылы пайдалануға берілді, Жамбыл облысында манеж құрылысы жүргізілуде.
Тоғызқұмалақ мектеп бағдарламасына енгізілді
2020 жылдың соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауын іске асыру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денешынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы қабылданды.
Аталған заңда білім беру ұйымдарында денешынықтыру сабағына ұлттық спорт түрлерін міндетті компонент ретінде енгізу қарастырылған. Министрлік ұлттық спорт түрлерінің тізбесін әзірлеп, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 26 ақпандағы № 52 бұйрығымен бекітті.
«Бүгінгі күні министрлік білім берудің барлық деңгейлеріндегі дене тәрбиесі сабақтарында «Қазақ күресі», «Тоғызқұмалақ», «Асық ату» сияқты ұлттық спорт түрлерінің міндетті компонентін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде ұлттық спорт түрлерімен шұғылданушылар санын арттыруға мүмкіндік береді», деді С.Ерғалиев.
Осыдан бірер жыл бұрын Қазақ күресі федерациясының президенті Дәурен Абаев пен бас хатшы Бақдәулет Сәбитов федерация тарапынан қазақ күресін дамыту бағдарламасы аясында қолға алынатын бірқатар жоба туралы баяндап, қазақ күресінен 100 сағаттық оқу бағдарламасы дайындалғанын мәлімдеді. «Оқу бағдарламасында қазақ күресінің әліпбиінен бастап, өзіндік спорт түрі ретінде барлық қырлары, оқыту жолдары қамтылған. Былтырғы оқу жылында қанатқақты жоба ретінде Нұр-Сұлтан қаласының 5 мектебінде денешынықтыру пәндеріне қазақ күресі енгізілді. Барлық мектепке қазақ күресі сабағын енгізу үшін мамандар тапшылығы байқалуы мүмкін. Сондықтан біз мамандар даярлайтын Қазақ күресі академиясын ашуды жоспарлап отырмыз. Академия мамандарды ғана оқытып қоймай, төрешілердің біліктілігін арттыру, ұлттық күрестің ғылыми-практикалық тұрғыда зерттелуін қамтамасыз етеді. Барлық әлемдік спорт түрлері сияқты қазақ күресін ғылыми тұрғыдан зерделеуіміз керек. Солай ғана төл күресімізді әлемдік деңгейге көтере аламыз. Қазір халықаралық аренада қазақ күресінің атауын өзгерту туралы жиі айтылып жүр. Осы орайда біз зерттеуші ғалымдар тобына қазақ күресіне қатысты терминдерді жүйелеуді тапсырып отырмыз», деді федерация президенті.
ЮНЕСКО ұлықтаған мұралар тізіміне енді
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстанның басты жетістігінің бірі – ЮНЕСКО-мен достық қарым-қатынасты орнату және нығайту екені белгілі. Халықаралық ұйыммен ынтымақтастық аясында материалдық емес мәдени мұраларды қорғау саласында біршама жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі Ұлттық комитет құрылды, адамзаттың репрезентативтік тізіміне алғашқы қазақстандық ұсынымдар әзірленіп, ұлттық тізім бекітілді.
ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне қазіргі уақытта Қазақстан атынан 11 элемент қосылған. Мұның ішінде домбырамен күй орындау, қазақ күресі, асық ату, атбегілердің көктемгі жоралғылары, құсбегілік, Наурыз мейрамы, тоғызқұмалақ, айтыс, киіз үй жасау, қатырма жұқа нан деген сияқты мәдениеттер енген. Бұлардың көбі басқа елдермен бірігіп ұсынылған.
Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбайдың айтуынша, ЮНЕСКО-ның тәртібінде материалдық емес мәдени мұраны қорғауды қамтамасыз етеміз деген елге көбірек талап қойылады және ұлттық спорттың әлемде кең насихатталуына зор мүмкіндік бар.
«Бұл тізімге қандай элемент қосылсын, ең алдымен, қатысушы мемлекетке жоғары талап қояды. Жалпы, адамзаттық тізім, адамзаттың мәдени емес мұрасын репрезантивті тізімі деп аталғанымен, бұл жерде негізгі насихат, қорғау, ұлықтау сол тізімге енгізген елдің жауапкершілігінде. Спорт түрлеріне келер болсақ, Ұлттық спорт қауымдастығына қарайтын құсбегілік спорты осы қатарға қосылған. Құсбегілік өнері әлемде бүркітпен байланысты елдерде, яғни Моңғолия, Ресейдің Алтай аймағы, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты осы аймақта кең таралған. Ал кіші құстармен байланысты аңшылық тұрғыдан қарсақ, Еуропада көптеген федерациясы жұмыс істейді. Олардың өздерінде де көбіне спорт емес, дәстүр, хобби немесе аңшылық ретінде дамыған. Құсбегіліктің Қазақстандағы бір ерекшелігі, бізде бұл дәстүрді спорт ретінде сақтап қалу бағдарламасы қабылданған. Құсбегілік – тек қана өнер, дәстүр емес, толыққанды спорт қатарына жатады», дейді Р.Жақсыбай.
Ұлттық спортты өз елімізде және шетелде дамыту үшін әр жылда Ұлттық спорт қауымдастығы аударыспақ, көкпар, теңге ілу және жамбы ату спорт түрлері бойынша Азия чемпионаты, әлем чемпионаты секілді ірі жарыстарды өткізіп келеді. Яғни осы спорт түрлерін дамытуда Қазақстан Орталық Азияда негізгі қозғаушы күш болып отыр. Қазіргі уақытта бүкіләлемдік көкпар қауымдастығы жұмыс істейді. Бұған 10 мемлекет мүше. Қазіргі уақытта Еуропаның бірқатар елі, Азияның өзге мемлекеттері де көкпарға қызығушылық танытуда.
Осындай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде, бұл күндері шетелдіктер құсбегілік, көкпар, бәйге секілді тағы басқа да ұлттық өнерімізге көптеп қызығушылық танытып жатыр. «Рейтинг тұрғысынан қарайтын болсақ, танымалдылық және қызығушылық бойынша, бірінші орында тұрған ұлттық спорт деп жамбы атуды айта аламыз. Екінші орында көкпар спорты тұр. Әзірге соңғы чемпионаттарымызға қарасақ, 10-нан аса елдің көкпар командасы бақ сынаған. Бұл қатарда көкпарды енді үйреніп жатқан Еуропаның елдері де бар. Шетелде танымал ұлттық спорт түрлерінің үштігін бәйге жарысы түйіндейді. Мысалы, көршілес мемлекеттерде болатын бәйгеде біздің де бәйгешілеріміз ат қосып жүрген жағдайы бар. Сонымен қатар бұл қатарға аударыспақ пен құсбегілікті де қосуға болады», дейді Рахат Жақсыбай.
Ұлттық спорт дегенде, Қазақ күресін айтпай кетуге болмайды. Бүгінде халықаралық Qazaq kuresi федерациясының ел аумағында ұйымдастыратын «Қазақстан Барысы» республикалық дәстүрлі бəсекесі брендке айналғалы қашан. Сонымен қатар қазақ күресінің аясын кеңейтіп, ауқымын арттыру мақсатында «Әлем Барысы», «Еуразия Барысы» сияқты ірі-ірі жарыстар ұйымдастыру арқылы төл күресіміздің мәртебесін жоғарылатып келеді. Өз кезегінде Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығы да әлем спортшыларының басын қосып, 2006 жылдан бері әлем чемпионатын ұйымдастырып келеді. Бүгінде бұл қауымдастықтың мүшелігінде әлемнің 50-ден аса елі бар.