Кейбір жағдайда көшпенділер танымында материалдық құндылықтарды да қазынаға телу бар. Демек қазақтың қазына туралы пәлсапалық байламы – қарапайым тілмен айтқанда, қоғамдық дамудың ұстындарына жататын материалдық һәм рухани құндылықтар. Яғни жеті қазына дәл мынау дейтіндей нақты тоқтам жоқ. Бірақ бұл ұғым халқымыздың ежелгі танымына сіңірілген – «жеті қабат көк», «жеті қабат жер», т.б. тұжырымдары негізінде «жеті» санына тұрақтап, басты құндылықтарды әртүрлі жеті жікке бөлгенінен аңғаруға болады.
Мысалы, өте ертедегі бір нұсқада күллі ғалам, жаратылысты, яғни – Аспан, Күн, Ай, От, Су, Жер, Ауа деп жеті негізге жіктеп, бұларды «Ұлы жеті қазына» деп таныған. Дәл осы ұстанымы қытайдың көне Дао ілімі арқылы Азия халықтарына тарап, ежелгі түркі бабаларымыздың да таным көкжиегіне әсер еткенін аңғарамыз. Жалпы, «жеті» адамзаттың тірек тұтатын саны. Мысалы, біздің заманымыздан бұрын 1500 жыл бұрын өмір сүрген вавилондықтар «жеті» санын кие тұтып, ғибадатханаларын жеті қат етіп жасаса, жеті қазына ұғымы ислам дінінде: Қызыр, Бақ, Ақыл, Ілім, Байлық, Денсаулық және Құранда айтылатын «Үңгір иелері» туралы аяттың тәпсіріндегі қытымыр атты Ит нұсқасымен толығады.
Ал қазақ халқының ұғымындағы жеті қазына қандай? Ғалым Ісмет Кеңесбаев ежелгі мифология жайлы еңбектерінде, ұлтымыздың ауыз әдебиеті мен пәлсапасында жеті саны киелі болып есептеледі. Мысалы, Тәуке хан тұсындағы ел басқарудың заң-жоралғысы «Жеті жарғы» аталуы тегін емес, дейді.
Сол сияқты ХІХ ғасырда өмір сүрген, атақты Бөгенбай батырдың шөбересі Саққұлақ би: «адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, жолаушысы – ой, жолдасы – кәсіп, қорғаны – сабыр, қорғаушысы – мінез, сынаушысы – халық, жеті қазына деген осы» десе, ал көп жағдайда халқымыздың тұрмыстық-рухани тіршілігі мен мәдениетіне өзек болған: Ақылды әйел, Жүйрік ат, Қыран бүркіт, Құмай тазы, Берен мылтық, Қанды ауыз қақпан, Өткір кездік осы жетеуін «жеті қазына» деп танып жүрміз.
Ал қаһарман тұлға Бауыржан Момышұлы атамыз жоғарыда айтылған жалпы халықтық ұғымға сіңірілген қазыналарды талдай отырып, бұлар ер-азаматтың жеке басына, тұрмыс-тіршілігіне қажетті құнды дүниелер екенін айтып, жігіттің жеті қазынасын былай деп түсіндіреді: «1. Жүйрік ат – жігіттің қанаты. «Ат – ер қанаты» дегендей, атсыз жігіттің күні қараң болған; 2. Қыран бүркіт – жігіттің алғырлығы, бүріп түсер күш-қуаты; 3. Құмай тазы – сенімі, досқа адал беріктігі; 4. Берен мылтық – оты, қаһары; 5. Қақпан – серті, бірсөзді мәрттігі; 6. Алмас кездігі – сұсы, айбыны; 7. Сұлу әйел – елдің бәріне сұлу қайдан табыла берсін, бірақ сұлу болсын-болмасын, ол – ер-азаматтың артындағы қамалы, отының берекесі. Сұлу әйел дегенде тек бет көркі емес, оның жан тазалығы, ақыл-парасатын айтады. Беті жылтыраған ұрғашының бәрі қазынаға жатпаса керек. Сөздің қысқасы, ер жігіттің басындағы осы жетеуі түгел болса, таршылық көрмейді, депті бұрынғылар».
Осы орайда, қазақтың этнографиялық сарынды туындыларының бірі «Аңшының әні» атты шағын ән-толғауда: «Жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы, Жігіттің оған құмар өнерпазы, Күлімкөз, оймақ ауыз бір сұлуға, Тарықпа ойда-жоқта қалсаң таңылып...» деген шумақта, жоғарыда Баукең атамыз жіктеп-жіліктеген қазыналардың сорабы айтылады.
Енді осы қазыналарға жеке-жеке тоқталар болсақ, жоғарыдағы жеті дүние бір ғана адамға тән бұйымдар. Демек бұл қазыналар жеке тұлғаға қажет жарақ ретінде, жігіттің сән-салтанатын толықтырып тұратын заттық құндылықтар. Атам қазақ ақылды һәм сұлу әйелді «Ақылды әйел – ырысыңның жартысы» немесе «Жақсы болса алғаның, Дүниенің шырағы...» деп сипаттаса, жүйрік атты «Ер қанаты – жүйрік ат» немесе «Жақсы жылқы – жан азығы» деген екен.
Сол сияқты, қазақ қыран бүркітті ер жігіттің сәніне баласа, құмай тазы, берен мылтық, қанды ауыз қақпан, өткір кездік бұлардың бәрі тұрмыстық мәдениеттің аса қажет жарақтары ретінде көшпенділермен бірге, біте қайнасып жасап келе жатқан дүниелер. Демек жеті қазына дегеніміз – жеті ырыс. Бұл қазыналар – заттық мұра ретінде адамның ақыл-ойын, амал-айласын жетілдіріп, табиғатпен етене үйлесімін, аңғарымпаздығын арттыратын дүниелер. Бір сөзбен айтқанда, «Итті алып, аңға шықса, құсты біреу, Еріне алтын балдақ етіп тіреу, Жігіттің бес күн жарым ғұмырында, Па, шіркін, болсын деген бұл бір тілеу» деп әнде айтылғандай адамның ақыл-парасаты мен сән-салтанатын ұштайтын баға жетпес құндылықтар.