Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының үстіміздегі жылдың 16 наурызындағы Жолдауы Жаңа Қазақстанның жаңа тарихындағы халқымыздың рухын асқақтатып, елдік туын көкке көтерген ерекше Жолдау болды. Жолдаудың әр тармағы, әрбір жолы таратып айтар жасампаздық бағдарға, үміт пен мақсатқа толы.
Жұртшылықты жақсылыққа жұмылдырған сондай ұсыныс пен шешімдердің шоқтығы биіктері – еліміздің кең байтақ жерінде жаңа әкімшілік өңірлердің, атап айтқанда Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының шаңырақ көтеруі – сөз жоқ, ерекше тарихи оқиға болды дер едім.
Сондай-ақ болашақ Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы ұлтымыздың ардақты перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың атымен аталып, Алматы қаласы барын ескеріп, жаңарған облысқа Қонаев есімі берілсе да артық емес.
Дінмұхамед Ахметұлы өз заманында өткен ғасырдың 1936 жылы ол кезде қазақ баласының қолы жете бермейтін Мәскеудегі түсті металл және алтын институтын бітіріп, Балқаштағы Қоңырат руднигінде еңбек жолын кен қазатын машинаның машинист-механигі, мастерінен бастап, Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында ірі кен басқармасының өндіріс басшысы болды. Ұзақ жылдар республика Үкіметі басшылығында, Қазақ КСР-ы Ғылым Академиясының президенті, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, КОКП Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі қызметтерін ел мүддесінде зор абыроймен атқарды. Димекеңнің тұсында біздің республикамызда өнеркәсіп кешендері кеңінен қанат жайып, аграрлық сала өркендеді. Егіс далалары мен мал шаруашылығында 2 мыңнан астам совхоз бен 5 жүзге жуық колхоз жұмыс істеп, елді азық-түлікпен қамтамасыз етуге үлестерін қосты. Қапшағай, Теміртау, Рудный, Степногорск, Риддер, Хромтау, Балқаш, Қаратау, Кентау, Ащысай, Текелі, Ақсу (Ермак), Ақтау (Шевченко), Екібастұз сияқты сан салалы өнеркәсіп қалалары тікелей Дінмұхамед Ахметұлының бастамашылығымен, қамқорлығымен бой көтерді. Халықтың әлеуметтік тұрмысы жақсарды. Республикамызда әрбір азаматтың міндетті орта білім алуы, тегін денсаулық сақтау жүйесі жолға қойылды. 30-шы жылдардағы саяси қуғын-сүргін зардаптарынан 60-жылдардың «жылымығы» кезеңінде жоғары оқу орындарына, ғылыми институттарға жол ашылып, ғылым өрістеп, өркендеді. Өнер, мәдениет, әдебиет жаңа тыныс алып, талантты буын өкілдерінің шығармалары жарық көре бастады. Ол дәуір де халқымыздың тарихының өткен жылдары мен жолдары.
Президент өз Жолдауында да, одан бұрынғы сөздерінде де бүгінгі жаңа кезеңге бет алып тұрғанда осының алдындағы мемлекеттік тәуелсіздігіміздің жеткен жетістіктерін сақтай, бағалай білу маңыздылығына да айрықша назар аударып келеді. Бұл өте орынды әрі болашаққа қажет дүниетаным.
Саясаттың, ел басқару ісінің қарама-қайшылыққа толы ұстараның жүзіндей қылпылдаған қыл көпірімен өту де кез келген пенденің басына беріле бермейтін әрі бақ, әрі сынақ. Ел басқарған қызметтің, еңбектің тұтас елге жағуы да мүмкін емес. Біреу жақтырған шешім екінші біреуге жақпай жатуы да табиғи. Алайда барлық іс-әрекет тек адалдықпен, мейлінше әділдікпен атқарылуға тиіс. Халық игілігіне адал еңбек еткен арда перзентіміздің бірегейі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев.
Қасым-Жомарт Кемелұлы үлкен парасаттылықпен Қонаевқа құрмет көрсету арқылы тарихымыздың алдыңғы буын заманына, республикамыздың өсу жолдарына құрмет көрсетіп отыр.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері