Түрлі түсті ғажайыпқа толы доп дидарлы дөңгеленген дүниеде әр ұлтты өзгеден ерекшелеп тұратын өзіне тән сын-сипаты, салт-санасы болады. Өзіміз өз болып, дархан даламыздың шет-шетін шегендеп дербес ел болғалы әлемге атымызды әйгілеген небір үлкен жетістіктеріміз баршылық. Мұның ішінде төрткүл дүние түгел таңдай қағатын, ешкім шәк келтіре алмайтын ең-ең ғажап жетістіктеріміз тайға таңба басқандай Гиннесс рекордтар кітабында айшықталды. Бұл қатарда басқадан бөлек, өзгелер қайталай алмайтын өзіндік ұлттық рекордтарымыз бар.
Теңізге тіке шыға алмайтын теңдессіз ел
Бағымызға нәсіп болып бұйырған байтақ жеріміз бен бай дәстүріміз «Нағыз қазақ осы, міне, танып қой» деп ауыз толтырып айтарлықтай толайым табысымызға арқау болды. Осы орайда Гиннесс рекордтар кітабындағы жетістіктерімізді жіпке тізгендей тарқатпас бұрын алдымен Қазақстанның ел ретіндегі өз рекордын атап өткен жөн.
Дүниежүзінің картасынан ойып тұрып орын алған тоғызыншы территория – Қазақстанның иен даласы әлемдегі ең беделді кітапқа да енуіне себеп болды. Біздің еліміз Гиннессте «теңізге тіке шығар жолы жоқ құрлықтағы ең үлкен мемлекет» болып тіркелген.
Айрықша аэробикалық жаттығу
Бүгінгі таңда әлемнің түкпір-түкпірінде бірнеше адам біркелкі жасайтын түрлі қимыл-қозғалыс флешмоб ретінде трендке айналып тұр. Осы үрдісті жиырма жылдай бұрын бастаған біздің елдің ұландары тағы бір рекордты тіркеген екен.
2003 жылдың 27-ші қыркүйегінде Қазақстанда саламатты өмір салтын насихаттау үшін өткізілген аэробикалық жаттығу рекордтар кітабына енді. Елдің барлық өңірінде бір мезетте 4 млн 845 мың 98 адам радиодан берілген әуен арқылы қимылдаған шара «әлемдегі ең көп адам қатысқан аэробикалық жаттығу» ретінде танылды.
Ең ірі шатыр
Алып мөлдір шыныдан жасалған «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы әлемдегі шатырлы ең биік ғимарат ретінде Гиннестің рекордтар кітабына кірген. 2010 жылы 6 шілдеде ашылған ғимараттың биіктігі – 150 метр.
Бұл сәулет туындысы – бір шатырдың астында әлем деңгейіндегі сауда, ойын-сауықты біріктірген бірегей орталық. Нысан күн сәулесін өткізетін мөлдір шыныдан және полимерлі жабынмен бекітілген болат темір арқаннан құрастырылған. Арнайы химиялық құрам шатырдың кеңістігін температураның ауытқуынан қорғап, нысан ішіндегі микроклиматты сақтап тұрады. Осы және өзге де технологиялардың арқасында «Хан Шатыр» әлемдегі он эко-ғимараттың қатарына енді.
Оңтүстік полюске ең тез жеткен қазақтар
Көшіп-қонып тіршілік еткен ширақ халқымыздың болмысы қандай сапарға болсын бейім келеді. Мұның бір дәлелі – 2011 жылы желтоқсанда Қазақ географиялық қоғамы 108 сағатта 2 308 шақырымды еңсеріп, Оңтүстік полюске алғашқы автомобиль экспедициясын ұйымдастыруы болды.
Бір қызығы, қазақстандықтар бұл сапарға ғылыми зерттеу үшін аттанған екен. Бір жылдан кейін Гиннесс кітабының комиссары арнайы сертификат тапсырып, ойламаған жерден бұл саяхат рекорд деп танылыпты. Осылайша, «Оңтүстік полюске құрлық арқылы жеткен ең тез орташа жылдамдықтағы сапар» рекорды да – біздің, еншімізде.
«Қара жорға» да қара үзді
2011 жылы 16 желтоқсанда еліміздің бір топ жастары жаппай «Қара жорға» биін биледі. Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған бұл флешмоб кейін Гиннесстің рекордтар кітабына тіркелді.
