• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Кино 21 Наурыз, 2022

«Ақын» фильмінің тұсауы кесілді

328 рет
көрсетілді

Алматыдағы Chaplin Mega Alma-Ata кинотеатрында режиссер Дәрежан Өмірбаев түсірген «Ақын» фильмінің тұсаукесері өтті. Мәдени іс-шараға киностудия басшылығы, фильмнің түсіру тобы мен БАҚ өкілдері қатысты.

Өзінің алғысөзінде «Қазақ­фильм» киностудиясының пре­зи­денті Ақан Сатаев «Ақын» фильмі­нің шығармашылық тобын тұсау­кесермен құттықтап, кар­ти­на­ның алғашқы көрсетілімі То­кио­да­ғы халықаралық кинофес­тиваль шең­берінде өткенін және бұл байқауда Дәрежан Өмірбаев «Үздік режиссер» жүлдесімен мара­пат­тал­ға­нын атап өтті. Сонымен қатар Ақан Сатаев аталған кинотуынды жа­қын­да ғана өткен Халықаралық Бер­лин кинофествалінің «Форум» бағдарламасында көрсетілгенін еске салып, фильмнің алар асулары әлі алда екенін айтты.

Естеріңізге сала кетсек, «Ақын» фильмі технологиялар дамы­ған қазіргі заманда өнердің қоғам­да алатын орны туралы ой қоз­ғап, поэзияға сұраныс азайған дәуір­де ақынның күйініші туралы сыр шертеді. Қазақ халқының XIX ғасырдағы ең көрнекті ақын­дары­ның бірі Махамбет Өтемісұлының қилы тағдыры жайында ойға бат­қан басты кейіпкер нәзік жүрек­ті ақындардың өмірі қашанда қиын болғанын түсінеді.

– Неміс жазушысы Герман Гес­сенің «Авторлық кеш» атты әңгі­месін  оқыған соң фильмнің сце­нарийін жазуға кірістім. Кейін қолы­ма қазақтың белгілі ақыны Ма­хамбет Өтемісұлының өмірі мен өлімі туралы тың деректермен толықтырылған кітап түсті. Оны оқып шығып, фильмнің сцен­а­рийіне қостым. Осылайша, «Ақын» фильмі дүниеге келді, – деді режиссер Дәрежан Өмірбаев.

Фильмдегі басты рөлді «Жігіт­тер» тобының солисі Ердос Қанаев сомдады. Белгілі әнші «Жігіттер» квар­тетіне биыл 20 жыл толатынын және осы уақыт аралығында кө­рер­мендермен алғаш рет киноактер ретінде қауышып отырғанын айтты.

– Басында бұл рөлге басқа ак­тер бекітілген болатын. Кейін ка­ран­­тин кезінде кастинг-дирек­тор Ердос Қанаевтың кандидатура­сын ұсынды. Бірнеше рет камераға түсіріп көрдік те, нәтижесінде Ер­дос­ты таңдадық. Оны әнші болғаны үшін таңдағанымыз жоқ. Дегенмен кей­бір сахналарды түсіргенде оның шы­ғармашылыққа жақын бол­ғаны көмек боды, – деді режиссер.

Сонымен қатар Дәрежан Өмір­баев «Ақын» фильмі жақын бола­шақта басқа да халықаралық бедел­ді кинофестивальдар шеңберінде көрсетілетінін хабарлады.

Айта кетсек, фильмнің түсіру жұмыстары 2020 жылы басталды. Негізгі түсірілімдер Алматы және Алматы облысында, сондай-ақ Атырау облысында жүргізілді.

Естеріңізге сала кетсек, атал­ған ки­нотуындыны Мәдениет және спорт министрлігінің тапсыры­сы бо­йын­­ша «Ұлттық киноны қол­­­­дау мем­­лекеттік орталығының» қол­да­уы­­­­мен «Ш.Айманов атындағы Қазақ­­фильм» киностудиясы түсірген.