Осылайша тәуелсіздік ұландары егемен еліміздің атын ұлттық сипатымызды көрсететін тағы бір ұлттық дүниемізбен шығарды. Астанадағы «Хан Шатыр» орталығында өткен жаппай «Қара жорға» биіне 399 жас қатысқан.
Ең мол бауырсақ
2014 жылы 7 қыркүйекте Алматы қаласында жалпы салмағы 856 кг болатын ең көп бауырсақ пісірілді. Бауырсақтарды пісіруге 650 кило ұн, 650 литр өсімдік майы, 450 литр су, 15 кило тұз, және 15 кило қант жұмсалды.
Аталған рекордты тіркеу үшін Лондоннан арнайы келген Гиннесстің ресми өкілі Пателья Правина мұқият бақылаған.
«Астан үлкен емес шығарсың?!»
Қазақ – «астан үлкен емес шығарсың?» деп асты ерекше әспеттейтін халық. Осы сөзді тура мағынасында да қабылдауға болатындай әлемдегі ең үлкен асымыз – «Хан Шатырдың» етегінде пісірілді. Бұл өзіміздің ет асуымыз еді. Аталған рекордқа дейін дәл осы «Хан Шатырда» әлемдегі ең үлкен ет асылған. Бірақ Гиннестің рекордтар кітабының ресми өкілдері жылқының сойылуына қарсы болып, алғашқы рекордты санамай қойды. Әйтсе де бұл мақсат түптің түбінде орындалды.
2015 жылы 6 шілдеде елорданың 17 жылдығына орай салмағы 736 келі тартатын ет асылды. Бұл жолы кітаптың ресми өкілдері жылқы союға рұқсат берді. Тамақ үшін үлкен тайқазан Түркістаннан арнайы әкелінді. Онда 700 кило ет, 17 қап пияз, 300 килоқамыр пісірілді. Әлемдік рекордтар кітабының өкілдері рекордты «Мемлекеттің басты ұлттық тағамының дайындалуы» деген атаумен тіркеді.
10 мың литр қымыз
2019 жылы Қазақстанда қымыз пісуден әлемдік рекорд орнатылды. Ауқымды іс-шараны Қарағанды облысының шаруалары Жаңаарқа ауданының 90 жылдығы және Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай ұйымдастырды. Бұл іс-шараға 12 ауыл және 2 кенттен келген 1000 адам қатысты. Олар бір мезгілде 10 мың литр қымызды 1 мың күбіде дайындады.
«Мен осы рекордты жазып алу үшін Кубадан арнайы келдім. Бұл сусынның дайындалу көлемі, қатысушылар саны және пайдаланылған ыдыс бойынша саналады. Бізде сан алуан түрлі рекордтар бар, алайда мұндай рекордты алғаш көруім. Біз барлығын тексеріп, өлшеп алдық. Бір ай ішінде нәтиже ресми сайтымызда жарияланады», деген еді сол кезде Гиннесс рекордтар кітабының өкілі Юделькис Диас.
Ұзындығы 100 метр қазы
Қазақтың ұлттық құндылықтарын Қазақстанның шекарасымен өлшеуге әсте болмайды. Салт-дәстүріміздің қаймағын бұзбай қалтқысыз сақтаған Қытайдағы қазақтарымыз да Гиннесс рекордтар кітабы арқылы ұлтымыздың ерекшелігін көрсетті. Соның бірі – ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Болат Бейнелұлы мен Гүлзат Азанбекқызының ұзындығы 100 метр, салмағы 1 тонна қазы жасағаны. Бұл еңбек 2008 жылы Гиннесс рекордтар кітабына енді.
Болат Бейнелұлы бұл рекордты Қытай мемлекетінің атынан тіркетуге қарсы болып, ақыры қазақ халқының төл мұрасы ретінде куәлік алған.
Күй орындаудың рекорды
Бір сәтте жаппай күй орындаудың рекорды – Қытайдағы қандастарымыздың еншісінде. 2010 жылы Шыңжаң өңіріндегі Толы ауданының 10 мың домбырашысы бір сәтте қазақ халқының «Кеңес» күйін орындап, Гиннесстің рекордтар кітабына тіркелді.
Ең кішкентай домбыра
Қытайдағы тағы бір қандасымыз Болатбек Кәрімханұлының 2012 жылы жасаған кішкентай домбырасы «Әлемдегі ең кішкентай аспап» ретінде Гиннесстің рекордтар кітабына енді.
Домбыраның ұзындығы – 45 миллиметр, ені – 14 миллиметр.